Тасқала ауданының мешітінде әйелдер жамағатының қолдауымен қасиетті Құрбан айт мейрамына орай балаларға арналған мерекелік шара өтті.
Шараға мектеп жасындағы балалармен қоса ата-аналары да қатысты. Балдырғандар берілген тапсырмалар бойынша Құрбан айт пен мерекеде өткізілетін рәсімдер туралы ақпаратты меңгерді. Олар ойындарға белсене қатысып, бой сергітіп, әртүрлі ой ұшқырлығын талап ететін тапсырмаларды орындап шықты. Мектеп жасына дейінгі бүлдіршіндерге аниматорлар сергіту ойындарын ойнатып, сурет салғызды. Ойындардан бөлек, түрлі ұлт киімдерінің көрсетілімі болды. Бұл күн бүлдіршіндер үшін өте қызықты да көңілді әрі пайдалы өтті. Шара соңында ойынға белсене қатысқан барлық бала мақтау қағаздарымен марапатталды. Сонымен бірге тәтті толтырылған айт дорбалары таратылып, «Баракат» дәмханасының иесі, жеке кәсіпкер Азамат Кұлшымановтың демеушілігімен балаларға ойыншықтар үлестірілді.
– Құрбан айт мерекесіне орай ұйымдастырылған шара кішкентайларға өте ұнады. Өзімнің балаларым да ерекше қуанды. Басты мақсат ұл-қыздарға қасиетті мерекенің маңызын, айтта қандай амалдар жасалатынын түсіндіру болды. Ойыннан өзге ұлттық киімдер үлгісінің көрсетілімі болып, балаларға мерекелік дастарқан жайылып, сыйлықтар үлестірілді. Осы орайда айта кетейін, ойыншықтар алуға демеушілік жасаған жеке кәсіпкер Азамат Кұлшымановтың отбасына алғыс білдіреміз. Құрбан айт мейрамын жыл сайын осылай кең көлемде атап өтсек, нұр үстіне нұр. Айт құтты болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бауырымыз бүтін болсын. Алла Тағала отбасымызға береке-бірлік, жақсылық, молшылық берсін. Салиқалы, тәрбиелі, білімді ұрпақ тәрбиелеуімізді нәсіп етсін!, – деді шараға қатысқан ата-аналар атынан Ақерке Жантемірқызы.
Н.Мұсағалиева,
Тасқала ауданы