9.09.2021, 9:16
Оқылды: 25

Құрылыс қарқынымен танысты

Облыс әкімінің орынбасары Темірхан Меңдіғалиев жұмыс сапарымен Бөкей орда ауданын ат басын бұрды. Бұл бірер ай бұрын тағайындалған орынбасардың аталған өңірге алғашқы келуі. Сапар барысында бірқатар құрылыс нысандарын аралап, аудан тірлігімен танысты.

замаким-1

Жұмыс тобы, алдымен, «Өнеге-Бисен-Сайқын» республикалық маңызы бар жолдың 50-103 км учаскесіндегі жұмыс барысын көрді. Бас мердігер «Ақжолқұрылыс» ЖШС-нің өкілдері жүзеге асқан жұмыс нәтижесімен және алдағы жоспармен таныстырып өтті. Сайқын ауылынан шыға берістегі екі шақырымға асфальттің бірінші қабаты төселіп, тағы да төрт шақырымында осы жұмыс жалғасып жатыр. Негізгі құрылыс жұмыстары маусым, шілде, тамыз айларында жүргізілген. Көктем жаңбырлы болғандықтан, жер дымқыл боп, құрылыс жұмыстарын жүргізуге технология бойынша рұқсат етілмеген. Жоспар бойынша жоба 2023 жылы аяқталуы тиіс.

замаким-2

Бұдан соң облыс әкімінің орынбасары ауданның кіреберісінде бой көтеріп жатқан тұрғын үй құрылысымен танысты. Аудан әкімі Нұрлыбек Даумов:

-Шілдеден бастап екі пәтерлі 26 үйдің құрылысы қолға алынды. Бұйыртса, желтоқсанда пайдалануға берілу жоспарланып  отыр. Бұл баспаналар кезекте тұрған тұрғындар мен көпбалалы отбасыларға берілетін болады, - деп сөз бастады.

Тұрғын үй құрылысына 676 016,6 мың теңге қарастырылған. Құрылысқа жауапты мердігер «Қалдығайты» ЖШС-нің басшысы Ерболат Сәрсенғалиев дәл қазіргі таңда жұмыс алаңында серіктестіктің 32 қызметкері еңбек етіп жатқанын, жұмыс қарқын алған кезде жергілікті тұрғындарды да қатарларына қосатынын айтты. Бас мердігердің айтуынша, құрылысқа негізінен отандық өнім қолданылуда.

замаким-3

Бұдан соң жұмыс тобы аудан орталығындағы көше жолдарына жүргізіліп жатқан құрылыс жұмыстарымен танысты.

-Өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Сайқын ауылының 7 көше (5,88 км) жолдарына асфальт төселсе, биыл бұл жұмыстар 8 көшеде (6,80 км) жалғасын табады. Және де Хан Ордасы ауылындағы Жәңгір хан мен А.Оразбаева көшелеріне асфальт төсеу жұмыстары жүргізілуде, - деді аудан басшысы Нұрлыбек Даумов. Ауылішілік жол құрылысына жауапты «РСУ-1» ЖШС-нің учаскебасшысы Қанат Сәметеев:

-Құрылыс материалдары да, жұмыс күші де жеткілікті жерден. Техникамен толық қамтамасыз етілген. Серіктестіктің жеті қызметкерінен басқа ауылдың он азаматы жұмысқа тартылып отыр,− дейді.

замаким-4

Облыс әкімінің орынбасары Темірхан Меңдіғалиев қолға алынған жұмыстың қарқынын түсірмеуді тапсырды.

Ұлпан Әнуарқызы,

Бөкей ордасы ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале