Теректі ауданына жұмыс сапарымен БҚО әкімі Ғали Есқалиев келді. Өңір басшысын аудан әкімі Тілек Габдушев қарсылап, бірқатар жұмыстармен таныстырды.
Облыс әкімі Шаған ауылдық округі орталығы Жаңа Өмір ауылындағы үш қабатты көппәтерлі тұрғын үй құрылысы және ауылға кіреберіс жол құрылысының бүгінгі қарқынын көзбен көрді.
Жаңа Өмірдегі көппәтерлі тұрғын үй құрылысына 260 млн теңге көлемінде қаржы бөлінген. Жұмыстарды "Эврика" ЖШС жүргізуде.
Ал ауылға кіреберіс 2 шақырымға жуық жолдың жөнделуін жергілікті тұрғындар асыға күткен еді. Бүгінде аталмыш жұмыстар аяқталып, тек жол белгілерін орнату жұмыстары қалған. Күрделі жөндеуге 214 млн теңге қаржы бөлініп, жұмыстарды "Ануш Құрылыс" ЖШС жүргізді.
Қос құрылыстың басында болған өңір басшысы мердігерлердің жұмысына жақсы бағасын берді.
Халық игілігі үшін жасалып жатқан жұмыстарда қарқын оң болғанымен, сапаға басты назар аударылуы тиіс деді өңір басшысы.
Әділет Орынбасар,
Теректі ауданы,
zhaikpress.kz