16.11.2022, 12:46
Оқылды: 46

«Күміс жасқа» қатысайық

Қазақстан Республикасының халықты әлеуметтік қорғау министрлігі зейнеткерлік жас алдындағы жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру мақсатында арнайы «Күміс жас» жобасын іске қосқан болатын.

18

Фото дереккөзі: adyrna.kz

Жоба 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі ұлттық жоба шеңберінде жүзеге асады.

Жоба жайлы тарқатып айтсақ, «Күміс жас» – жұмыс беруші зейнеткерлік жастағы (зейнеткерлікке шығуға екі жыл қалған) адамдарды жұмысқа орналастыру үшін құратын еңбекақысы субсидияланатын жұмыс орны. Яғни, мемлекет белгіленген жалақы мөлшерінің 50%-ын, бірақ 30 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) аспайтындай мөлшерін субсидиялайды. Мысалы, жоба бойынша жұмысқа орналасқан адамның айлығы 100 мың теңге  болса, оның 50 мыңын мемлекет төлейді. Егер 200 мың теңге болса, 30 АЕК ғана төлейді.

Зейнет демалысына шығуға жыл санап жүрген жұмыссыздар үшін көмек беретін «Күміс жас» жобасының керемет мүмкіндігін Теректі ауданында 1960-1961 жылдары туған 8 адам пайдаланған. Мысалы, ұзынкөлдік Тілек Қоңыров ауылдағы «Бақыт» жеке кәсіпкерлігіне орналасқан. Ал теректілік Сергей Иванов қазір балалар шығармашылығы үйінде автокөлік  жүргізушісі. Оларға жұмыс берушілері әлеуметтік төлемдер, зейнетақы жарнасын тұрақты аударып отыр.

Жалпы «Күміс жас» бойынша жұмыс жасау ұзақтығы бір жылдан аспайды. Одан әрі қарай жұмыс беруші жобаға қатысушы зейнетке шыққанына дейін тұрақты жұмыс орнын беруге міндетті.

Жаңа 2023 жылы «Күміс жас» жобасына жақсы өзгеріс енеді.

Бұрын 59 жастан адамдар ғана қамтылған «Күміс жасқа» 2023 жылдың қаңтарынан бастап жасы 50-ден асқан жұмыссыздар қатыса алады. Жобаға  қатысу мерзімі келесі жылдан бастап бір жыл емес, үш жыл болады. Бюджеттен субсидияланатын жалақы бірінші жылы 70%-ды, екінші жылы 65%-ды және үшінші жылы 60%-ды межелейді.

«Күміс жас» жобасына қатысу жасы 50-ден асқан жұмыссыз әйелдер үшін пайдалы болары анық. Бастысы, жұмыссыз, табыссыз отырған  әйелдер еңбекке араласады. Жобаға қатысушы әйелдерге жеке көмекші, әлеуметтік қызметкер, әлеуметтік жұмыс жөніндегі кеңесші, жас жұмысшыларға тәлімгер және т.б. жұмыстар ұсынылады. Екіншіден, олардың еңбек өтілі есептеліп, зейнетақы қоры жинақталады. Сол арқылы жобаға қатысушы әйелдердің материалдық жағдайы түзеліп, болашақтағы зейнетақы мөлшері өседі.

Қазақстан Республикасының Еңбек министрлігі көрсеткен  мәліметке сүйенсек, бүгінде елде еңбекке қабілетті жастағы 325 мыңнан астам әйелдер жұмыс жасамайтын көрінеді. Яғни, жеке өздерінің табысы жоқ, зейнетақы қорына қаржы жинақтамайды. Соның салдарынан зейнетақылары да ең төменгі мөлшерде болады.

Жасы елуден асқан адам нағыз сұранысқа ие мамандық иесі болмаса, жай үйде отырған сары кідір әйел үшін жұмыс табу оңай емес. Осы түйіткілді шешуде «Күміс жас» - ең тиімді жоба.

«Күміс жасқа» қатысамын деген, жасы 50-ден асқан жұмыссыз азаматтар жолдама алу үшін аудандық жұмыспен қамту оралығына жүгінуі керек.

Камелия Өтеу,

Теректі ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале