Жылқы десе қаны қозбайтын адам жоқ шығар?! Жылқы малының қасиетін түсінген тек қана қазақ халқы секілді. Төрт түліктің ішіндегі қасиет қонған, халқымыздың күнделікті өмірдегі маңызы зор жылқымен қазақтың қаны да, жаны да бір. Бұл сөзіме оқырмандар қарсы пікір айта қоймас.
Қосөзен елінде жылқы малының баптап, қасиетін түсінген Қошанкөл ауылын атап айтуға болады. Ауылдың кіреберісінен жылқы малына деген құрметті көре аласыз. Ауылдың кірме жолына орналасқан тұлпардың мүсіні соған айғақ. Керек десеңіз, Қошанкөлде жылқыға арналған «Сәйгүлік» музейі де бар. Мұндай музей облыс бойынша жоқ деп айтуға толық негіз бар. Ауылда жас баладан еңкейген кәріге дейін сәйгүлік баптап, бәйгеге шабады, көкпар ойнайды. Аталардан қалған үрдіс ауылда ешқашан бұзылған емес. Керек десеңіз, одан сайын қарыштап дамып келеді. Ауылдың жас жеткіншектері өз құрбылары секілді айфон, қалтафондарын серік қылмай, тай жаратумен әлек. Иә, «бәрін ай та бірін айт» демекші, құлын ойнап, тай жарысқан ауылдың тынымды тірлігіне жуырда куә болып қайттық.
Кеше Балалар жылына орай Қошанкөл ауылында ауылдың атқамінер азаматтарының ұйымдастыруымен және аудандық орталық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі мен «Айбын» спорт клубының қолдауымен жасөспірімдер арасында тай, құнан жарысы мен көкпар өтті.
Балалардың бұл додаларға дайындық жасағаны көрініп-ақ тұр. Ауыл шетіндегі алаңда жас шабандоздардың қарасы көп болды. Ауыздықтарын күрт-күрт шайнаған сәйгүліктеріне мінген жастарды көріп, іштей риза болдық. «Қазақтың салты мен дәстүрін жалғастырар азаматтар өсіп келеді. Тәубә» дедік іштей. Бәйгеде бақ сынағандардың үлкендері 15-16 жаста болса, кішісі мектептің табалдырығын енді аттағандар. Құлшыныстары да жоғары.
Ағалардың ақ батасын алған балалар тай, құнан жарысында кең даламыздың төсінде көсіле шапты. Адам мен жылқының бірлескен қиымылын тілмен айтып жеткізу мүмкін емес. Қаны мен арқасы қатар қозып, көсіле шауып барады...
Тұлпарлардың баптары мен балалардың бақтары сынаған бәйгеден үлкен әсер алдық. Сәйгүліктердің аяқ алысын байқадық. Үлкен аламанға татитын бәйгелердің нәтижесі де жаман болған жоқ. Ат құлағында ойнаған жас жеткіншектер келесі орындарды өзара бөлісті.
Тай жарысында «Тұмар» атты тайымен Бекнұр Бейімбетов III болып келсе, II орынды «Пуля» атты тайды тізгіндеген Нұрғазы Жайлыбай иеленді. I болып мәре сызығын «Лашын» есімді сәйгүлігімен Ерсұлтан Майлыбай кесті. Ал құнан жарыста әлепес құнан мінген Жанболат Жұмағали III орынды, түсі қара күрең құнан мінген Бекзат Ғиззатов II орынға шықса, бәрін оза шапқан «Ақ танау» атты тұлпарымен Жанболат Бақытыгерей I орынды жеңіп алды.
Жаппай көкпардың да нәтижесі жаман болған жоқ. Ағалардың жолын жалғаған жас шабандоздар салымдарын салып, жиналған көпшілікті бір қуантты. Бұлардың ойындарына көкпаршы ағалары да дән риза.
Нұрбек Төлепов, Қошанкөл көкпар командасының белді ойыншысы:
-Ауылда өтіп жатқан бүгінгі дода бұқаралық спортты дамытуға және балалар арасында атқа мінуді кеңіннен насихаттайды. Жылқы мен қазақ егіз ұғым ғой. Біздер де жас күнімізден жылқыға мініп өстік. Енді міне жылқыға қызығып, аталардан қалған дәстүрді жалғайтын ұрпақ өсіп келе жатқанын көріп, риза болдық. Осындай жарыстарды жиі ұйымдастыру керек деп ойлаймын. Барлық шабандоздарға сәттілік тілеймін!
Жарыс соңында жақсы нәтиже көрсеткен спортшылар арнайы кубок, алғысхаттармен марапатталды. Ұйымдастырушылар естелік сыйлық ретінде балаларға жүген, қамшы секілді атқұралдарды үлестірді.
Нұр Рахман,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz