1986 жылғы желтоқсанда Орталықтың әміршілдік-әкімшілдік солақай саясатына қарсы алғаш рет бас көтеріп, демократия тағылымдары жолында құрбан болған, алаңға қазақ халқының тағдыры үшін шыққан ұл-қыздарымыздың ерліктері көпке аян. Сол ызғарлы желтоқсанның ызбарлы оқиғасын өз көзімен көрген, алаңға шығып ұрандатқан қайсар қыздың өз жанымызда жүргенін біреу біліп, біреу білмейді.
Жүзінен үнемі мейірім төгіліп тұратын, қарапайым, еңбекқор Күнзиләні бір ауылда тұрған соң әуелден танимын. Бірақ оның желтоқсаншы екенін жуырда ғана естіп, таң-тамаша болдым. Өзгелер құсап «мен желтоқсаншымын» деп кеуде соқпайтын, жалпақ жұртқа жар салмайтын қарапайымдылығын осыдан-ақ біле беріңіз.
Тарихта «Желтоқсан оқиғасы» деп таңбаланған сол бір ызғары жүрек қаритын суық күндердің тірі куәсімен дидарласып, басынан өткергендерін өз аузынан есту үшін үйіне іздеп бардым. Бұл күнде Күнзилә Орал қаласына қоныс аударған.
- Ол кезді еске алсам, әлі күнге дейін жүрегім дүрсілдеп, тұла-бойым түршігіп сала береді. Білмеймін, бәлкім желтоқсанның жанға салған жарасы өмір бойы жазылмайтын да шығар,- деді кейіпкеріміз қанын ішіне тартып алғандай боп-боз күйге түсіп. Әлгінде ғана «неге желтоқсаншы екенін осыған дейін жасырып келген» деген ойымның байыбына енді барғандай болып, іштей қысылып қалдым.
Әңгімені әлқиссадан бастауды жөн көрдім. Сұхбатымызды туып-өскен жерінен, бала күнінен бастап өрбіткім келді.
- 1964 жылы маусым айының 4-інде сол кездегі Орал облысы, Чапаев ауданы, Еңбек совхозының Абай ауылында қарапайым отбасында дүниеге келіппін. Өз аты-жөнім Өмірова Күнзилә Қабиқызы. Алайда азан шақырып қойған ныспым – Гүлзира. Тұрмысқа шыққан соң Мақсотова болып жолдасымның тегіне ауыстым.
1979 жылы Абай ауылынан сегізжылдықты, Еңбек совхозындағы Калинин орта мектбетінен онжылдықты бітірдім. Сол жылы оқуға түсе алмай, училищеде оқып, «Омега» зауытына жұмысқа орналастым. 1985 жылы Ақжайыққа барып, байланыс торабында жұмыс істедім. Қызметім өзіме қатты ұнайтын, сондықтан осы сала бойынша қалай да білім алуды көздедім. Сол жылы Алматыға барып, электр байланыс техникумына оқуға түстім.
1986 жылы мен екінші курс студентімін. Неге екенін қайдам, сол жылы желтоқсан айы сүйектен өтердей ерекше суық болды. Өкпек жел өкпені қабатындай өткір. Сол сұрқай күндердің бірінде «Қонаев атамызды тақтан тайдырып, орнына Колбин деген өзге ұлт адамын тағайындады» деген суыт хабар бұрқ ете қалды. Жайсыз жаңалық жастар арасында үлкен наразылық тудырды. 15 желтоқсан күні кешкісін жігіттер терезе қағып, сырттан: «Комсомолдар, ертең алаңға шығыңдар, қазақ халқының намысын қорғайық!» деп жатақхана жағалап, хабар таратты. Біз мұның бәрін іште отырып естідік. Өйткені техникум басшылығы жастар арасындағы толқуды сезіп, тереземізді комендантқа жаптырып, бекіттіріп қойған. Бірақ бұл нәрсе бізді тоқтата алмайтынын қайдан білсін, біз бәрібір ертең алаңға шығуға дайын едік.
Ертесіне, 16 желтоқсан күні жатақханадағы бір топ қыз көшеге шықтық. Қала тіршілігі әдеттегіден тыс саябыр тауыпты. Әшейінде ағылып жататын автобустар сап тыйылған. Алайда көлік жоқ деп көңілі құлазыған ешкім жоқ, қаланың әр көшесінен жастар алаңға қарай асыға адымдап барады. Кейбірі қарсы кезіккен тұрғындарға: «Алаңға жүріңдер, жиналыс болып жатыр»,- деп айқайлайды.
Жаяу жүріп, алаңға да жеттік. Мұндағы көріністі көріп денем түршігіп, төбе құйқам шымырлап кетті. Биліктің шешіміне келіспейтінін айтып, атойлаған албырт жастар алаңда сеңдей соғылысады. Сол теңіздей теңселген толқынның ішіне біз де күмп беріп кіріп кеттік.
Ешқандай қарусыз, бейбіт шеруге жиналған жастардың арасы жігер мен жалын шашып тұр, ештеңеден қаперсіз. Өйткені билік біздің талабымызға құлақ асады деген сеніміміз кәміл еді. Өкінішке қарай, өктем күшке жүгініп үйреніп қалған өкімет бұл жолы да өршіл жастарға мейірім таныта қоймайтыны көп күттірмей белгілі болды. Көп ұзамай мұздай қаруланған түсі суық әскерилер алаңды шеңбер құрып, қоршап алды. Кейбір ел ағалары мен зиялылар мінберге шығып, жанашырлық танытқан болып, жастарға басу айтып әлек. Әділдік үшін жиналған жалындаған жастарды бұның ешқайсысы тоқтата алмайтыны анық еді.
Екі жақ бітімге келе алмаған соң билік аш қасқырдай анталап тұрған әскерге пәрмен берді. Осылайша қарны аш, суыққа тоңазыған жастарға бағанадан әмір күткен сақадай сай әскер тұтқиылдан лап қойды. Айнала адам ұғып болмайтын өң мен түстің арасындай әлем-тапырық болды да кетті.
Жан-дәрмен жан-жаққа қаша бастадық. Әр жерден өкірген, шыңғырған дауыстар денеңді түршіктіреді. Темір құрсаулы жендеттер қолына түскенді аяқ-қолын қайырып, әскери көліктерге тоғытып жатыр. Сонда жігіттерді аяусыз соққының астына алып, қан-жоса қылып мертіктіріп, қыздарды шашынан сүйреп жәбірлеген мейірімсіз, безбүйрек әскерилердің әумесер әрекеті әлі күнге дейін көз алдымыздан көлбеңдеп кетпейді.
Бізді, бір топ қыздарды ұрып-соғып, желкемізден түйгіштеп автобусқа емес, жабық көлікке салып, милиция бөліміне апарды. Содан сорымызды қайнатып, кешке дейін жауап алды. Суық камера, қабағын қырау басқан сұсты тергеушілер. Біресе бірінші қабатқа түсіреді, одан қайтадан екінші қабатқа сүйрейді. Ары-бері айдаған сайын дубинкамен ұрып, денемізді көгала қойдай қылды.
Дәлізде қансыраған жігіттердің қарасы көп. Тергеуші «алаңға не мақсатпен бардың, кім жіберді» деп қайта-қайта сұрақтың астына алады. Менде бөтен ой болмағанын айтып, иландырғым келеді. Көзінен от шашқан тергеушілер оған сенгісі жоқ. Несін айтасың, бізді жаудың жансызындай әбден қинады. Өзіміз аш, әбден титыққан, ит қорлықтан жүрегіміз қатты шайлыққан.
Содан түнгі 11-лер шамасына бір бейтаныс қыз екеумізді босатты-ау. Қолымызда 40 сом айыппұл жазылған түбіртек. Құр сүлдерімді сүйретіп, жатақханаға әрең жеттім. Келсем, о, тоба, мұнда да сойыл ұстаған әскерилер. Жүрегім дір ете қалды. Жасқана жақындап, қолымдағы рұқсат қағазымды көрсетіп ем, «жүре бер» дегендей ишара білдірді. Бөлмемізге кірсем, таңда өзіммен шыққан қыздарым жоқ. Жатақханада қалған қыздар үрпиісіп отыр екен, туғанымды көргендей қапсыра құшақтап, еріксіз еңіреп жібердім. Бағанадан әрең жүрсем керек, көңілім босап, көз жасымды ірке алсамшы...
Сол күндердің қорлығы жан жарасын тырнап жібергендей, Күнзилә өзін-өзі тоқтата алмай, жылап жіберді. Өз-өзіне келіп, бір жеңілдеп алғандай болған соң, әңгімесін одан әрі былай деп жалғады:
- Ертеңгі күні техникумға барғанда да бізге тыныштық бермеді. Партия жиналысына салды, комсомолдан шығарып, қатаң сөгіс берді. Әйтеуір оқудан шығармағанына тәубе еттік.
1988 жылы дипломымды алып, сол кездегі Ақжайық ауданына, байланыс бөлімшесіне келіп, бұрынғы жұмысыма қайта орналастым. Сол салада 23 жыл қызмет етіппін. Өзімнің ауылдасым Ернар Мақсотовқа тұрмысқа шықтым, екі қызымыз бар. 2012 жылы қыздарымыздың оқуына байланысты Орал қаласына қоныс аудардық. 2014 жылы жеке кәсіп ашып, қазір сол салада жұмыс істеп жатырмын. Екі қызымыз да тұрмыста, төрт жиеніміз бар. Аллаға мың шүкір, қазір бақытты отбасымыз.
Айтпақшы, мына суреттегі сол кездегі студент кезім. Ал мына суреттегі бір топ студенттер. Оң жағымдағы шетте тұрған Бақтылы Кеңесқызы Қазиева, Абай ауылынан бала кезден бірге оқыған сыныптасым. Техникумға да бірге түстік. Ол да желтоқсаншы, алаңға бірге бардық. Ол 10 күн қамауда жатты. Қазір Алматыда тұрады. Жақында 40 жылдық кездесуге келіп кетті. Ал мына сол жағымдағы қыз Бақтыгүл 15 күн қамауда болды. Қазір Алматыда, хат жазып, хабарласып тұрамыз. Міне, біз көрген «Желтоқсан оқиғасы» осындай болды,-деді Күнзилә әңгімесін түйіндеп.
86-ның ызғарлы желтоқсаны туралы талай әңгімелер естіп жүрміз-ау. Бірақ сол күндердің куәсі болған кейіпкердің өз аузынан естудің әсері мүлдем бөлек. Әміршіл жүйенің әпербақан саясатын біле тұра әділетсіз шешімге қарсы үн қата білген асқақ рухты, арманшыл, албырт жастардың сол дүмпуі ізсіз кеткен жоқ. Көп ұзамай Кеңестің де шаңырағы шайқалып, ортасына түсті. Ендеше биыл 30 жылдығын тойлап отырған Тәуелсіздігімізді жақындатуда, сөз жоқ, сол кездегі желтоқсаншы жастардың өлшеусіз үлесі бар.
Ғазиза Рахметова,
Теректі ауданы