Бүгінгі таңда әлем халқы бірінші орынға қойған спорт түрі – футбол. Ежелгі ағылшындар жерінде пайда болған футбол қазіргі уақытта жай ғана спорт емес, ұлт намысына айналды. Естеріңізде болса, Қазақстан футбол федерациясы «2012-2022 жылдар аралығында Қазақстандағы балалар және жасөспірімдер футболын дамыту нұсқасын» бекіткен еді. Осы орайда ел спортын дамыту үшін алдымен балалар спортына жіті зейін қою керектігі жыл сайын айтылуда.
Эльдар Есқалиев Құмақсай ауылына 2022 жылы келіп, Новопавловка жалпы орта білім беретін мектебінің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасқан.
– Спорттың адам өмірінде, жалпы қоғамда алатын орны зор. Спортпен айналысқан адам тек шымыр болып қана қоймай, денсаулығы мықты, сымбатты болары анық. Ал мықты денсаулық – адамның еңбекке, қоғамдық іс-әрекетке белсенді қатысуының кепілі. Қазақ халқы бала тәрбиесіне ерте кезден көңіл бөлген. Баланың ақыл-ойының, дене бітімінің дұрыс қалыптасуына айрықша мән берген. Халқымыздың спорттық ойындары осының бірден-бір дәлелі. Біздер 2023 жылы Теректі аудандық балалар жасөспірімдер спорт мектебі жанынан ауылда «Құмақсай» балалар футбол клубын құрған едік. Жас ойыншылардың далада құр босқа тентірмей, тезірек өз ойын өрнегін табуға үндеп үлес қосу – басты мақсат, - дейді жаттықтырушы Эльдар Елеуұлы.
Футбол үйірмесінде 20 бала доп тебуді үйреніп жүр. Олар үлкен және кіші топқа бөлініп, бұл спорт түрінің қыр-сырын үйреніп, тәлім алуда. Жаңадан құрылған болса да, «Құмақсайдың» қадамы нық. Аудандық, облыстық сан түрлі додаларда талай жүлдені қанжығаға байлап, жеңіс туын желбіретіп жүр.
Самал Жамет
Теректі ауданы