17.08.2021, 10:36
Оқылды: 35

Құрылыс сапасы немесе халықтың жанайқайы

Жуырда Facebook әлеуметтік желісінің «Казталов өңірі» жабық тобында қоғам белсендісі Нұрлан Құсайыновтың аудан орталығында салынып жатқан Алма Оразбаева атындағы 600 орындық білім ордасы құрылысының сапасы жөніндегі «Бір-бірімен қиылыспаған плиталар мен адам сыйып кететін жарықшақтар» атты жазбасы суреттерімен жарияланып, желі қолданушылары мен ауыл тұрғындары арасында әртүрлі пікір туғызғаны белгілі. Әрине, біз бұл жерде Нұрлан Нағымұлының жанайқайымен толықтай келісеміз. Мектеп – балаларымыздың болашағы. «Аудан орталығынан жаңа мектеп салынады» деген хабар құлағымызға тигенде қалай қуанғанымызды айтып жеткізу мүмкін емес. Бүгінде 600-дің үстінде оқушы білім алып жатқан Алма Оразбаева атындағы орта жалпы білім беретін мектептің қазіргі ғимараты апатты жағдайда деп танылды. Әлі де 50 жылдан астам уақыт мызғымай тұратын білім ордасы сол кездегі құрылысшылардың қателігінен бе, әлде құрылыс материалдары сапасыздығынан ба, осындай жағдайға жетіп отыр. Енді, міне, жаңадан салынып жатқан мектепке сапасы төмен құрылыс материалдары пайдаланып, ғимараттағы бетон плиталарды көтеретін бағаналардың жарылып кетуі – үлкен қателік. Құдай сақтасын, ертең жаңа мектептің уақыт өте төбесі опырылып немесе қабырғасы құлап жатса, не болмақ?! Осы мәселені зерттеп, ақ-қарасын анықтауды жөн көрдік.

1

Оқырман назарына Нұрлан ағамыздың әлеуметтік желідегі жазбасын еш түзетусіз, сол күйінде беріп отырмыз. «Өткен аптада жаңа мектептің құрылысындағы кемшіліктерді ауыл тұрғындары жеткізгесін, әлеуметтік желіге жазған едім. Бұған партиялық бақылау тобының төрағасы С.Молдашев мырза және мектеп құрылысының учаске аға мастері С.Габбасов «мектептің құрылысы бәрі керемет, бәрі жақсы» деп хабарлама жазды. Күні бүгін ауданның жанашыр азаматтары менің жеке парақшама мына суреттерді жіберді (фотоларды өз жеке парақшамнан қосқаным да бар). Енді мына сұмдыққа зер салып қараңыздаршы! Төселіп жатқан құрылыс плиталары бір-бірімен қиылыспаған әрі жарықшақтары көзге бақырайып көрініп тұр. Ешқандай құрылыста техникалық талаптар сақталмай отыр. Егер осы кемшіліктер дер кезінде түзелмесе, бұл мектеп бір-екі жылдан кейін қайта күрделі жөндеуге жататын болады және мемлекеттің миллиардтаған қаржысын текке жұмсаған болып шығамыз. Бұны түсінбеген жауапты адамдардан не күтуге болады? Қазіргі күнде түрлі тексеруші органдар толып жатыр. Ал солар анда-санда құрылыс нысанын тексеруге барғанда осындай олқылықтарды көрмейтін болса, онда бұндай бақылаушы органдардың құны қандай? Ағайындар! Мен не үшін шырылдап мәселе көтеріп отырмын. Ауданымызда бой көтеріп жатқан нысандардың сапалы салынып, халық игілігі үшін пайдалансын деген ғана ой тұр. Осындай мақсат арқылы ғана біз елдің әлеуетін жақсарта аламыз. Ойланайық!» - деп жанайқайын жеткізген болатын. Ал бұл жазбаның астына желі қолданушыларының жазғанын келтірсек, небір ұят нәрселерді оқуға болады. «Кімнің аузына қақпақ боласың?» дегендей, бұл бөлек бір әңгіме.

2

Қоғам белсендісінің жоғарыдағы жазбасы жарияланғаннан соң көп кешікпей «Батыс Қазақстан облыстық прокуратурасы және Казталов аудандық прокуратурасының назарына!» атты тағы да жазбасы жарық көрді. Ол мәтінді де оқырман назарына еш боямасыз беруді жөн көрдік. «Мен Сіздерден мына мәселені назарларыңызға алуларыңызды сұраймын. Осыдан екі апта бұрын өзімнің әлеуметтік парақшамда, «Казталов өңірі» сайтында Казталов ауданы орталығында салынып жатқан мектеп құрылысының сапасыздығы жөнінде мәселе көтердім. Аудан тұрғындары бұл мәселеге бей-жай қарамай, әлеуметтік желіде үндерін қосып жатыр. Миллиардқа жуық мемлекеттің қаржысына салынып жатқан мектеп құрылысы сапасы ешқандай сын көтермейді (суреттерде көрініп тұрғандай). «Nur Otan» партиясы жанынан құрылған бақылау комиссиясы құрылыс сапасын формальды түрде тексереді. Бұндай комиссияға халықтың сенімі әлдеқашан жоғалды. Бұндайбассыздыққа жол бермейміз. Халық осыны талап етіп отыр. Президент Қ.К.Тоқаев айтқандай, халық үніне құлақ асатын мемлекет болсақ, осы мәселе жөнінде нақты қорытынды шығарып, мәселенің шешімінің табылуына ықпал жасауыңызды сұраймыз. Халық сіздерге сенім артып отыр. Болашақтың балалары оқитын білім ордасы қалай болса, солай салынуға тиісті емес. Мектеп құрылысы талапқа сай, заманауи құрылыс болып салынуы тиіс», - деп ойын білдірді. Иә, ауылдың әрбір азаматы құрылыстарға қоғамдық бақылау жүргізуге құқылы, бірақ оның бұрысы мен дұрысын бағалау үшін құрылыс саласының маманы болғаны дұрыс. Біз де бір жақты пікір қалыптастырмау үшін Алма Оразбаева атындағы мектепті салып жатқан құрылысшылардың пікіріне жүгіндік.

3

Сағат ҒАББАСОВ,

«Жиенбай» ЖШС-нің учаске бастығы:

– Ауыл белсендісі Нұрлан Құсайынов жазған мәселе ағымдағы жылдың мамыр айында орын алған болатын. Яғни осы бір бағанды орнатукезінде ақауды байқап, арнайы жұмыс тобын құрдық. Орал қаласындағы «МЖБК» зауытының мамандарын да шақырдық. Әлеуметтік желіге жарияланған фотолар да сол кезде түсірілген. Өз арамыздағы жұмыс тобының WatssАpp желісіне салынып, талқыланған суреттер. Халық арасында қалай тарап кеткенін білмей далмыз. Осы ақауды көрген Нұрлан мырза жазбас бұрын бірінші кезекте бізге келіп сұрауы қажет еді. Оралдан келген өкілдер бұл ақаудың болашақта ешқандай қиындық туғызбайтынын жеткізді. Сонымен бірге біз бағанға түсетін ригельдерді арнайы темірмен дәнекерлеп тастадық. Бүгінгі күнде ақау толықтай жөнделді.

Нұрқасым СӘКЕНОВ,

«СтройИнтеграция» ЖШС-нің техникалық қадағалаушысы:

– Бағандағы жарық 2021 жылдың мамыр айында анықталып, толықтай жөнделген болатын. Қазіргі күнде құрылысқа ешқандай кедергі келтіріп тұрған жоқ. Болашақта да балалардың өміріне қауіп төнбейді деп сендіре аламын. Барлық жұмыс қатаң қадағалаумызда. Біздің мекеме жігіттері бұл мектептің іргетасы құйылған уақыттан бастап барлық мемлекеттік стандарт сақталып, негізгі жобадан ауытқымауын бақылап жүр. Алла қаласа, барлығы жоба бойынша атқарылмақ. Мамандардың пікіріне сүйенсек, барлығы жақсы болатын түрі бар. Дұрысында солай болуы қажет. Сонымен бірге көтерілген мәселеге қатысты «Nur Otan» партиясы аудандық филиалы атынан сайланған депутаттар да құрылыс барысына партиялық бақылау жүргізіп, назардан тыс қалдырған емес. Нұрлан Нағымұлының: «Nur Otan» партиясы жанынан құрылған бақылау комиссиясы құрылыс сапасын формальды түрде тексереді», - деп жазуы дұрыс емес. Аудандық мәслихат депутаттары – жай жүрген адамдар емес. Артында тұрған халық бар. Жуырда ауданымызға жұмыс сапарымен келген облыс әкімінің орынбасары Темірхан Меңдіғалиев те 600 орындық мектеп құрылысы басында болып, қоғам белсенділерімен кездескен болатын. Осы бір мәселеге қатысты Темірхан Меңдіғалиев құрылысқа жауапты «Жиенбай» ЖШС-нің басшылығына ақау шыққан бағанды толықтай ауыстыруға тапсырма бергенін көрдік. Тапсырма аяқ асты қалмағаны жөн.

Міне, «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, осы бір мәселе әлеуметтік желіде үлкен дау туғызғаны белгілі. Бірақ бір нәрсені жазбас бұрын байыбына барып алу қажет секілді. Қай мәселеге де арнайы маман баға бере алады. Дегенмен аудандағы қандай да болмасын құрылыс нысандары халық назарынан тыс қалмайтынын ескерейік.

 

Нұр Рахман,

Казталов ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале