Бүгін өмір жолында еңбексүйгіштік, қоғамдық белсенділігімен ерекшеленіп, нағыз азаматтық қасиеттерге ие ірі тұлға ретінде аудан тұрғындарының игілігіне бөленіп, ең қызықты да қиын салаларда қызмет атқарып келген аудандық мемлекеттік архивтің директоры Жанар Қошанова зейнет жасқа толып жатыр.

Аудан басшысы Тимур Шиниязов әкімдіктің үлкен мәжіліс залында, басшы-қосшылардың басы қосылған жиында туған күн иесін зейнет жасымен құттықтап, оның үлгілі өмірі мен еңбек жолына тоқталып өтті. 42 жылдық еңбек өтілінің 30 жылын мемлекеттік қызметке арнаған Жанар Диясқызына аудан белсенділері мен әріптестері жылы лебіздерін арнады. Соның ішінде аудандық мәслихат төрағасы Тахир Қадимов, аудандық аналар кеңесінің мүшесі, ардагер ұстаз Гүлнәр Хайырлиева, «Жәнібек әйелдері» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Ғалия Елемесова, аудандық ардагерлер кеңесінің белсенді мүшесі Ерсайын Құбашев, Жақсыбай ауылдық округінің әкімі Алмат Қаратаев сынды қызметтес болған бір топ азамат ақ жол тілеп, үлгі етер тұстары мол жан екенін айтып, аудан үшін әлі де қызмет етсе деген ниеттерін жеткізді.
Аудан басшысы қуаныш иесіне өз атынан және облыстық мемлекеттік архивінің директоры Бек Жәңгіровтың құттықтаухатын табыс етіп, иығына камзол мен ақ жаулық жапты.

Жанар Диясқызы өз кезегінде өзіне көрсетілген құрметке алғыс айтты. Аудан басшысы мен барша әріптестеріне разы екендігін жеткізіп, зейнетке шығу шарасы кезіндегі қоштасу салтанаты ерекше есте сақталатынын жасырмады.
Арай Сейфолла
Жәнібек ауданы