Бүгін Сырым аудандық Жас туристер станциясының қызметкерлері Алаш қозғалысының қайраткері Халел Досмұхамедовтың туғанына 140 жыл, Күнбатыс Алашорда үкіметінің құрылғанына 105 жыл толуына орай “Жымпиты - Бұлдырты өзені - Қаратөбе” маршруты бойынша “Күнбатыс Алаш жолымен” туристік веложорығына аттанды.
Аталған веложорық ұлттық идея мен рухани-мәдени сананы қалыптастыру және Жымпиты, Қаратөбе өңірлерінде өткен қазақ съездерінің құрылтайы қызметін кеңінен тану, өлке тарихы мен көршілес ауданның тарихи-мәдени ескерткіштерін зерттеуді мақсат тұтқан.
Жорықшыларды шығарып салу салтанатына аудан әкімінің орынбасары Артур Шерғалиев, “AMANAT” партиясының аудандық филиалының төрағасы Талғат Дарғожиев қатысып, жорықшыларға сәттілік тіледі.
Салтанатты жиын Жас туристер станциясының “Жас дарын” бард үйірмесінің шәкірті Айдын Аманжол “Мен қазақтың баласы” әнімен қорытындыланды.
Айжан Амангелдина,
Сырым ауданы
zhaikpress.kz