9.02.2018, 14:47
Оқылды: 61

Құлпытастар көрмесінің берері мол

«Жайық пресс» медиахолдингінің бастамасымен қолға алынған «Құлпытас сырын ашайық» жобасы аясында өңірімізден табылған құлпытастар бейнеленген көрме Зеленов ауданына келді.

Осы күні ұмытыла бастаған Есім хан Нұралыұлы, Асфендияр сұлтан Суғалиұлы, Жаңабай би Еділұлы, Жантөре хан Айшуақұлы, Қазы би Сырымұлы, Мұхит Мерәліұлы мен Дәуқара батыр Қарақожаұлы сияқты тұлғаларымыздың қай жерде жерленгені  туралы ақпарат беріп  тұрған көрме өлке тарихына қызыққан жандарды көрмеге тартуда. Жергілікті тұрғындарды Дариян ауылы маңында табылған 6-5 ғасырға жататын балбал тас көбірек қызықтыруда. Бірі өз ауылының маңында осындай тастарды көрген, бірі бұрынырақта қазақтар жерленген жерлерде балбалға ұқсас тастар көп еді деген деректерді айтып, пікір алмасып та жатыр.

–«Құлпытас сырын ашайық» жобасы аясында табылған құнды дүниелерімізді тамашалаушылар өте көп. Әсіресе, оқушылар мен өлке тарихына қызыққан жандар келіп жатыр. Тарихымыздағы ақтаңдақтардың орнын толтырар осындай жобалардың болғаны өткенімізді түгендеуде ғана емес, болашағымызға да тигізер пайдасы зор. Өйткені, тарихта аты атала бермейтін Дәуқара батыр, Есім хан Нұралыұлы сияқты біраз тұлғаларымызды танып, ерлігі жайында біліп жатырмыз. Ауданымызда 10 күн тұратын көрмеге сұраныс жақсы. Берері мол құнды жәдігерлер қойылған, - дейді аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Жеңісгүл Жаңабаева.

Көрмені тамашалаушылар арасында өзінің бабасын тауып жатқандар да табылды. Қасым Аманжолов мектебінің оқушысы Аэлита Куаисова құлпытастар ішінен арғы атасын тауыпты.

-Көрмеде тұрған Байбақты руының, Әлтеке тайпасынан шыққан Шора Наушалұы менің бабам. Өзімнің арғы атамның қай өңірде жерленгенін көріп қуанып тұрмын. Осындай  қазақтың шежіресі үшін де таптырмас дүниелер қойылған  көрменің берері мол,- дейді Аэлита.

Алдағы уақытта бұл көрмені Дариян ауылында да өткізу жоспарда бар.

Түгелбай Бисен

Зеленов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале