5.05.2022, 15:45
Оқылды: 39

Құқықтық сауаттылық қарқын алса игі

Бөкей ордасы ауданы әкімдігінде облыстық әділет департаментінен келген лауазымды меймандармен өткен алқалы жиын «Құқықтық мәдениет» жобасының жүзеге асуына бағытталды.

279249631_2853730871440003_2181567060932866143_n

Аталмыш делегацияны бастап келген БҚО әділет департаментінің тіркеу және халыққа заң қызметін көрсету бөлімінің басшысы Гүлдана Нұржанова әр ауылдық округте әкімшіліктің лауазымды тұлғасына сенімхатты, қол қоюшыны растау сынды төрт нотариаттық қызметті көрсетуге мүмкіндік берілгендігін айтып, оның артықшылығы ауыл тұрғынына қолжетімділігі және ұсынылатын қызметтің нотариус қойған тарифінен едәуір арзандығында екеніне баса назар аударды. Оның себебін де жасырмады.

279189950_2853731218106635_4277344693932773482_n — копия

- Өйткені лауазымды тұлғалар қызметі үшін ақы алмайды. Олар тек мемлекеттік бажды ғана төлеуді талап етеді. Ал нотариус мемлекеттік бажға қоса заңдылық қызмет үшін ақы қосады. Мәселен, лауазымды тұлғаға жеке азамат сенімхатты растатар болса, ол не бары 306 теңге төлесе, сол қызметті нотариустан алатын болса, онда 3369 теңге төлейді екен. Заңды тұлға сенімхатты растатса, нотариуста 7658 теңге, ал ауылдағы лауазымды тұлғада 1532 төлейді. Алайда екі қызметтің де заңдылық күші тең екенін айта кетелік. Себебі лауазымды тұлғалар да өз қызметіне лайықтылығын растау мақсатында екі жылда бір рет әділет департаментінен аттестациялаудан өтеді. Бөкей ордасында қазіргі таңда лауазымды тұлғаның қызметін тек 128 рет қана пайдаланған. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, өзге аудандарда бұл аудан көлемінде көрсетілетін емес, ауылдық округ аймағындағы көрсеткішке тең болып отыр. Бұл өте аз көрсеткіш деп есептейміз. Өйткені бұл нотариаттық қызметті көрсетуге құқығы бар лауазымды тұлғаларға жергілікті тұрғындарға ең қажетті деген қызметтерді көрсету ұсынылуда. Бұл негізінен мемлекет тарапынан шалғайдағы халыққа жеңілдік және жол шығынын, қызмет шығынын азайтуға бағытталған қадам. Осы игілікті дұрыс пайдалана білген жөн. Тек ескеретін жайт, лауазымды тұлғалар өздеріне рұқсат етілген төрт қызметті ғана ұсына алады. Өзге қызмет түрін нотариус атқарады. Осы ретте айта кетелік, бұрындары мүліктік мәселелер жергілікті нотариустің жетекшілігімен өтетін болса, қазіргі таңда ауылдағы мүлкіңді рәсімдеуді Алматыда, не Атырауда, еліміздің барлық түкпірінен заңды рәсімдеуге болады,- деп қатысушыларды тұрғындарды аталмыш жеңілдіктермен таныстыра жүруге шақырды Гүлдана Боранбайқызы.

279171413_2853731161439974_4404130388779337733_n

Аудандық мәслихат депутаты Бибігүл Жұмағұлова қазіргі таңда Жәнібек және біздің ауданға қызмет ететін бір адвокат аздық ететінін айтып, ауданның өз адвокаты болса деген, аудандық мәслихат хатшысы Лариса Қайырғалиева аудан тұрғындарының құқықтық сауаттылығы төмен екенін мәлімдеп, насихат жұмысын тиісті мамандар жүргізсе деген тілегін білдірді.

Шара барысында нотариустің қызметіне, қоятын тарифіне қатысты сауалдар қойылып, оған тиісті мамандар жауап берді. Мәселен, нотарус қызметінің құны барлық жерде бірдей, тек жер телімін рәсімдеуде қалалық және ауылдық тариф болып бөлінеді. Ол жөнінде облыстық нотариаттық палатасының жеке нотариусы Алмагүл Исабекова мәлімдеді. Жәнібек ауданына нотариустық қызмет көрсетіп жүрген Алмагүл Серікбайқызы көршілес Жәнібекте мобильді халыққа қызмет көрсету орталығы қызмет ететінін айтып, соның жүйелі жұмысы нәтижесінде ауданда жеке мүлікке қатысты құжаттар түгелдерлік соңғы талаптар бойында хатталғанын жеткізді. Осы ретте кей кезде өзі де қызмет көрсететін бөкейліктерге осы тәжірибені іске асырып, жеке мүлікті құжаттауды қолға алуға ұсынды. Себебі тұрғындар баспаналарын сатқанда не несие алу үшін кепілге салғанда көптеген кедергіге кезігіп жатады.

-Адвокат қылмыстық, әкімшілік, азаматтық істе құқықтық көмек көрсететін тұлға, ал заңгерлер тек азаматтық істе ғана құқықтық қызмет көрсете алады. Көмек пен қызметтің аражігін анықтап алған жөн, - деп баса айтты облыстық адвокаттар алқасының адвокаты Ерболат Шаумов.

Сонымен қатар Ерболат Хайырұлы әділет департаментімен келісімшартқа отырған адвокаттар алимент өндіру ісіне қатысты және зейнеткер, Ұлы Отан соғысына қатысушы, кәмелетке толмағандар, ата-ананың қамқорлығынсыз қалғандар, жетімдер, мүгедектер санатындағыларға тегін құқықтық көмек көрсетілетіндігін мәлімдеді.

Шара «Аманат» партиясындағы және халыққа қызмет көрсету орталығындағы жеке қабылдауға ұласып, келген тұрғындарға тегін заңгерлік қызмет көрсетілді. Сонымен қатар келген делегация колледж студенттері мен жастармен жүздесіп, оларды толғандырған сауалдарына жауап берді.

Раушан Жанатқызы,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале