Ел тәуелсіздігін тұғырлы ету жолында тер төккен бірқатар азаматтарымыз Казталов ауданының құрметті азаматы атанды. Сол жандардың қатарында Жалпақтал ауылының байырғы тұрғыны, жаны жомарт кәсіпкер Ахметқали Қарағойшин де бар.
– Аудан һәм ауыл әлеуетін көтеруде жекелеген тұрғындардың да атқарған еңбектері өлшеусіз. Осы ретте Ахметқали Жиенбайұлы сияқты өмірлік тәжірибесі мол жандардың да оған қосқан үлесі мол. Жуырда сондай жеті жерлесіміз ауданымыздың Құрметті азаматы атанып, оларға арнайы төсбелгі мен бағалы сыйлықтар табыс етілді, – дейді аудандық мәслихат хатшысы Сәрсенбай Молдашев.
Ел-жұрты ардақтап, көп құрметіне бөленіп жатқан Ахметқали Жиенбайұлы – мұндай сый-құрметке өте лайық азамат. Оның бойынан екінің біріне бұйыра бермейтін іскерлік қабілет ерте байқалып, көп ортасында әркез ерекшеленіп тұратынын көнекөздер жиі әңгімелейді. Оның еңбекке араласып, туған ауылының дамуына өз үлесін қоса бастағанына да 45 жылдай болыпты. Ол жұмысқа жаңадан келген жас мамандарға ағалық ақыл-кеңесін айтып, қандайда бір өзекті мәселелер кездесе қалса, тез арада шешуді, болмаса тиісті орындарға ұсыныс түсіруді өзінің абыройлы борышы санаған. Халқы сыйлаған ер бүгінде құрметті еңбек демалысында болса да, өзінің сүйікті кәсібінен қол үзген жоқ.
Қыдыр Харесұлы,
Казталов ауданы
zhaikpress.kz