19.03.2024, 16:17
Оқылды: 113

Күмбірінен кербез күйдің күш алған

Музыка десе, күй десе елеңдеп байыз таппайтын әлеуметке күйші, дирижер Халел Сапаровтың есімі жақсы мәлім. Алпысқа алқынбай жеткен оның ауданымыздың рухани тынысында шоқтығы биік десек, көпшіліктің келісері шүбәсыз. Себебі өнерге шексіз махаббатымен ерекшеленген Халел Айтқалиұлы ұрпақ тәрбиесі, оркестрдің жетістіктерімен Жұбан елінің атағын шартарапқа таратты.

IMG_9074

Өткен аптаның жұмасында аудандық мәдени-демалыс орталығында«Ұстаздықпен өрілген күмбір күй» атты шығармашылық кештің куәсі болдық. Талай шәкірт тәрбиелеген ұстаз, «Күйшілер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің мүшесі, «Бейбітшілік әлемі» халықаралық қазақ творчестволық бірлестігінің «Алтын  медалі», Батыс Қазақстан облысының «Үздік мәдениет қызметкері» төсбелгісінің иегері, дирижер Халел Сапаровтың өнер жолы осы шарада ұлықталды.

Мерейтой иесі көрерменнің қошеметімен сахнаға көтеріліп, сөз сөйледі:

– Өнер жолында жүргеніме 40 жылдан асты. Сонау бала кезімнен қолыма домбыра алып, күй шертуге әуестенген талабым мені бүгінгідей дәрежеге жеткізді. Бүгін аудан сахнасынан өнер көрсететін оркестр мүшелерінің басым бөлігі – өз шәкірттерім. Үлкен ұжымның өнерпаздарына, жекелеген дарындарға, күй тыңдауға асық көрерменге алғысым шексіз, – деген бойда дирижер оркестрге бұрылып, Қаршыға Ахмедияровтың «Күй ұраны» күйін сан аспаппен сахнаны жаңғыртты.

Осыдан соң оркестрдің сүйемелдеуімен «Ауылымды сағындым» әнін жерлесіміз, дәстүрлі әнші, республикалық, облыстық термешілер байқауының жеңімпазы, «Қобыланды» медалінің иегері Сұңғат Жанаев нақышына келтіре орындап берді. Біраз жылдан бері қызмет бабымен Ақжайықтан жырақ кеткен дара дауыс иесінің осы ән арқылы туған жер, атамекеніне сағынышын жеткізгісі келгені тебіренісінен байқалды. Әнші Эльмира Ермек те «Қайран менің жүрегім» әнін көрерменге жеткізе білді. Оркестр «Такси» кинофильмінен саундтрек орындаған  соң, кеш иесі Құрманғазының «Байжұма», Төлеген Момбековтың «Салтанат» күйлерін домбырамен жеке орындап, тыңдарманға тарту етті.

Одан соң зор қошеметпен сахнаға Халел Сапаровтың қызы, әке жолын жалғаған тұңғышы Гаухар Сапарова шығып, Құрманғазының «Терісқақпай» күйін әкесімен бірге орындап берді.  Көп жылдан бері аудандық саз мектебінде домбыра сыныбында ұстаздық ететін Халел Айтқалиұлының шәкірттері өнердің биік белестерін бағындырып жүр. Осы концертте де шәкірттерінен құралған «Домбырашылар оркестрі» Құрманғазы Сағырбаев, Дина Нұрпейісовалардың бірнеше күйін тартып беріп, «Адай» күйін орындай бастағанда, ұстаздары да бірге қосыла кетті.

Оркестрдің орындауындағы Ардақ Тәңірбергеновтың «Аңшы» күйі, Ақжайық саз мектебінен шыққан трионың әндері де кеш ажарын аша түскендей. Бір сағаттан астам уақыт көрерменді ән-күймен сусындатқан өнер кешінің мәреленер тұсында сахнаға көтерілген аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Руслан Биманов кеш иесін құттықтап, иығына шапан жауып, алғыс хат табыстады.

IMG_9088

– Алғаш Халел ағамыз өнерсүйер ағайынның көзіне аудандық «Жігіт сұлтаны» байқауында топжарғанда түскені өткен күннің еншісінде. Бүгінде мерейтой иесі – іргелі білім ордасы аудандық саз мектебінде қызмет ететін ұстаз, «Халықтық» атағы бар аудандық ұлт-аспаптар оркестрінің дирижері. Осы жылдар белесінде өзі ұлықтаған күй өнеріне талай шәкіртті баулып, саз әлеміне қанат қақтырды. Оның алдынан білім алған ұл-қыз қазір ұлттық өнеріміздің ұмытылмай, қайта жаңғыруына еңбек етуде. Дирижерлігі туралы айта кетер болсақ, ағамыздың өзі тәлім алған, марқұм Сайын Құбашұлының есімін айтпай кетуге мүлдем болмайды. Бүгін өнер көрсеткен оркестрдің бастауында осы ардақты азаматымыз, Халел ағамыздың ұстазы тұрғанынан көпшілік хабардар. Алып ауданның түкпір-түкпірінен жиналған өнер шеберлерін бір ұжымға жұдырықтай жұмылдырып, ортақ мүддеге ұйыстыра білген даңқты жетекшінің жолын лайықты жалғастырған Халел ағамызға бүгінде қандай мадақ айтсақ та, жарасады. Сан аспаздың үнін бір арнаға тоғыстырып, тұтас шығармаға қиюластыру тек шын шебердің қолындағы таяғының ұшының сиқырына байланысты екені сөзсіз. Асқаралы 60 жасыңыз құтты болсын, – деді ол.

Осы кешке арнайы келген «Күйшілер одағы» республикалық қоғамдық  бірлестігінің облыстық филиалының төрағасы Асқар Кенжеғалиев Халел Айтқалиұлына естелік сыйлық пен алғыс хат табыстады. Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Ерболат Бекмолдин мерейжас иесінің еңбегінің нәтижесі, республика мен облысқа танылған шәкірттерін айтып, өзінің алғыс хатымен марапаттады.

Міне осылай күйдің құдіретін сезіндірген әдемі өнер кешінің соңында көрермен тік тұрып, ықыласпен қол соқты. Дегенмен бір әттеген-айды айтпай кетуге әсте болмас. Осыған дейін де орын алғандай, рухани құндылықтарымызды жаңғыртып, өнердің тереңіне бойлататын бұл тектес шараларды тамашалауға көрермен ықылассыз. Түк мағынасы жоқ, әуені мен сөзі мүлдем үйлеспейтін, даңғырлаған даңғаза ән орындаушылар келсе, оның ақысына да қарамастан, таласа билет алып, улап-шулап баратын халық осындай тағылымды кеште неге бой көрсетпейді. Ауданда үш мектеп, бір колледж бар – солар білу, көру керек мұндай шараны, ұрпағымыз ұлттық өнерді ұлықтап өспесе, болашаққа мәдениетімізді кім сүйрейді?!

Өнер иесіне шабыт беріп, рухын көтеретін көрермендердің қолдауы екенін де естен шығармайық.

Әсет Бисенғалиев, 

Ақжайық ауданы, 

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале