Бүгін Жаңақала аудандық әкім аппаратының кіші мәжіліс залында қоғамдық кеңес отырысы өтті.
Жиынға аудан әкімі Дархан Закарин, қоғамдық кеңес мүшесінің төрағасы Рухолла Саматов, кеңес мүшелері және мекеме басшылары қатысты.
Күн тәртібінде он төрт мәселе талқыланды. Алдымен Көпжасар ауылының әкімі Нұрбол Бектілеу ауылдық округ әкім аппараты бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы жөнінде баяндама жасады.
Саралжын елді мекеніндегі кітапхана, мектеп жөндеуі және газ тарту жұмыстары жөнінде сұраған кеңес мүшелерінің сұрағына жауап бере отырып, өз ұсынысын да білдірді.
Келесі сөз кезегін аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының басшысы Асылан Оразалиев алып, аудандағы жұмыссыздық, жұмыспен қамту бағдарламалары жөнінде қысқаша баяндады. Ал аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бас маманы Дәурен Жарасов бөлім бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасына тоқталды. Ветеринария станциясының басшысы Берік Шорман мал ауруларына қарсы екпелер және бұралқы ит, мысықтарды аулап ұстау бағытындағы атқарылған істерді айтып өтіп, жұмыс барысына кедергі тудыратын мәселелердің де басын шалды.
Кондоминиум обьектісін басқару және мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғынжайды пайдаланғаны үшін төлемақы мөлшерін белгілеу туралы аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Н.Тлекқабылов ұсыныс тастады.
Сондай-ақ аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Есен Бекбулатов елді мекендер аумағындағы жер шаруашылық жобаларын бекіту туралы сөз қозғаса, Жаңақала аудандық мәслихатының 2023 жылғы 17 қаңтардағы № 33-4 шешіміне өзгеріс енгізу туралы экономика және қаржы бөлімінің басшысы А.Семенов баяндама жасады.
Сонымен қатар аудан әкімі аппаратының персоналды басқару және құқықтық жұмыстары бөлімінің бас маман-заңгері Н.Тасмағамбетова және аудандық мәслихат аппаратының басшысы А.Шайхиев мемлекеттік әкімшілік қызметшілердің қызметін бағалау әдістемесін бекіту туралы баяндады.
Н.Дүйсенбаева,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz