Ұлттық өнерді ұлықтап, ата-бабадан мирас болып келе жатқан қолөнерді дәріптеу мақсатында «Құрақ құрау – қазақтың құт өнері» атты аудандық қолөнершілер байқауы ұйымдастырылды. Құрақ құрау халқымыздың көнеден келе жатқан қолөнерінің бірі. Ол – түрлі түсті матаның қиындыларынан құрастырылып тігілетін бұйым. Оның пайда болуы тұрмыстық қажеттіліктен туындаған. Ертеректе халқымыз матаның әр қиындысын кәдеге жаратып, ысырапшылдыққа жол бермеген. Осылайша шағын мата бөліктерін біріктіре отырып, көрпе, жастық, төсеніш секілді тұрмыстық бұйымдар жасалған. Уақыт өте келе бұл қарапайым қажеттілік үлкен өнерге айналып, әрбір құрақтың өзіндік атауы, өрнегі мен мағынасы қалыптасты. Мысалы, «ботакөз», «құс қанаты», «шаршы», «ирек» сияқты құрақ түрлері халқымыздың дүниетанымы мен табиғатқа деген көзқарасын бейнелейді.

Аталған шара аудандық ішкі саясат бөлімінің қолдауымен мәдениет үйінің ұйымдастыруымен өтті. Айта кету керек, бұл байқау ауданда алғаш рет ұйымдастырылып отыр. Сондықтан оның маңызы ерекше болып, көпшіліктің зор қызығушылығын тудырды. Шара БҚО дизайнерлер қауымдастығының төрайымы, жеке кәсіпкер, Қазақстан республикасы бойынша көптеген қалалардағы сәп апталықтарының қатысушысы Әсем Кенжебайқызы Сырымованың AS_BRANDS.Kz брендінің «Ақжайық нұры» топтамасымен ашылды.

Байқауға қатысқан аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Думан Ғазез сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі. Ол өз сөзінде ұлттық өнерді дамыту – бүгінгі күннің маңызды міндеттерінің бірі екенін атап өтіп, мұндай байқаулардың жас ұрпаққа тәлім-тәрбие берудегі рөлі зор екенін жеткізді. Сонымен қатар, шараға арнайы қаладан келген қонақ Әсем Сырымова қатысып, ұлттық өнердің дамуына өз үлестерін қосып жүрген шеберлерге қолдау білдірді.
Байқаудың басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды жаңғырту, құрақ құрау өнерін кеңінен насихаттау, қолөнер шеберлерінің тәжірибе алмасуына жағдай жасау және жас ұрпақты дәстүрлі өнерге баулу болды. Шара барысында өңірдің әр ауылдық округтерінен келген шеберлер өздерінің бірінен-бірі өткен әсем, мағыналы туындыларын ұсынып, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді.

Байқау бірнеше кезең бойынша өткізілді. Алғашқы кезеңде қатысушылар өздерін таныстырып, қолөнерге қалай келгендері, шығармашылық бағыттары мен жетістіктері туралы баяндады. Бұл кезеңде әр шебердің жеке ерекшелігі, өнерге деген сүйіспеншілігі айқын көрінді.
Келесі кезеңде шеберлер құрақтан жасалған көрпелерін, тұрмыстық бұйымдарын, сәндік және ұлттық нақыштағы туындыларын таныстырды. Әрбір бұйымнан қазақ халқының тұрмыс-тіршілігі, дүниетанымы мен эстетикалық талғамы көрініс тауып, ұлттық өнердің терең мағынасы ашылды. Сонымен қатар, шара барысында қатысушылар өздерінің қолынан шыққан ұлттық нақыштағы киімдерден ерекше сән үлгісін көрсетті. Қатысушылардың еңбектері арнайы қазылар алқасының әділ бағалауына ұсынылды. Бағалау барысында бұйымдардың сапасы, шеберлік деңгейі, ұлттық нақыштың сақталуы, композициялық үйлесімділігі мен жаңашылдығы басты назарға алынды.

Шара барысында құрақ құраудың тек қолөнер ғана емес, терең тәрбиелік мәні бар өнер екендігі кеңінен насихатталды. Ол – ұрпақ сабақтастығының белгісі, ананың мейірімі мен жылуының көрінісі. Әрбір құрақтың өзіндік сыры, тәрбиелік мәні бар екені айтылып, ұлттық өнердің рухани құндылығы ерекше атап өтілді.
Байқау қорытындысы бойынша үздік деп танылған қатысушылар анықталып, жүлделі орындар иеленді.
І орынға ие болған атамекендік Орынғаным Құрманиязова 100 000 теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықпен марапатталса, ІІ орынды мерейлік Данагүл Джанаева иеленіп, оған 70 000 теңгеге қол жеткізді. Ал, жүлделі ІІІ орынға Шежін ауылынан келген Азиза Ибадильдина лайық деп танылып, 50 000 теңге сыйақымен марапатталды.

Сонымен қатар, байқауға қатысқан өзге де шеберлердің еңбегі елеусіз қалмай, әрқайсысына 20 000 теңгелік сертификаттар мен арнайы дипломдар табысталды.

Осындай алғаш рет ұйымдастырылған игі шара ұлттық өнердің дамуына тың серпін беріп, құрақ құрау өнерін жаңа деңгейде насихаттауға жол ашты. Бұл бастама алдағы уақытта да жалғасын тауып, дәстүрлі өнеріміздің өркендеуіне өз үлесін қоса беретіні сөзсіз.
Бекжан Бақытжанұлы
Тасқала ауданы