«Ойыншылар бір көргенде-ақ жаңа келген жігіттің жүзінен қорқынышты құпия сырдың ізін аңғарды». Бұл әлем әдебиетінің классигі Оноре де Бальзактың шығармасынан үзінді. «Шегірен былғары» атты даңқты шығарма құмар ойындары мен құмарпаздар жайлы. Кейіпкерлері ауысқаны болмаса, бұл мәселе XXI ғасырда да бізбен бірге әлі біте қайнасып келеді.
Қамшының сабындай қысқа ғана өмірде уақытты текке құртып, сананы уландырып, өзіне тәуелді қылатын нәрсе – құмар ойын. Қазіргі уақытта өмірінің мәнісін түсінетін жандар болғанымен, дұрыс өткізуді білмейтіндер қаншама?! Бұндай адамдар: ащы судың арбауына түскендер мен құмар ойынның шырмауына байланғандар. Өкінерлігі, құмар ойынның жетегіне қалай еріп кеткенін өздері де түсінбей қалады. «Құмар» сөзі негізінен арабша сөз екен, алайда аятта құмар сөзінің орнына «майсир» деп келтірілген. Бұл сөз жеңіл жолмен мал табу мағынасын білдіреді. Құмар ойынының кең етек алғаны соншалық, әдебиетте бұл туралы аз жазылмаған. Айталық, адам өмірінде құмар ойынның алатын орны туралы сыр шерткен Пушкиннің «Пикова дама», Лермонтовтың «Маскоде», Достоевскийдің «Ойыншы», Мандельштамның «Казино» атты туындылары. Құмар ойынды ойнап, оған бағынышты болу – ішімдік пен нашақорлыққа тәуелді болумен бірдей.
Қазіргі таңда ауырдың астымен жеңілдің үстімен жүргісі келетін және құмар ойын – ақша табудың жеңіл түрі санайтын құмарпаздар көбейіп кеткені жасырын емес. «Жығылған күреске тоймайды» демекші, ақшасын тігуді құмар етіп, ұтыстың ұшын көрсетіп қоя беретін құмар ойыны бақытты отбасылардың шырқын бұзуда. Сонымен қатар, әлемді сарсауға түсірген пандемияға байланысты карантин мерзімінде де адамдардың түн ұйқысын бөліп, таңын атырған карта ойыны адамдар арасында басылмақ емес.
Ардақты пайғамбарымыз (с.ғ.с) «Нарды ойнаған адам қолын доңыз еті мен қанына батырғанмен тең» дейді. Тағы бір хадисте: «Нарды ойнаған адам Алла Тағалаға және Елшісіне қарсы келді» деген. Жоғарыдағы екі хадисте ойнауға болмайтын ойынның нақты нарды екені айтылғанымен, ғалымдар бұл хадисті нарды іспеттес барлық құмар ойындарға бірдей қатысты деп қарастырған. Карта ойыны ақша, мал-мүлік тігіп ойнаудың харам, теріс екендігінде күмән жоқ. Аталмыш ойынды құр уақыт өткізу үшін қызыққа ойнау дұрыс емес. Уақытты босқа ысырап етіп, пайдасыз әрекеттерді тудыратын ойындар «күнә» санатында есептеледі екен. Сонымен қатар, ойын барысында ұрыс-керіс, боғауыз, бір-бірінің намысын таптау сияқты мұсылманшылық тәрбиеге жат әрекеттер орын алмауы тиіс.
- Құмар ойындарға шектен тыс тәуелді болу адамның ауруға шалдыққанының белгісі. Ал одан емделу үшін астарында не жатқанын анықтау қажет. Әдетте ойыншы өзінің тәуелділігінің себебіне үңілуден бас тартады. Құмар ойындарға салыну маскүнемдік, есірткіге тәуелділік секілді адам ағзасына аса қауіпті болмаса да, жанын қатты жаралайды. Ал жан жарасы тән ауруына қарағанда он есе қатты болады. Яғни оны емдеу үшін айтарлықтай көп уақыт пен күш-жігер қажет. Осы орайда, анықталған құмар ойындарға тәуелділіктің ең жиі кездесетін себебін айтайын.
Бір жігіт 3 жасында әкесінің өзін аяусыз ұрып, мұрнын қанатқанын еске алған. Бүлдіршін үшін мұның өте ауыр соққы екені сөзсіз. Яғни ол бүгінгі таңда бейсаналы деңгейде есірткіге тәуелді болу арқылы әкесін жазалап жүр. Мұны барлық қарызын әкесінің жауып жүргеніне қарап түсінуге болады. Осыған байланысты бүгінгі таңда қазақ қоғамында есірткі, ішімдік және құмар ойындарға тәуелді адамдардың көп болуының бірден-бір себебі - осы, - деп түсіндірді Жаңақала аудандық ауруханасының бас психолог маманы Анаргүл Ислямқызы.
Аталмыш ойын біздің елге қалай жеткен? Алғашында 1989 жылдан бастап КСРО аумағына таратыла бастаған. Кейіннен бұл дерттің басы Қазақстанға жетіпті. 1993 жылдан бастап орталықтарда казинолар ашыла бастаса, 2000 жылға таман еліміздің ірі қалаларында ойынханалар желісі ашылып, қарапайым азаматтарын тарта бастаған. Қазірде бұл – бірінің бизнесіне айналса, бірінің құмарлығын қанағаттандыратын іс болып есептеледі. Сондай-ақ құмар ойын бүкіл қоғамның тамырын кесетін адамзаттың дерті болып саналады. Сол себепті, ұрпақ саналы болып өссін десек, адам ойынға деген құмарлығын тыя білуі қажет.
«Қайыр аздан ба, көптен бе» дегендей, әр адам қолындағы барын бағалауы шарт. Бүкіл адамзатқа беретін де, алатын да Алла Тағала, яғни бәрі Алланың қалауымен болатыны сөзсіз. «Артық дәулет бас жарады» деп жатамыз. Кейде біреуден ілгері, біреуден кем болып қалатын кездер болады. Адам баласы мойымай, өзіне сеніп, берекені жұмысынан іздесе, нұр үстіне нұр болмақ. Әйтпесе, арзан күлкі мен жеңіл келетін ақшаға иек артпаған жөн. Құмар ойынының соңы жақсылыққа апармайтыны бесенеден белгілі.
Жаннұр Хайрушева,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz