Теректі ауданына қарасты Подстепный ауылында ақын, ұстаз Дариға Мұштанованың «Әз ғұмыр» атты кітабының тұсаукесері өтті.
Күй атасы Құрманғазының өмірі, күйлерінің тарихы суреттелетін кітап оқырманға жол тартты. Кітаптың тұсауын танымал журналист, өлкетанушы Тихон Әліпқали және өлкетанушы Сара Танабаева кесті.
Кештің шымылдығын «Құрмет» орденінің иегері, дирижер Еркін Нұрымбетов жетекшілік ететін Подстепный балалар саз мектебінің үлгілі ұлт-аспаптар оркестрі ашты. Олар Құрманғазының «Балбырауынын» және Н.Тілендиевтің «Әлқисасын» орындады.
Одан соң кеш иесі Дариға Ғазезқызы сахнаға көтеріліп, «Әз ғұмырды» жазуға не түрткі болғанын, идея авторлары туралы, кітап жазарда ақиқаттан алыстамағанын ерекше атады. Кітаптағы кейіпкерлерге тоқталды. Күй атасынан бөлек, Құрманғызының әкесі Сағырбайдың сабырлылығы, Алқа анамыздың көрегенділігі, Ақмандай мен Әуездің сұлулығы, Пішенбай мен бала Мишкінің аңғалдығы, Наурызбайдың шеберлігі, Айша мен Қабдырақымның бауырмалдығы, Лауішкеннің достыққа адалдығы, Қашаған жыраудың данышпандығы, сол кезеңдегі бай-шонжарлардың тойымсыздығы сөз болды.
Облысымызға танымал күйшілер Едіге Нәбиев пен Асқар Кенжеғалиев тұсаукесерге арнайы келіп, күй орындап, домбыраның қоңыр үнімен көрермен бойына қан жүгіртті.
-Мынау «Әз ғұмырдың» бар ғой, жаны бар кітап. Құрманғазы бабамыздың бейнесі ғана емес, өзі бар сияқты ішінде. Осы кітаптың жазылу, шығу, таратылу жолында түрлі-түрлі хикаялар кездесіп жатты. Аумаған бабаның өзі. Толған бөгет, бөгесін, толған арпалыс және жеңіп шығу. Барып-барып, тұтқиылдан тесіп, тұйықтан алып шығады Алланың пәрменімен! Ең бастысы, оқып шыққандар риза болып жатыр. "Жеңіл де қызық, тартымды, бас алмай оқи бергің келеді..." деген баға беруде. Мақсатым да сол ғой, тамылжыған проза тілімен Құрманғазы сынды еренғайыптың ғажайып өмірін ұрпаққа жыр қылып жеткізу, - дейді Дариға апа бір сөзінде.
Тұсаукесерге кеп, жылы лебізін білдіргендердің қатарында дәстүрлі әнші, термеші, ҚР мәдениет саласының үздігі Зияш Шайхықызы, ақын, Қадыр Мырза Әли атындағы мәдениет және өнер орталығының директоры Бауыржан Халиолла, облыстық халық шығармашылығы орталығының басшысы Мәулет Жұбатов және сазгер Гүлбаршын Қасиетова болды.
Теректілік талант Әділет Жолдығали «Кішкентай» күйін күмбірлетсе, «Әз ғұмырдан» ауданымыздағы халықтық «Дат» театры әртістері қойылым ұсынды.
-Теректіден қазақылықтың иісі шыға бастады. Бұл қуантарлық жайт. Дариғаның жүрегінің түгі бар. Әйтпесе, Құрманғазы бабамыз туралы қазақ тілінде әлі ешкім көсіліп көрмеп еді. Тарихы «Әз ғұмырда» көрініс табатын Подстепныйда осы кештің өтуі де заңды құбылыс. Кітап жазу – ізденісті, талмай еңбектенуді қажет етеді. Дариға екі жылдың көлемінде осы кітап үшін еңбектенді. Құрманғазы бабамыз болып оянып, Құрманғазы бабамыз болып көз ілді. Оған тылсым күш белгі берді. Құрманғазы бабамыздың туған жеріне, жерленген жеріне де аяқтай барды. Күйші басқан құмдарды кешіп өтті. Құнды деректерді өзі жүріп жинап алды. Сондықтан бұл кітапта ақиқат салтанат құрған, - деді ардагер журналист Тихон Әліпқали.
Шара соңында теректіліктердің лебізі мен құттықтауын аудан әкімі Әділ Жоламанов жеткізді.
Әділет Орынбасаров
Теректі ауданы
zhaikpress.kz
Батыс Қазақстанның маңызды жаңалықтарын біздің Instagram-дағы парақшамыздан және Telegram арнамыздан алғашқы болып біліңіздер