Балалар – бұл біздің болашағымыз. Бұл бір жаттанды сөз, жалықтыратын тіркес емес. Бала деген - бастаған ізгі істеріміздің жалғастырушысы, үкілеп ұшырған үміт-құсымыздың қанаты. Балалар – тыныштық символы. Осы себепті олардың бақытты болуы үшін ештеңе аямаймыз. Әсіресе 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күнінде бұл қамқорлығымыз арта түседі.
Қысқаша, бұл күн тарихына тоқталып өтетін болсақ, 1949 жылы Парижде әйелдердің халықаралық демократиялық федерациясы болып өтеді. Бұл конгресте балалар бақыты, әлем тыныштығы жайында сөздер айтылады. Себебі екінші дүниежүзілік соғыстан соң балалар денсаулығы алдыңғы мәселелердің бірі болатын. Соғыстан соң көптеген балалар қараусыз қалған болып, олардың көз жасы мен зары әлем жұртшылығы назарын еріксіз өзіне аударған еді.
1950 жылдан бастап 1 маусым - халықаралық балаларды қорғау күні ретінде аталып өтіле бастады.
1989 жылы БҰҰ Бас Ассамблеясы балалар құқықтары туралы Конвенция қабылдайды. Бұл құжатқа бүкіл әлем балаларын қорғау туралы заң мен жобалар енгізілді.
Осы мерекені тойлаудың басты миссиясы – жұртшылық назарын проблемалы балаларға, олардың құқығын қорғауға, бақытты балалық шағын тыныш әлемде өткізуге және өз елінің толық және бейбіт азаматы ретінде өсуіне көз жеткізу болып саналады.
Теректі аудандық газетінің жаңа санында мерекеге орай бірқатар кішкентай аудан тұрғындарының сәтті шыққан суреттерін назарларыңызға ұсынсақ дейміз. Жай ұсынып қоймай, суреттерді өлең жолдарымен әрлеуді құп көрдік. Олай болса, тәуелсіз елдің жарқын болашағы – балаларымыздың жүзінен тек күлкі кетпесін!
Мен мықтымын – бірлігіміз күшті елде,
Қазақтайын саумал, қымыз іштім бе?
Секілдімін асауларды тізгіндер,
Ең алғашқы көлігімнің үстінде!
Өкпе-реніш өткен шақта қалды де,
Достығымыз зау биікке барды де.
Бауыр болып өтейікші, досым-ау,
Бес беремін, ал міне!
Балабақша-үйренуге келемін,
Түбі әйтеуір орындалар дегенім.
Мен өскенде әкешім мен анама,
Аспаз болып, тамақ пісіріп беремін.
Құйғытамын көшелерде шаңы ұшқан,
Делебем де қозып кетер жарыстан.
Көлігіме мініп алсам қиялдап
Болашаққа көз тастаймын алыстан!
Теректіде ең кішкентай тұрғын - мен,
Ойын үсті талай жоспар құрдым мен.
Жадыраған жаз мезгілі келгенде,
Құмарлана құмда ойнаймыз құрбыммен!
Достарыма салып қойып көзімді,
Тым тәртіпті, басқаларға өзі үлгі.
Әткеншекке отырғанда құдды мен,
Қанаты бар құсқа ұқсатам өзімді!
Шырқалады әніміз,
Тыныш атар таңымыз.
Ақпыз, көкпіз, сарымыз,
Ағайынбыз бәріміз!
Әділет Орынбасаров,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz