15.03.2026, 18:23
Оқылды: 17

«Құрмет» орденінің иегері референдумда дауыс берді

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен «Құрмет» орденімен марапатталған Жалпақтал ауылының тұрғыны, аудандық №2 аурухананың директоры Надежда Владимирқызы Васильева республикалық референдумға қатысып, өз таңдауын жасады.

photo-output

Мемлекет басшысының қолынан жоғары мемлекеттік марапат алған білікті дәрігер бұл жолы да азаматтық белсенділік танытып, отбасы мүшелерімен бірге өзі тіркелген №253 референдум учаскесіне келіп дауыс берді.

Көп жылдан бері денсаулық сақтау саласында еңбек етіп келе жатқан Надежда Владимирқызы аудан тұрғындарының денсаулығын қорғау жолында табанды қызмет атқарып келеді. Оның басшылығымен аудандық №2 ауруханасында медициналық қызмет сапасын арттыру, тұрғындарға қолжетімді әрі сапалы медициналық көмек көрсету бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Медициналық мекемеде жаңа әдістер енгізіліп, науқастарға көрсетілетін қызметтің тиімділігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде.

Тәжірибелі бас дәрігердің айтуынша, еліміздің болашағына қатысты маңызды шешімдер қабылданатын мұндай саяси науқандарға қатысу – әр азаматтың жауапкершілігі.

— Бүгінгі референдум – мемлекетіміздің дамуы мен келешегі үшін маңызды қадам. Әрбір азамат өз дауысын беру арқылы елдің ертеңіне үлес қосады. Біз ең алдымен еліміздің тыныштығын, халықтың амандығын қалаймыз. Тұрақтылық пен бірлік болған жерде медицина саласы да, басқа салалар да дамиды, – деді Надежда Владимирқызы.

Ол сондай-ақ халық денсаулығы – ел дамуының басты кепілі екенін атап өтті. Сондықтан дәрігерлер қауымы әрқашан тұрғындардың амандығы мен өмір сапасын жақсарту жолында қызмет етуге дайын екенін жеткізді.

Осылайша «Құрмет» орденінің иегері Надежда Владимирқызы Васильева отбасымен бірге референдумға қатысып, ел тағдырына бейжай қарамайтын азаматтық ұстанымын көрсетті.

Қыдыр Харесұлы
Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале