28.01.2025, 17:15
Оқылды: 99

Құрмет биігіндегі еланасы

Бәйтерек ауданында володарлық Нұржамал Николайқызын білмейтіндер кемде-кем. Өйткені ерен еңбекті жоғары бағалайтын, адалдық пен әділдікті құрметтейтін азаматтар ол кісіні нағыз еңбек адамы деседі. Бұлай деуге толық негіз бар. Бір мекемеде 38 жыл бойы табан аудармастан қызмет етіп келе жатырған еланасының қоғамдық бағытта атсалысқан істері де бір төбе.

IMG-20250128-WA0014

Нұржамал Мұханбетжанова 1964 жылы РФ Саратов облысы, Ершов ауданы, Комсомольское селосында қарапайым отбасында дүниеге келген. Мектептен соң Орал қаласындағы ол кездегі А.Пушкин атындағы институтты биология және химия пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша аяқтағаннан кейін берілген жолдамаға сәйкес Волордар мектебінде 1987 жылдан бастап қызмет атқарып келеді.

Ұтымды ұйымдастырушылық қабілетімен мақсатқа ұмтылу, талапшылдық, жоғары жауапкершілік секілді жеке қасиеттері мол іскер жан 1999 жылы мектеп директоры болып тағайындалған. Нағыз құлдырау жылдарында ауыл мектебінің жоқ-жітігін бүтіндеп, жоқтан бар жасай алған шебер басшы мектептің сақталып қалуына айрықша үлес қосты. Тәжірибелі басшының ұйымдастырушылықпен қатар ерекше еңбектерінің бірі – балалардың оқуға деген ынтасын көтеру мен мемлекеттік білім стандартын орындау жолында ұйымшыл ұжым қалыптастыруы. Тәлімін алған түлектері де жақсы нәтиже көрсетіп, әр салада табысты еңбектенуде.

IMG-20250128-WA0015

Адал әрі мінсіз қызметі мен келешек ұрпақты тәрбиелеу жолында еткен еңбегі үшін Нұржамал Николайқызы бірнеше мәрте марапат төрінен табылған.

Мектеп ұжымы мен тұтас ауыл халқының алдындағы жоғары беделі оның қоғамдық жұмыстарды да табысты іске асыруына жол ашуда. Бір ғана мысал, Нұржамал Николайқызы жиырма бес жылдан бері сайлау комиссиясы қатарында жұмыстанып келеді. Ел болашағы үшін маңызды сайлауларды тиімді ұйымдастыруда тәжірибесімен танылған жан талайға үлгі. Қай істе де адалдықтың ақ туын жықпай, қара қылды қақ жаратын әділдігі – ұрпаққа өнеге.

Қай салада болмасын өз ісіне адалдық танытып, алға ұмтылған жан көздеген биігіне көтерілетіні ақиқат. Айналасына мейірім шапағатын төгіп жүретін Нұржамал Николайқызының еңбегін құрметтеген халық қалаулылары өткен жылдың соңында «Бәйтерек ауданының құрметті азаматы» атағына лайық деп таныды. Құрмет биігіндегі еланасына мықты денсаулық, отбасына бақ-береке тілейміз!

 

Нұржан Тоғызбайұлы,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале