Бүгін Жәнібек ауданы әкімдігінде аудан әкімінің орынбасары Жақсылық Абдолов Қазақстан Республикасы Президентінің 2023 жылғы 25 желтоқсандағы №421 жарлығына сәйкес жәнібектік көпбалалы ана Бану Стамғазиеваға «Күміс алқа» алқасы мен куәлігін табыстады.
Жақсылық Каримоллаұлы көпбалалы анаға ыстық ықыласы мен жылы лебізін білдіріп, салауатты өмір салтын сақтайтын, адамгершілігі мол, ауылдағы үлгілі әрі сыйлы отбасылардың бірі екендігін атап өтті.
Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ләззат Садирова өз сөзін мейірімі жүзінен төгілген анаға алты баланың анасы деуге келмейтінін, ерекше сұлу екендігін айтып, Бану Ғайсақызына әйел бақытын тіледі. «Жәнібек әйелдері» қоғамдық кеңесінің төрайымы Ғалия Елемесова мен аталмыш кеңес мүшесі Гүлзина Ғұсманова да айтылған тілектерге қосылып, «Күміс алқа» иегеріне отбасы амандығы мен баянды бақыт тіледі. Өз кезегінде алты бала тәрбиелеп отырған ана еліміздің демографиялық дамуына үлес қосқаны үшін осындай сый-құрмет көрсетіп жатқан ел президенті мен аудан басшысына алғысын білдірді.
Айсұлу Жұмабай,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz