18.11.2020, 17:20
Оқылды: 81

 Құрсайдағы көне құдық

  Құрсай бойындағы көне құдық туралы өткен ғасырдың 70-80 жылдары естігенбіз. Шыңғырлау ауданындағы елді мекендерді аралау мақсатында жанынан өткенде талай шөл басып, су ішкеніміз де есімде. Сол кезде-ақ құдық тарихы, оның сыры қызықтырған болатын.  

32FE3BA8-0D7A-48CB-90B5-B1E5C47B736B

Қоңыр күздің жайма-шуақ күнінің бірінде Құрсай бойындағы осы көне құдыққа жол түсті. Жолбасшымыз ұзақ жылдар бойы малшы болып еңбек еткен Ағатан ауылының тұрғыны Жұмабай Құрманғалиев деген азамат. Алыстан Айтуар биігі менмұндалап мұнартады. Құрсайға жақын қалғандағы сайдың ішінен құдықты тез тауып алдық. Айналасын шөп қаулап, ернеуі төмендеген мал аяғымен таптауыр болған жердегі құдықтың жағдайы жақсы деуге келмейді. Уақыт өтіп, қажеттігі азайған құдық құламағанмен, азыңқырап кеткен екен. Ішіне үңілсек, қапталы қаланған таудың тастары көрінді. Құмыра тәріздес формамен қаланған құдық қабырғалары шебер адамның қолынан шыққанын дәлелдейді. Құлаған, сынған таста жатыр. Құдық суының пайдаланбағандықтан, тазартылмағандықтан жарамсызданғаны да байқалады. Кезінде малы көп, дәулетті адамның қаздырған құдығы екеніне күмән жоқ. Дала есебімен жауын, қар суларына шыдамды етіп салғанын көріп таңданбасқа болмады.

C8C9C7A2-FD59-47D5-93A9-0E7A7E9C6A82

Шамамен ХХ ғасырдың бас кезінде қазылған шығар деп жорамалдадық. Соның өзінде 90-100 жылдай болған-ау. Көне құдық бізді ойландырып тастады. Кең даладағы жол бойындағы құдыққа екінші өмір сыйлау ұрпақ борышы емес пе деп те ойладық. 

F77ADBCF-9246-4D0F-8F25-CFE33F1E4FE7

Осы ой құшағында Шыңғырлауды бетке алдық. Араға ай салып, ұрпақ борышын өтеу мақсатында құдыққа қайта оралдық. Құдық ішін қоқыстан, керексіз дүниеден тазалап шықтық. Құдықты тазалау барысында Мереке, Сабыржан, Таңат, Русландар ерен еңбектерін көрсетті. Ал құдықты жауып, бетіне қондырғы жасауда Әлихан, Қуат, Жайлыбайлар керемет іс тындырды. Жұмыс барысын қағазға, суретке түсіріп жүрген Сарбиназдың дәмді тамағы да сәтті шықты. Құрсай бойындағы бай құдығы өзінің екінші өміріне кірісті деуге болады. Ісіміз сәтті бола берсін!                                                     

Адақ Шотпанов,

Шыңғырлау аудандық білім беру бөлімінің балалар-жасөспірімдер туризмі және экология орталығының директоры

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале