29.08.2024, 22:30
Оқылды: 37

Құйрық майдың пайдасы қандай?

Халқымыз ежелден қойдың құйрық майын түрлі мақсатта пайдаланған. Жаңа туған сәбиді майлап, босанған аналарға ішкізген. Алайда кейінгі кезде құрамында холестерин бар деп құйрық майды қолданушылар азайып кетті. Көпшілігі өсімдік майын тұтынады. Ал медицинада құйрық майдың пайдасы ұшан-теңіз екен.

0A8380B4-A9F7-43F9-ADF4-FA905C5D8BDE

Сурет: pixabay.com

Тұрғындарды дұрыс тамақтануға үйретіп жүрген дәрігер құйрық майдың пайдасы өте көп екенін айтады.

– Майдың құрамында адам ағзасына қажетті дәрумендер мен минералдар тұнып тұр.

Құйрық қанша майлы болса да ас қорыту жүйесіне өте жеңіл сіңіріледі. Майдың құрамында пайдалы амин қышқылдары, В тобының және А, Е, яғни дәрумендердің өте көп түрі бар. Цинк, селен, фосфор, магний, яғни ағзаға қажетті көптеген минералдарға бай, - дейді дәрігерлер.

Құйрық майдан адам ағзасына жақсы әсер беретін холестеринді алуға болады. Мәселен, өсімдік майының кейбір түрін жоғары температурада қыздыруға болмайды. Ал құйрық май мен іш майды жоғары температурада қыздырсақта құрамын өзгертпейді. Яғни қайнатып, қуырып, қақтап, тіпті шикілей тұтынсақ да майдың табиғи құрамы бұзылмайды.

Құйрық май – қаныққан және қанықпаған қышқылдардың табиғи көзі. Ағзадағы горомондар майлардан түзеледі.

Егер құйрық майды көбірек жейтін болсақ, гормондар синтезделеді. Құйрық майдан бөлінген холестерин жаңа гормондардың бөлінуіне тікелей септігін тигізеді. Ерлердің жыныстық белсенділігін арттырса, әйелдердегі бедеулікке ем екен.

Дәрігерлердің айтуынша, май асқазан, ішек жолдарының қызметін жақсартады. Өтті сұйылтып, оның жақсы бөлінуіне септігін тигізеді.

Кішкене күнімізде түшкіріп, қызулай қалсақ құйрық майды шыжғырып, кеудемізге айналдыра жағып, жылы орап тастайтын әжелеріміздің емінен соң жүгіріп кететінбіз. Кешегі ковид кезінде де ауру жұқтырғандардың бірі мен едім. Тұрақты ем-дом алумен қатар кеудені қысқан жөтелден өз басым осы құйрық майды ыссылай шыжғырып жағудың арқасында жеңіл құтылдым деп ойлаймын.

Ыстықтай жағылған құйрық майдан кейін жылы оранып жатып, ағыл-тегіл терлегенде іштегі ауру да бірге шығып, тыныс алуың жеңілдеп, деміккенің де басылып қалады екен. Көпшілігі ковидке құйрық май да ем дегенде бастарын шайқап жатады, дәрігерлер де құп көре бермейді.

Бірақ оқымаса да ем-домның неше атасын білетін ата-бабамыздың ежелгі емдеу әдістерінің ішінде осы құйрық майға ерекше орын берілуінің өзі көп нәрсені аңғартса керек. Әрі ол тамақтың да дәмін келтіруші. Бабымен тұздалған құйрық май кез келген астың көркі, дәмі де тіл үйіреді, әрі жүрекке де тимейді.

Ендеше, дәрі-дәрмекке көп ден қоя бергенше ұлттық құндылықтарымыздың, табиғи таза өнімдеріміздің де пайдасын естен шығармайық.                                                                                                   

Гүлназ Мұқан

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале