Қазақ күй өнерінің саңлағы Дәулеткерей Шығайұлының 205 жылдығына арналған «Жігер» республикалық күйшілер байқауына қатысушылар Хан ордасына табан тіреді.

Еліміздің түкпір-түкпірінен ат арытып жеткен қонақтарды аудан әкімі Нұрлыбек Даумов бастаған игі жақсылар қарсы алды. Айта кетелік, алыс-жақыннан жеткен қадірлі қонақтардың қатарында “Құрмет” орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген мәдениет қызметкері, ауданымыздың құрметті азаматы Ермек Қазиев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Махамбет» атындағы сыйлықтың иегері, профессор, күйші-ұстаз, Кәрима Сахарбаева, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, К.Байсейітова атындағы Қазақ ұлттық өнер университеті «Домбыра» кафедрасының меңгерушісі Абылғазы Ахмадиев және т.б бар.

Салт-дәстүрдің сарқылмас көзі – қонақ күту мәдениеті бұл жолы да өзінің көркем үрдісін жалғастырды. Жергілікті өнерпаздар ұжымы қонақтарды “Орда - туған мекенім” әнімен қарсы алды. Ұлттық киімдегі арулар ақ ұсынды, ақжарма тілектер айтылып, қонақжай қазақы пейілдің шынайы үлгісі паш етілді.

Айта кетелік, «Жігер» байқауына еліміздің барлық өңірінен келген 19 күйші қатыспақ.

Арайлым Есмағұлова
Бөкей ордасы ауданы