Бүгін Тасқала ауданы әкімі Бауыржан Айтмағамбетов ауыл тұрғыны Жарас Жамансариевті қабылдады. Қабылдау барысында аудан басшысы Жарас Николайұлын асқаралы алпыс жасқа толуымен шын жүректен құттықтады.
«Сізді бүгінгі келіп жеткен жаңа жасыңызбен құттықтаймын. Осы кезге дейін елдің алдында жүріп, біраз биік белестерді бағындырдыңыз. Қолға алған кәсібіңіздің алға басуына тер төгіп, тынымсыз еңбек етіп келесіз. Алдағы уақытта да кәсібіңіз дамып, ауданымыздың көркеюіне септігі тиеді деген сенім білдіремін. Алпыс жасыңыз құтты болсын. Деніңіз сау болып, отбасыңыз аман болсын», – деп жылы лебізін білдірген аудан әкімі Бауыржан Есқайырұлы мерейтой иесінің иығына шапан жауып құрмет көрсетті.
Жарас Николайұлы 1961 жылы 14 желтоқсанда Волгоград облысында дүниеге келген. 1982 жылы Орал ауыл шаруашылығы техникумын және одан кейін Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан агротехникалық университетін зоотехник мамандығы бойынша тәмамдаған. Алғашқы еңбек жолын 1984 жылы Камен аудандық «СТК ДОСААФ» көлік жүргізу курсының оқытушысы болып бастаған. Өз біліктілігін көрсете білген жас маман 1987 жылы «ПМК западэлеватормелстрой» кәсіпорнына бас механик лауазымына ауысқан. Аталмыш орында төрт жыл жемісті еңбек еткен Жарас Жамансариев 1991 жылы «Өсімтал» ЖШС бас директорының орынбасары лауазымын абыроймен атқарды. Егемен еліміздің экономикасының көтерілуі бағытында тынбай еңбек еткен азамат 2000 жылы «Автотранс» ЖШС бас директоры болып тағайындалды. Елдегі шағын және орта бизнестің қанаттануына өз үлесін қосу мақсатында Ж.Жамансариев 2005 жылы «Арай» шаруашылығын құрды. Аталмыш шаруа қожалығы шебер ұйымдастырушы, білікті маман, білгір басшы Жарас Николайұлының арқасында қанатын кеңге жайып, өркендеуде. Қазіргі таңда «Арай» шаруа қожалығы аудандағы ірі шаруашылықтардың көшін бастап келеді.
Әсет Баян,
Тасқала ауданы
zhaikpress.kz