Былтыр Казталов ауданында аудандық әжелер алқасының төрайымы Нұрия Самиғоллақызының бастамасымен «Құрмет» танымдық-авторлық жобасы қолға алынған болатын. Аталған жоба биыл да жалғасын тауып, қасиетті жылқы жылында аудан көлемінде отбасы құндылықтарын дәріптеп, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып жүрген, қоғам өмірінде елеулі еңбегімен танылған азаматтар мен азаматшалардың өнегелі өмір жолын насихаттауды мақсат етіп отыр.

Ақпан айының 24-і күні аудан орталығындағы аудандық кітапханада «Құрмет» танымдық жобасының кезекті кеші өтті. Бұл жолғы кездесуге Талдыапан ауылдық округі тұрғындары – ұлағатты ұстаз Жарқынай Муфтахиева мен көпбалалы ана, хореограф Данагүл Ралитова арнайы қонақ ретінде шақырылды.
Кеш тізгінін ұстаған жоба авторы Нұрия Самиғоллақызы жиналған қауымға қонақтарды таныстырып, олардың еңбек жолына, өмірлік ұстанымына кеңінен тоқталды. Ашық форматта өткен сұхбат барысында кейіпкерлердің ғибратты ғұмыры, еңбек тәжірибесі, өмірлеріндегі қызықты сәттері әңгіме арқауына айналды. Кеш қонақтары отбасы тәрбиесі, ұстаздық пен өнер жолындағы ізденістері жөнінде ой бөлісіп, жас ұрпаққа тағылымды кеңестерін жеткізді.
Шара барысында жобаны қолдаған «Ақторғын» ансамблінің мүшелері әсем әндерді нақышына келтіре орындап, кеш көркін қыздырды. Ән мен әңгіме өрілген мазмұнды кездесу көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Тәрбиелік мәні зор танымдық кеш соңында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Жүсіп Шакуов сөз алып, жоба кейіпкерлеріне алғыс хаттар мен естелік сыйлықтар табыс етті. Ол өз сөзінде «Құрмет» жобасының қоғамдағы өнегелі жандарды насихаттаудағы маңыздылығына тоқталды.

Сонымен қатар аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айдана Ғабитқызы Талдыапаннан келген қонақтарға ризашылығын білдіріп, жоба авторы Нұрия Самиғоллақызын туған күнімен құттықтады. Бұдан бөлек, жоба кейіпкерлеріне Талдыапан ауылдық округі әкімдігі тарапынан да құрмет көрсетілді.
Өнегелі өмірді өскелең ұрпаққа үлгі еткен «Құрмет» жобасы алдағы уақытта да өз жалғасын тауып, ел ішіндегі елеулі тұлғаларды ұлықтауға қызмет ете бермек.
Қайрат Жақып,
Казталов ауданы