30.06.2020, 15:02
Оқылды: 46

Құрметті теміржолшы Тасқалада тұрады

Әр саланың бір-біріне ұқсамайтын, сырт көзге аса байқала бермейтін қырлары жетерлік. Тасқала ауданы халқы жылылықпен әңгімелейтін Төлеген Тасқалиев ақсақал өмірінің 44 жылын теміржол саласына арнаған.

16440BF5-B26F-470A-8534-57E321599301

Сыпайы, сабырлы жанның өмір өткелі сан алуан тағдыр жолымен қабысты. Марқұм әкесі Бақтығали да теміржолшы болатын. Күн қаққан жүзінен қажымас қайсарлығы байқалып тұратын еңбекқор жан ұрпағына еңбекпен тапқан нан тәтті болатынын ісімен ұғындырды. Соғыс зардабын бала санасымен ұғынып өскен Төлеген ағайдың есінде майданға бара жатқан эшелондар тізбегі қалып қойған. Иә, ол кезде белгісіз бағытқа бет алған әскери эшелондар жүйткіп жататын. Вокзал маңы қашан да у-шу, азан-қазан боп тұратын. Пойыз тоқтағанда жауынгерлердің су алуға жүгіретіні, енді бірінің бел жазып тұратын суреті бала санасында қалып қойған.

6C35170F-4892-4E6B-B1F1-E97DD13E0E40

Төлеген аталып кеткен Төлепберген ағай қазіргі Достық ауылында 1938 жылы туған. Бала кезінен әкесінің тынымсыз тартыспен өткен өмірін көріп өсті. 1956 жылы 8-сыныптан соң өзі де әке салған ізді жалғап, теміржолға жұмысқа кірісті. Қарап отырса, осы салада әр сатыдан өтіп, тынымсыз еңбек етті. Үздік қызметімен ел аузына ілікті. Абыройы аспандады. Ол еңбек еткен «Шипов» станциясынан ол кезде пойыздар әртүрлі бағытқа зулап жататын. Мектепті бітірген бозбаланың алдында қиын да жауапты міндет тұрды. Әкесінің жолын қуып, ойланбастан теміржолға жұмысқа тұрды. Күн-түн демей жұмыс істеді. Қиындықтан қашпады. Жұмыс істеп жүріп, білім алды. Орынбор қаласында теміржолшылар дайындайтын техникумда оқып жүріп әскерге алынады. Қайтып келген соң да осы салада еңбек жолы жалғасты. Кейін Ақтөбе қаласындағы техникумға оқуға түседі. Иә, 18 жасында шойын жолды бақылайтын қарапайым жұмысшы боп еңбек жолын бастаған ол тындырымды ісінің, қажырлы еңбегінің арқасында басшылыққа дейін көтерілді. Еңбегі орынды бағаланды. Өзге медальдарының ішінде «Құрметті теміржолшы» атағы бір төбе. Бұл атақты бел шешпей еңбек еткен әкесі марқұм да ала алмаған еді.

7F1038D5-5C6F-4AE6-88CA-C804C8F9F6E1

Осы 44 жыл ішінде талай қиындық пен қызықты сәттер бастан өтті. Қыс мезгілінің боранды кездерінде талай жолшылар келіп қалған пойызды байқамай, қайтпас сапарға аттанды. Еске түссе, тұла бойы шымырлап кетеді.

Жұмысқа өте тиянақты, жауапкершілігі жоғары Төлеген ағай әріптестері арасында сый-құрметке бөленді. Ол кезде пойыздың тоқтамауы, жұмыстың жүріп тұруы басты мақсат еді. Сол үрдістен шықпай, қажырлы еңбегімен ел есінде қалды. Экономиканың күре тамыры саналатын теміржолдағы еңбегі көпке өнеге. Бүгінде ел экономикасының қозғаушы күші саналатын теміржол Батыс пен Шығысты, Оңтүстік пен Солтүстікті байланыстырып тұратын алтын көпір болды. Ол кезде пойыз тасымал қатынасының ең қауіпсіз түрі саналатын. Өзі, әкесі және інісі Құсайын да осы теміржолда еңбек етті.

– Разъездге тоқтамағанда зулап бара жатқан пойыздан секіріп түсіп қалушы едік. Қайран жастық десейші, – дейді кейіпкеріміз өткен күн елесімен ойша сырласып.

Төлеген ағай мен әкесі, інісінің іздері қалған ғасырдан астам тарихы бар «Шипов» станциясында мекеме тынымсыз еңбегін тоқтатқан емес. Осындай еңбек көрігі қызып жататын мекеменің аз-мұз тарихына тоқтала кетуді жөн көрдік. 1901 жылы «Орынбор-Ташкент» теміржолының құрылысы басталған еді. Екі аралықта 72 станса, 159 разъезд, 17 ірі көпір салу көзделген. Бекітілген сызба бойынша Илецк, Ақтөбе, Шалқар, Арал, Қазалы, Қызылорда, Түркістан қалалары нысанаға алынған. Жол құрылысы екі бағытта жүргізілген екен. Оның біріншісі 1009 шақырымды құрайтын Орынбордан Қазалыға дейінгі аймақ болса, екіншісі 843 шақырымды алып жатқан Ташкент пен Қазалы арасындағы дала. Бүгінде аудандық теміржол стансасында 43 адам жұмыс жасайды. Төлепқали ағай жоқ демесеңіз, бұл мекемедегі тынымсыз тірлік қалыпты жағдайда.

Біз «Құрметті теміржолшының» шаңырағына арнайы атбасын бұрдық. Сабырлы мінезді, қарапайым еңбек адамы сексеннің төріне озса да, тың. Мәдениетті. Байыпты әңгімесімен өткен күн жайында біраз ойын ортаға салды.

– Пойыз уақытында жүруі үшін күн-түні жұмыс істедік. Бір минут кешігуге болмайтын. Талап қатал еді. Әкем бар өмірін теміржолға арнаса да, маған бұйырған «Құрметті теміржолшы» атағын ала алмай кетті. Ол кезде бұл марапат «Социалистік Еңбек ері» атағымен бірдей еді, – дейді өткен күннің жеңісі шырайын ашып. Асыл жары Сәуле Жұмағұлқызымен бір ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде қос перзентінен немере-жиен сүйіп отырған бақытты жандар.

Гүлнар Қадырова

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале