3.04.2024, 12:45
Оқылды: 69

Құран бағыштап, ел амандығын тіледі

Қоян жылының арты қатты болып, көктем шығып, қар еріп, ел басына күн туды.

IMG20240403111225

Жалпы елімізде, біздің Батыс өңірінде тілсіз жау - ағын су халықты біраз әбігерге салды.

Әсіресе, Батыс Қазақстан облысында тасқын судан зардап шеккендер көп. Тіптен ауылдарды су шайып, тұрғындар баспанасыз, төрт түлік малсыз қалып отыр.

IMG-20240403-WA0192

Казталов ауданы бойынша да Сарыөзен мен Қараөзен бойында қоныс тепкен елді мекендерді ағын су басу қаупі төнді. Ресейден басталатын қос өзенге мол су келіп, арнасы тасыды.

Бірінші кезекте Казталов, Жалпақтал ауылдарына қатер төнді. Осы жерде аталмыш ауыл тұрғындарының ынтымағы білінді. Ел бірігіп, тасқын судан қорғанды. Ағын судың беті қайтқанымен, қауіп сейілген жоқ.

Осы орайда аудан орталығы Казталов ауылында тасқын судан қорғану үшін құран бағышталып, құрбан шалынып, ас берілді.
Казталов ауылдық округі әкімінің аппаратының және аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастырумен ауыл ақсақалдары мен тұрғындардың басын қосып, су шыққан жерде Казталов мешітінің имамы Жандосбек Құсайынов құран оқып:

- Алла тағала тілсіз жаудан сақтасын! Ел, жұрт аман болсын! - деп дұға тіледі.

Қайрат Жақын,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале