Теректіліктер құлақтан кіріп, жүйкеге тиген «бытықанамен» алысып жүр. Иә, дәл солай. Көзіңді аша алмай, басыңды көтере алмай әлек боласың. Жалпы жаздан аман шығамыз ба? Мәселенің анық-қанығын білмек үшін аудандағы «осы жауапты-ау» деген мекемелерді шарладық. Дегенмен нақты ақпарат алмадық. Қысқасы, бәрі «біз жауапты емеспіз» деп қысқа қайырды.
Ашып айтсақ, аудан әкімінің орынбасары Дамир Ғұмаровтың айтуынша, былтыр шіркейді улаумен облыстық тұрғын үй, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі айналысқан. Ойда ештеңе жоқ, биыл да аталған бөлім қолұшын созар деп барсақ, аудандық бөлім мамандары мысқылдай жөнелді. Содан соң амал нешік деп, бұрылдық та, аудандық ветеринариялық стансасының директоры Алмас Юмабаевқа қоңырау шалдық. Оның да айтқаны сол тектес. Аудандық фитосанитариялық инспекциясы да, ат тонын ала қашты. Жалғыз санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Ләйла Ашықова жөн сілтегендей болды.
- Біздің басқарма қазіргі таңда улаумен айналыспайды. Бұл істі бәсекелестік ортаға берген. Яғни жыл сайын өзгере береді. Алдымен тендер ойнатылады. Мұқият тексеріледі. Содан кейін ғана құзырлы мекеме өз жұмысына кіріседі. Жалпы сулы мекендерде көп болады. Тасыған су арқылы көбейіп келді деп ойлаймын. Оларды улау уақыты да ұзаққа созылатын шығар, - деді.
Басымызды бүркеп, шүберекті саялап, саябаққа бара қалғанбыз. Мақсат – тұрғындармен пікірлесу. Есіл дерті ойын болған жасөспірімдерден өзге ешкім жоқ. Федоров мектебінің 7-сынып оқушылары Рамазан Ғинятов пен Диас Байболатов (суретте) шамырқанып отыр.
- Басымыз жанып кетті. Қыста киетін қалың бас киімімізді шығаруға тура келді. Былтыр мына бытықаналарға амалын тауып, шыдап көрген едік. Ал биыл мүлдем мүмкін емес. Саябаққа келгенімізге көп болмады. Қазір кері қайтамыз, - деді олар.
Оқушыларға қарасақ, кәдуілгі баскесерге ұқсайды. Бір қарағанда құдды кинолардан көретін ұрлықшы дерсің. Амал нешік, шіркейге қарсы келетін басқа қауқар жоқ бізде. Аудан орталығындағы дүкендерде бытықанадан қорғайтын арнайы бетперде де бірден өтіп кеткен. «Стамбул» сауда орталығына жақын арада келеді екен. Әзірге бағасы – 800 теңге. Ауыл тұрғыны, мұғалім Үміткер Орынғалиев:
- Мен тор бетпердені қаладан 1000 теңгеге сатып алдым. Қаланың өзінде тапшы. Адамдар таласа алып жатқанына куә болдым. Бетпердесіз жүру мүмкін емес. Қаптаған шіркей кейде одан да өтіп кетеді. Бір шара қолданылуы керек, - деді.
Фото: pixabay.com
Жанды да, тәнді де жеген мәселені қала деңгейінде өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында көтеріп жатқан қоғам белсендісі аз емес. Қала тұрғындарының атынан базынасын айтып, ауа жұтудан қалғандарын бірінен соң бірі жарыса жеткізуде. Тіпті қала әкімінің парақшасын белгілеп, тез арада шешілуін сұрап жатқандар да болды. Facebook желісіндегі «Оралдан не хабар» тобында талқыға түскен жайтқа қала тұрғыны Жанылдық Жүсіпова:
- Немерелерімді шығарып салып, қарсы алдым. Жағдай мынау... Енді шашқа, киімге жабысып, қоғамдық көліктерге бірге кіретін болды. Бір қыздың басына көзім түсті. Қан шыққанша тырнап тастаған. Әбден мезі қылған мәселені барымызша таратып, сурет, бейнелермен бөлісіп жүрмін. Көретін көз, тыңдайтын құлақ болса..., - деген пікір қалдырған
Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов та жауапты тұлғалардың қатарынан емес екен. Биыл улауды міндетіне алған облыстық энергетика коммуналдық басқармасы екенін жеткізді. Басшысы Мирас Мүлкай маман Қанат Өміралиевқа жүктеді бұл істі. Жекесіне жаздық, жауабын күттік.
Аудан әкімінің орынбасары Дамир Сансызбайұлының сөзіне жүгіне келе, ауданда дәл осы шіркейге тосқауыл қоятын мекеменің жоқтығын білдік. Ең бірінші облыс қам жасауы қажет. Кейін сұраныс бойынша аудандарға келеді.
Ақтілек Әлібекұлы,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz