10.11.2023, 14:45
Оқылды: 37

«Құрақ жасау шыдамды талап етеді»

Халқымыздың барлық ұлттық құндылығы сияқты қазақтың қолөнер бұйымдары да – ұрпаққа мұра және мақтаныш. Адам қиялының шексіздігін қолының ісмерлігі-ұсынақтылығымен көркем өнерге айналдырып, тұрмыстық қажеттілікке тұтынатын мүлік әзірлеу – бабадан жалғасқан асыл өнер. Қарасаң көздің жауын алатын, тұтынсаң қажетіңді өтейтін бұйымның бірі – құрақ көрпе.

Қымбат Аманғалиқызы

Бүгінгі біздің кейіпкеріміз тігін тігу өнерін анасынан үйренгенін айтады. Қымбат Жұмалиева – Тасқала ауданына қарасты «Черная падина» деген елді мекеннің тумасы.

Ол 1988 жылдан бері аудандағы тұтынушылардың құқығын қорғау басқармасында хатшы, іс жүргізуші болып жұмыс істейді. Ол тек жұмысымен шектелмей, бала кезінен қайшы мен жіпті жанына серік еткен. Өмірінде қолөнерге жақындауына анасы себепкер болған.

Анасының айналасында жүріп құрақ құрауды, киім тігуді үйренген кейіпкеріміз қолы қалт етсе тігін машинасының жанына баратын. Қымбат Жұмағалиева бүгінде өз ісінің шебері болып, өскелең ұрпаққа өнегесін бөлісіп жүр. Өйткені ол – жылжыған жылдардың еншісінде жүріп, тәжірибе жинақтаған тігінші. Кез келген адам бұйымтайын қысылмай айтып, күдіксіз сене алады.

1b302b29-f5f9-4990-b86c-e040fd741e5e

– Кішкентай кезімнен бастап анам осы іске баулыды. Әкем де қуанбаса, қарсы болған жоқ. Ол тігін тігу ешқашан ұмытылмайтын іс екенін айтып, қолдау білдіріп отыратын. Қазір әкемнің айтқаны айдай келді. Халқымыз ежелден «Қол өнері – кілемде» деп қолөнерге ерекше мән берген ғой. Заман өзгерсе де, сол құрмет әлі азаймаған. Қазақ бүгінге дейін құрақ құрап, көрпе тігеді, көйлек пішіп, ою салады. Бұл әкем айтқандай, ешқашан өзін жоғалтпайтын қолөнер, – дейді ісмер.

Құрақ көрпенің өңін келтіріп, келбетін кіргізу үшін қажырлы еңбек керек. Бұл жайлы Қымбат Аманғалиқызы былай дейді:

 – Құрақ жасау шыдамды талап етеді. Тігуге өткір қайшы, тігін машинасы керек болады. Бұл жерде түстің бір-бірімен үйлесімділігі өте маңызды. Матаның да қалай қиылғанына назар аудару керек. Негізі әр істі жасағанда селқос, зейінсіз қарауға болмайды. Себебі ол сүйкімсіздікке және салақтыққа әкеледі. Қазақтың оюы көп. Мысалы, шаңырақ оюын аяқ астына төсеп, тапап жүреуге болмайды. Әр оюдың өзінің мән-мағынасы болады. Өзім көп қолданатын оюларым қошқар мүйіз, сынық мүйіз құрақтары және этно көрпелер. Құрақ көрпе тіккенде жаным жай табады. Балам айтқандай, «Біздің мама – фантазер» дейді. Құрақ құраған кезде ауыратын жерім жазылатын сияқты сезінемін. Энергия беретін секілді көрінеді. Тіккен кезде жақсы әсер аламын, өзіме қатты ұнайды. Өзімнің бөлмеме кіріп, тігіп отырғанды қатты жақсы көремін. Тіпті телидадар қарауға да уақытым болмайды. Бір тіксең, шыға алмай қаласын. Бастаған істі аяқтағанды жөн көремін. Құрақ көрпе, қыз жасауын, қолымнан келгеннің барлығын тігемін. Былтыр көрмеге де қатысқаным бар. Әрине, армансыз адам болмайды. Қыздарды осы құрақ тігуге үйреткім келеді. Қыз баласы қолына ине ұстай білуі қажет. Өзімнің өсіріп отырған қызым бар. Оған да барлығын үйретуге тырысамын, - дейді Қымбат.

Гүлмира Серікқалиқызы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале