Әлемдік деңгейде мәртебесі биік діни мереке саналатын Құрбан айт - барша мұсылман қауымына ортақ ұлық мейрам. Хижра-мұсылман күнтізбесі бойынша Ораза айт мейрамынан жетпіс күн өткеннен кейін болатын мереке Құрбан айт мейрамы мұсылман халқы үшін қасиетті күн болып саналады. Осы күні құрбан шалынып, иісі мұсылман бір-біріне тілек айтып, араздасқан болса, татуласады. Бірлік пен ынтымақ, имандылық турасында келелі әңгіме қозғалады.
Құрбан айт мерекесі биыл маусым айының 28-нен басталып, үш күн тойланбақшы. Қасиетті мейрамды Қаратөбе ауданының халқы да лайықты қарсы алды.
Сауап пен имандылыққа жетелейтін ұлық мерекемен аудан халқын құттықтаған аудан әкімі Қ.Сүйеуғалиев барша мұсылман қауымына ниеттерінің қабыл болуына тілектестігін жеткізді.
– Айт – ағайын арасын жақындастыра түсетін, адамзат баласын имандылыққа ұйытып, қанағат пен тәубеге үндейтін ұлық мереке. Бұл күндері барша мұсылман ізгі амалымен Алланың разылығына бөленеді. Айт күндері қасиетті Меккеде қажылық парызын өтеп жатқан мұсылман үмбеті Жаратушыға жалбарына дұға жасап, құрбандық шалады.
Құрбан айтта жасаған барша ізгі амалдарыңызға сауаптан жазылсын. Қайырымдылық пен жанашырлыққа үндеп, адам бойына мейірімділік пен сүйіспеншілік ұялататын мерекеде көмекке мұқтаж азаматтарға қамқорлық жасайық. Бауырмалдығымызды көрсетіп, жақсылыққа жаны құмар жандар ретінде қоғамның өзгеруін өзімізден бастап, ізгі істердің ұйытқысы болуға шақырамын.
Құрбан айт мерекесінде тілеген тілектеріңіз қабыл, мұраттарыңыз асыл болсын! Шаңырақтарыңыз құт-береке мен төрлеріңіз ырыс-ынтымаққа толсын! Баршаңызға ұзақ ғұмыр, зор денсаулық нәсіп етсін! - деді аудан басшысы.
Таңмен аудандық мешітке бет алған мұсылман қауымға аудандық мешіттің бас имамы Әділжан Бекқазиев аталмыш мерекенің маңызы мен мәртебесіне тоқталып, мешітке жиналған жамағатқа уағыз айтты. Құрбан шалудың тәртібі мен шарттарына да тоқталып өтті.
Уағыз насихат жұмыстарынан кейін мешіт жамағаты имамға ұйып 2 ракағат намаз және құтпасы оқылып, жиылған жамағат ел мен жердің амандығы үшін Жаратушыдан дұға тілек тіледі. Риясыз жүзге күлкі үйірілген жамағат бір біріне айт қабыл болсын айтып, құрбандық шалуға ниет қылды.
Құрбандыққа шалынған малдардың еті жетім-жесірлерге, мұқтаж жандарға және жағдайы төмен отбасыларға таратылды.
Райымбек Абай,
Қаратөбе ауданы
zhaikpress.kz