15.09.2023, 17:10
Оқылды: 42

Құрығы ұзын қаржы пирамидалары және құрдымға кетірер құмар ойын

Ақпараттық технология қарыштап дамып, ғаламтор ғаламның бір бөлшегіне айналған қазіргідей заманда адамзат интернеттің пайдасы мен қатар зиянын да шегіп отыр. Олай деуіміздің басты себебі интернет алаяқтары, құрығы ұзын қаржы пирамидалары, құрдымға кетірер құмар ойындар және әлеуметтік желіні жаулаған «аңқау елге, арамза молда» болып жүрген ақылмандар жетерлік. Барлығының да көздегені біреу – қалтаны қағу, оңай жолмен олжаға кенелу.

9CD89932-C55F-43B7-AC62-0385F21C67F1

Статистикалық мәліметке сүйенсек, тек былтырғы жылдың өзінде 31 мыңнан аса адам қаржы пирамидаларының құрбаны болған.

Жәбірленушілерге келтірілген шығын 54 млрд теңгеден асады. Бұл қулығына құрық бойламайтын «қалта қағарлардың» халықты оп-оңай сан соқтырып жатқандығының айқын дәлелі.

Бүгінде табысқа кенелемін деген халық бар жиған-тергенінен әп-сәтте айырылып, тіпті соның кесірінен өз-өзіне қол салып жатқандарда ұшырасады. Құмар ойынға бір құныққан адам оның шырмауынан шыға алмайды. Нәтижесінде шаңырағы шайқалып, бар дүниесін ойынға салып, қарыз бен кредитке батып, басын тауға да, тасқа да ұрып қала береді. Сол себепті де қаржы пирамидаларының, заңсыз құмар ойындардың, интернет алаяқтарының қоғамға келтіріп отырған зияны орасан. Осы орайда құзырлы органдар халықты алаяқтардың құрбаны болудан сақтандырып, алданудың алдын алу бағытында көптеген ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жасап келеді. Халық арасында алаяқтықтың алдын алу бағытындағы бейнематериалдар таратылып, баспасөз беттерінде ақпараттық мақалалар сәт сайын басылып, теледидардан роликтер көрсетілуде. Алайда, «қалта қағарлардың» құрығына ілініп жатқандар қатары азаяр емес.

B9245597-F252-4C72-8FDC-4F32923B6249

Тұрғындардың қаржылық сауаттылығын арттыру бойынша жұмыстар аудандар мен өңірлерде де жүргізілуде. 14 қыркүйек күні Батыс Қазақстан облысы бойынша Тергеп тексеру департаменті Криминалистік бөлімінің бас криминалисті, экономикалық тергеп тексеру қызметінің майоры Армат Қолғанатовтың қатысуымен Казталов ауданы әкімдігінде аталған тақырып бойынша тұрғындармен кездесу өтті. Кездесуге аудандағы түрлі сала қызметкерлері, мұғалімдер, жоғарғы сынып оқушылары қатысты.

Жүздесуде Армат Қайдарғалиұлы қаржы пирамидалары мен құмар ойындарының зардабы жөнінде кеңінен баяндап, облыс бойынша қаржы пирамидаларына алданған, құмар ойындарына салынып шаңырағы шайқалған жандарды мысалға келтіре отырып, осындай фактілердің алдын алу қажеттігін ескертті.

– Елімізде өкінішке орай, көптеген қаржы пирамидалары мен заңсыз құмар ойындарының сайттары, интернет және телефон алаяқтары тұрғындарды сан соқтыруда. Бұл мәселелер бойынша Қазақстан Республикасының Қаржылық мониторингі агенттігі және тиісті мемлекеттік органдар қажетті шаралар қабылдауда. Көптеген қаржы пирамидаларының жұмысына заңмен тыйым салынып құрықталып та жатыр. Алайда, әлеуметтік желіні өз пайдаларына жаратуды жетік меңгерген әккі пирамида өкілдері компания атын жаңаша түрлендіріп, өз жұмыстарын онлайн жарнамалап жалғастырып кетіп жатыр. Қаржы пирамидасын ұйымдастырушылар компания құрып, адамдарға «байытамыз» деп уәде беріп, сеніміне кіреді.

Мұндай пирамиданың жұмыс схемасы қарапайым – қатарға жаңа қосылғандардың есебінен ақша төлейді. Азын-аулақ табыс тапқан алғашқы салымшылар айналасындағы адамдармен өз қуанышын бөлісіп, компанияны туыстары мен достарына жарнамалай бастайды. Сөйтіп қаржы пирамидасына адам жинайды. Бұндай қаржы пирамидаларына көбінесе зейнет жасындағы адамдар, үйде отырған бала күтіміндегі әйелдер, қосымша табыс тапқысы келетін азаматтар көптеп ұрынады. Қалада жатаханада тұратын азаматтар жатаханасын сатып, пәтер жалдап жүргендер несиеге батып аталған қаржы пирамидаларының мүшесі болу үшін бар қаржысын санап беріп жүргендер жетерлік. Бәрінде бір қателік – «жылдам мол табысқа кенелемін» деген жаңсақ ой.

Қазақстанда қаржы пирамидасын құрғандар қылмыстық жауапқа тартылады. Дәлірек айтқанда, Қылмыстық кодекстің 217-бабы «Қаржылық (инвестициялық) пирамиданы құру және оған басшылық ету» бойынша үш жылдан он жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.

Сонымен қатар қаржылық пирамида қызметiн жарнамалағаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодекстің 150-бабында айыппұл түрінде әкімшілік жауапкершілік қарастырылған, - деді өз хабарламасында Армат Қолғанатов.

D315137F-B98D-4BE4-AA20-705907DAD743

Жиын барысында аудандық полиция бастығының  орынбасары Қазбек Нұрманов ауданда орын алған интернет алаяқтығы туралы сөз қозғап, күдік пен күмән тудыратын хабарламалар мен телефон қоңырауларынан сақ болу қажеттігін ескертті.

Аудандық полиция бастығы орынбасарының айтуынша, Казталов ауданы аумағында күні бүгінгі күнге дейін бес алаяқтық қылмастық құқық бұзушылық орын алған. Оның ішінде екеуі интернет-алаяқтық фактісі екен. Полиция бастығы аударылған ақшалар аз уақыт ішінде басқа есептік шоттарға аударылып кететіндіктен интернет алаяқтарына салынған қаржыны қайтару көп жағдайда мүмкін еместігін айтты.

– Ең жиі кездесіп жүрген интернет алаяқтығы ол интернет арқылы сауда жасау. Ауданымызда ыдыс-аяқ сатып аламыз деп алданған әйел адамдарда кездесті. Сондай-ақ алаяқтар өздерін банктердің, құқық қорғау органдарының қызметкерлері етіп таныстырып, біреу сіздің шотыңыздан ақша алуға немесе сіздің атыңыздан несие алуға тырысып жатқандығын хабарлайды. Шын мәнінде бұл сізді жаңылыстыру. Алаяқтар аталған жолмен сізден құпия сөздерді, банк  карталарының нөмірлерін біліп алып, артынша бар қаражатыңызды қағып алады немесе бірнеше миллион кредитті мойныңызға іле салады. Осы орайда, естеріңізде болсын, телефон арқылы ешқашан банк карта нөмірлерін, пин-кодты, хабарламаға келген құпия сөзді және шоттарға қатысты ақпараттарды хабарламаңыздар, - деді аудандық полиция бастығының орынбасары Қазбек Нұрманов.

Кездесуге қатысушылар аталған тақырыпта өз пікірлерін ортаға салып, орган қызметкерлеріне сауалдарын жолдады. Жиында құмар ойындарға бәс тігу, «R.O.I» тұрғын үй кооперативі және «QNET» компаниясы, аудан тұрғындары арасында ватсап-чаттарда ойнатылатын заңсыз лоторея жайында сөз қозғалды. Қатысушыларға тақырып төңірегінде тұшымды жауаптар беріліп, алаяқтық фактілер байқалғанда уақыт өткізбей ішкі істер бөліміне хабарласу қажеттігі туралы кеңестер берілді.

Жұрттың жиған-тергенін жымқырып, қалтаcын қалыңдатқан қаржы пирамидаларының шыңында отырғандар шет ел азаматтары екені анық. Ал біздің жұрт біріне-бірі таратып, астына адам жинап азын-аулақ ақша тапқанға алданып жүр. Өз алданғанын білмей, өзгені де өзімен бірге құрдымға жетелеп барады.

Сөз түйіні

Егер сізге біреу өңіңіз түгілі, түсіңізге кірмеген мол қаражатты, шетелге саяхат, астыңызға арғымақ ұсынса, «бұл не қылған батпан құйрық?» деп бір сәт ойланғаныңыз абзал. Қаржы пирамидасы қалтаңызды қағып кетпесін!

Жансая Жұмажанқызы,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале