28.12.2025, 14:30
Оқылды: 81

Құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын күшейтуді тапсырды

Казталов аудан әкімдігінің үлкен мәжіліс залында құқық бұзушылық профилактикасы жөніндегі ведомствоаралық комиссияның кезекті отырысы өтті. Отырысқа аудан әкімі Асланбек Сарқұлов төрағалық етті.

FB_IMG_1766837140347

Комиссия отырысының күн тәртібінде үш мәселе қаралды. Атап айтқанда, жастар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша атқарылған жұмыстар, 2025 жылы құқық бұзушылық профилактикасы бағытында жүзеге асырылған іс-шаралар және ведомствоаралық комиссияның хаттамалық тапсырмаларының орындалу барысы талқыланды.

Аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы жастар арасында құқықбұзушылықтың алдын алу бағытында жүргізіліп жатқан жұмыстарды сынға алып, нақты нәтижелі жұмыс істеу керектігін ескертті.

Екінші мәселе бойынша Казталов аудандық полиция бөлімінің басшысының орынбасары Азамат Аубекеров баяндама жасады. Оның айтуынша, 2025 жылдың басынан бері аудан аумағында 57 қылмыс тіркеліп, олардың 72 пайызы ашылған.

FB_IMG_1766837149228

— Қоғамдық тәртіп пен азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жедел-профилактикалық іс-шаралар тұрақты түрде өткізілуде. Әкімшілік құқық бұзушылықтардың алдын алу бойынша 3094 тұлға жауапкершілікке тартылды. Мас күйінде құқық бұзушылық жасау, қоғамдық тәртіпті бұзу және отбасылық-тұрмыстық қатынастар аясындағы заң бұзушылықтарға ерекше назар аударылды. Алкоголь өнімдерін заңсыз сату бойынша 9 факті анықталып, кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды, — деді ол.

Сонымен қатар отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында 70 қорғау нұсқамасы шығарылып, сот шешімімен 23 құқық бұзушыға ерекше талаптар қойылған. Ал кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіліп, жасөспірімдердің қатысуымен қылмыс тіркелмеген.

Аудан әкімі Асланбек Ахметоллаұлы құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы жұмысты күшейтуді, мекемелер арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіруді және жастар мен отбасыларға қатысты профилактикалық шараларды жүйелі жүргізуді тапсырды.

— Құқық бұзушылықтың алдын алу – барлық мемлекеттік органдардың ортақ міндеті. Бұл бағыттағы жұмысты формалды түрде емес, нақты нәтижеге бағыттап жүргізу қажет. Әсіресе жастар мен отбасылар арасында құқық бұзушылықтың алдын алу шараларын күшейтіп, жауапты мекемелердің өзара іс-қимылын жүйелі жолға қоюды тапсырамын, — деді аудан әкімі.

Асылбек Нәсіпқали
Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале