Казталов ауданындағы С.Садықов атындағы мәдени-демалыс орталығында “Қожа” әзіл-сықақ театрының құрылғанына 20 жыл толуына орай “Күлкімен өрілген өмір” мерекелік концерті өтті.
Жаман әдет, жат қылықтан аулақ болуға шақыратып, өткір әзілдер арқылы қоғамның бірқатар түйткілді мәселелерін түйреген әзілкештердің басын қосқан кешке Жалпақтал “Тамаша” ойын-сауық отауы, “Жымпиты” халық театры, әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жанынан құрылған “Мамандар” театры, Ақтөбе қаласынан арнайы келген “Екі езу” сатира театры көркемдік жетекшісі ҚР Мәдениет қайраткері, “Ерен еңбегі үшін” медалінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Нұрлыбек Жұбатқан қатысты.
Сахна шымылдығы Қайрат Абдуловтың орындауындағы “Театр” әнімен (сөзі Абдул Рахметов) ашылды. Кеш қонақтарын “Казталов” құрамасы “Сәлемдесуде” таныстырды. Қабдыхан Отарбайдың “Пара” интермедиясын “Тамаша” ойын-сауық орталығы сахналап, қоғамда болып жатқан кемшіліктерді көрерменге астарлап, әзілмен, күлкімен жеткізе білді. Сонымен қатар “Жымпиты” халық театры сахналаған “Балама келін іздеймін” интермедиясы тәрбие мен адамгершілікке баулиды. Алмас Мұратұлы Сырым ауданының әнін шырқап, “Қожа” әзіл-сықақ театрын 20 жылдығымен құттықтады.
Мерекелік кеште “Сағыныш сазы”, “Жігіт өмір”, “Менің жаным”, “Қымбаттым”, “Мен сені ешкімге бермеймін”, “Lovely”, “Шын сүю” әндері шырқалып, көпшіліктің ықыласына бөленді.
Күлкі - адам жанының шипасы деуге болады. Көңіл көтеретін сан қырлы комедиялық, әзіл-қалжыны аралас образдарды сомдап, түрлі композициялар арқылы көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлайды.
Өнер сүйер қауымды арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы жанынан құрылған “Мамандар” театры Қ.Абдуловтың “Еркектер” интермедиясы арқылы риясыз күлкіге батырды.
Кеште Ер-Әлі Абдуловтың орындауындағы “Бозторғай” әні тыңдарманның жүрегіне жетіп, көңілге біраз ой салды. Халықаралық, Республикалық әзіл-сықақ байқауларының жеңімпазы “Екі езу” сатира театры “Анықтама” (Н.Жұбатқан) және “Құлай бергім” (М.Шерім) интермедиясы, “Қожа” әзіл-сықақ театры “Айтыс” интермедиясы арқылы көпшіліктің жүрегін ерекше тебірентті.
Кеш жеке дауыста Мұрат Ахметов пен әншілерден құралған топтың “Театр” әнімен аяқталды.
Кеш соңында Казталов ауылдық округі әкімі Ернар Бақтиярұлы сөз алып, кешке қатысқан қонақтарға алғысхат пен естелік сыйлық табыстады. Мерекелік кештің қонақтары "Қожа" әзіл-сықақ театрының 20 жылдық мерейтойымен құттықтап, театр жетекшісі Қайрат Абдуловтың иығына шапан жауып, естелік сыйлыктарын табыс етті.
Гүлнұр Бөлешова,
Казталов ауданы