27.08.2025, 11:30
Оқылды: 485

Қурайлысайдың жаңа тынысы

Биыл 105 жылдығы бүкіл еліміз көлемінде аталып өтетін ақиық ақын Жұбан Молдағалиевтің туған мекені Қурайлысай ауылдық округінде биыл жарқын істер жүзеге асуда. Жайықтың Бұқар бетінде орналасқан округке қарасты ірі елді мекендерде тұрмыс қаладағыдан кем емес.

IMG_8512

Тіршілікке қажет газы мен суы әр үйге кіріп тұр. Оған қоса, ауыл болғасын, тұрғындар қорасынан мал өрдіріп, кәсіптің небір түрін шыр айналдырып отыр. Дүкендер, қоғамдық қызмет көрсету орындары, шағын цехтар, өзге де кәсіп иелері, төрт түлікпен даланы толтырған шаруашылықтар, ауылдың іргесін шайқалтпауымен, ауызбіршілігімен ерекшеленген тұрғындар туған мекенінің өркендеуіне қал-қадірі келгенше үлес қосуда. Әрине, ауылды көркейтуге бағытталған мемлекеттік бағдарламалардың да жемісін көріп отырғандар бар бұл округте. Бірі жеңілдетілген несие алып, енді бірі шағын грант қаражатына кәсібін бастаса, жұмыспен қамтуда да мемлекеттік қолдаудың нәтижесі айтарлықтай.

Ең бастысы, соңғы екі жылда мұнда құрылыс қарқын алды. Айталық, былтыр Сайқұдық ауылында медициналық пункт пайдалануға беріліп, тұрғындардың зор бір тілегі орындалса, биыл баспаналар салынуда. Атап өтсек, Жұбан ауылында 2 пәтерлік қос тұрғын үйдің құрылысы аяқталды. Заманауи келбетте, тұрмысқа барлық жағдай жасалып салынған бұл баспаналарды жеке тұлға Мершат Жәрдемов салды. Сәуірдің аяғында басталған жұмыстар еш іркіліссіз жалғасып, шілденің соңында аяқталды. Енді біркелкі уақ-түйек істер реттелсе, аудан әкімдігі бұл баспаналарды сатып алып, осы ауылдағы әлеуметтік осал топтағы отбасыларға кілтін табыстайды.

Сайқұдық ауылында да – тап осындай қуаныш. Мұнда сәтін салып, жұмыстар табысты аяқталған күнде бір емес, бес бірдей жанұя жаңа баспанада қоныс тойын атап өтеді. Дәлірек айтсақ, ауылда әлеуметтік осал топтағыларға арналып, ауылда 2 пәтерлі бір баспана бой көтеруде. Оның да құрылысшысы жеке тұлға – Қасым Ізтілеуов. Жұбандағыдай да, мұнда маусымда үйдің іргетасы қаланды, құрылысшылардың қарқынды жұмысының арқасында құрылыс аяқтала келді. Демек қоныстойдың күні алыс емес.

Көпшілікке белгілі, ауылдық елді мекендерге көшуді қолдау, қалаға бағытталған көші-қонды азайту, ауылдағы экономикалық белсенділікті арттыру, сонымен қатар жастар мен жас отбасыларға әлеуметтік жағдайларды жақсарту, тұрақты жұмыс табуға жәрдемдесу  және ауылды мекендерді сақтап, жаңғырту мақсатында облысымызда «Қаладан ауылға» пилоттық  бағдарламасы жүзеге асуда. Атакіндік ауылдың берекесін арттыруда әлеуеті зор осы бағдарламаны сайқұдықтықтар бір ауыздан қолдап, қаладан ауылға бағыт алған отбасыларды құшақ жая қарсы алмақшы.

– Сайқұдық ауылы – берекелі мекен. «Қаладан ауылға» бағдарламасы бойынша биыл отбасылар көшіп келетін елді мекен ретінде таңдалып алынды. Соған байланысты осында 2 пәтерлі тұрғын үй салынды. Құрылысшылар осы қарқынынан жаңылмаса, қыркүйек айында біту керек жұмыстар. Қазірдің өзінде қалада пәтер жалдап бірнеше отбасымен келісіп қойдық. Олар көшіп келсе, тегін баспана, жұмыспен қамтылады. Балалары да ауылдағы мектепке барады. Көпбалалы отбасыларға керемет мүмкіндік деп ойлаймын, – дейді ауылдық округ әкімі Бауыржан Сатдықов.

IMG_7487

Айта кетейік, «Қаладан ауылға» бағдарламасы аясында Сайқұдықта салынып жатқан баспананың мердігері – «АртСтрой» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Қурайлысай ауылдық округінде атқарылып жатқан жұмыстар  ауылдың әлеуеті зор екенін көрсетеді. Жаңа медициналық пункт,  заманауи баспаналар, әлеуметтік осал топтарға жасалып жатқан қамқорлық – мұның бәрі ауылдың көркеюіне бағытталған нақты қадамдар. Ал «Қаладан ауылға» бағдарламасы – осы істердің шын мәніндегі жалғасы. Ауылға көш толастамасын, Қурайлысайдың берекесі арта берсін!

Әлия Шарапиева,

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале