Әлемнің жарығын сыйлаған аналарға деген құрмет қашан да жоғары. Осы орайда Шыңғырлау ауданы әкімі Әлия Мұханбетжанова алты баланы дүниеге әкелген Кабидуллиева Ақтолқынды қабылдап, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына сәйкес «Күміс алқа» төсбелгісін табыс етті.
Аудан басшысы шаңырақтың ұйытқысы, берекесі болып отырған анаға халық санын көбейтуде ерекше үлес қосқаны үшін алғысын айтып, гүл шоғын тарту етті.
Еліміздің демографиялық дамуына елеулі үлес қосып отырған Ақтолқын Маратқызы жолдасы Жасланмен бірге үш ұл мен үш қыз балаға өмір сыйлап отырған көп балалы отбасы. Ол да аудан басшылығына ризашылығын білдіріп, жұмыстарына табыс тіледі.
Айта кетейік, Шыңғырлау ауданында 200-ге жуық «Алтын алқа» және «Күміс алқа» иегерлері бар. Жыл басынан бері, яғни 5 ай көлемінде үш анаға «Күміс алқа» төсбелгісі ресми түрде беріліп, құрмет көрсетілген.
Аман Ізмұхан,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz