16.03.2026, 22:00
Оқылды: 5

Күй анасына тағзым

Бүгін Дина Нұрпейісова атындағы көшеде қазақтың домбыра өнерін асқақтатқан ұлы тұлғаның туғанына 165 жыл толуына орай «Дина елі» атты тағылымды шара өтті.
image-16-03-26-09-35
Рухани кештің басты мақсаты – күй анасының өмірі мен шығармашылық мұрасын дәріптеп, жас ұрпаққа ұлттық өнердің қадір-қасиетін насихаттау.
Кездесу барысында қонақтарға ұлы күйшінің өмір жолы мен шығармашылық мұрасы туралы кеңінен мәлімет беріліп, оның ұлттық күй мұрасына қосқан өлшеусіз үлесі жөнінде айтылды. Сонымен қатар «Күйменен өрнектеген өз ғасырын» атты кітап көрмесі ұйымдастырылып, ұлттық ойындар мен Наурыз мерекесіне арналған жәрмеңке өтті.
Алдымен сөз аудан әкімі Алпамыс Көшкінбаевқа берілді. Ол күй өнерінде өшпес із қалдырған Дина Кенжеқызының шығармашылығы ұлттық мәдениетіміздің баға жетпес мұрасы екенін атап өтті. Сондай-ақ күй майталманының өмірі мен өнері жас ұрпаққа өнеге болып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуде айрықша маңызға ие екенін жеткізді.
Одан кейін қонақтарға қазақы дәстүрге сай ақ пен бауырсақ ұсынылып, ақ дастархан жайылды. Бұл халқымыздың қонақжайлық салтын айшықтап, кештің мазмұнын толықтыра түсті.
Келесі кезекте Қ.Жантілеуов атындағы балалар музыка мектебінің ұжымы Дина әженің күй қорынан туындылар орындап, көрермендерге ерекше әсер сыйлады. Жас өнерпаздардың домбырадан төгілген әсем күйлері ұлттық күй қазынасының бай мұрасын тағы бір мәрте дәріптеді.
Келесі сөз Д.Нұрпейісова көшесінің байырғы тұрғыны, күй анасының ұрпақтарының бірі Бақыт Байболсыноваға берілді. Ол атақты күйшінің өмірі мен өнер жолы туралы естеліктерімен бөлісіп, оның мұрасы қазақ халқының рухани қазынасы екенін атап өтті.
Аудандық ардагерлер кеңесінің алқа мүшесі Рая Қайратқызы Бақыт әжемізге қазақтың дәстүріне сай ақ орамал жауып, естелік сыйлық табыстады. Сондай-ақ ол көшенің байырғы тұрғындары – ақсақалдар мен ақ жаулықты әжелерге естелік сыйлықтар ұсынды.
Даңқты күйшінің мұрасын кеңінен насихаттауға үлес қосып жүрген Д.Нұрпейісова атындағы ЖОББ мектебінің директоры Гүлбар Шуақбаева сөз алып, ұлы күйшінің өмірі мен шығармашылығы жайында тың деректермен бөлісті. Ол өнер иесінің жүрген жерлерін қамтыған тарихи-танымдық экспедиция туралы айтып өтті.
Сонымен қатар Гүлбар Тұрланқызы қазақтың салт-дәстүріне сай кішкентай бүлдіршіннің тұсауын кесіп, ақ тілегін арнады.
Кеш аясында Дина әжеміздің балалық шағынан сыр шертетін тағылымды қойылым көрсетіліп, оның өнерге алғаш қадам басқан кезеңі бейнеленді. Бұдан бөлек, әндер шырқалып, күйлер орындалды.
image-16-03-26-09-35-1
Жиында аудандық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Фазыл Сатқалиұлы құттықтау сөз сөйлеп, жиналған қауымды айтулы мерекемен құттықтады. Ол даңқты күйшінің қазақтың күйшілік дәстүріндегі орны ерекше екенін айтып, оның мұрасын кейінгі ұрпаққа жеткізудің маңыздылығына тоқталды.
Сондай-ақ «Қазақтелеком» мекемесінің ұжымы Қажығалиевтер мен Рахимовтар отбасына Наурыз мерекесіне орай наурыз қоржын табыстады.
Келесі сөз тізгініне ие болған Рая Апахаева күй өнерінің майталманы қалдырған мұра ұлт руханиятының асыл қазынасы екенін атап өтті.
Іс-шара соңында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Қайырғали Жайымов Көпжасар ауылынан келген Халықтық «Ақ әжелер әуені» ансамблінің мүшелеріне алғысхаттар мен естелік сыйлықтар табыстады. Сонымен қатар қатысушылар мен қонақтарға ақ батасын берді. Тағылымды шараны тамашалауға келген ауыл тұрғындары арқа-жарқа болып, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты.
Райхан Амантайқызы
Жаңақала ауданы
Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале