Көктемгі су тасқынын алдын алу бойынша Бәйтерек ауданы Құрманғазы ауылдық округінде де қажетті іс-шаралар жүзеге асып жатыр. Бес адамнан құрылған су тасқынын алдын алу бойынша ауылдық штабының және 16 адамнан құрылған арнайы әрекет тобының мүшелері жұмыс істеп, кезекшілікте тұр.
Ауылдық округ әкімі Әдемі Жұманиязованың сөзіне қарағанда, қазіргі таңда ауылды су басу қаупі жоқ. Тек ауылға келетін күре жолдың кейбір жерлерінен су өту байқалды. Соған сәйкес тиісті шаралар жүргізіліп жатыр.
- Біз кешеден бері сол жолдың бойына жиі-жиі барып, жұмыстың жүру барысын қадағалап жүрміз. Жағдай қалыпты. Жалпы, бізде көктемгі су тасқыны маусымына қажетті техникалар мен құрал-жабдық дайын. Яғни 2 МТЗ-80, МТЗ-80, ДТ-75 (күрегімен) тракторлары мен УАЗ автокөлігі, мотопомпа, электргенератор сақадай сай. Қажетті инертті материалдар да бар. Ауылдың іші-сыртындағы су ағатын құбырлар мен арықтар қардан тазаланды, - дейді Әдемі Құбышқызы.
Серік Маратұлы,
Бәйтерек ауданы
zhaikpress.kz