Жәнібек ауданы әкімі Азамат Сафималиев Қамысты ауылдық округіне барып, осындағы екі қабатты мәдениет үйіне жүргізіліп жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысты. Сырттай қарағанда, есік-терезелері анау-мынау емес үңірейген мәдениет үйі көзге қораш көрініп, Волгоград қаласындағы соғыстан ескерткіш болып қалған «Павловтың үйін» еске түсірген. Ішке кіргенімізде өздеріне жүктелген міндетті жұмыстарын атқарып жатқан жігіттерді көріп көңіліміз орнына түскен.
Жөндеу жұмыстарының жай-күйі туралы Алматы қаласындағы «Строй Индустрия» компаниясының Орал қаласындағы филиалы болып табылатын «Строй Индустрия» ЖШС-ның прорабы Нұржан Бисенғалиев айтып берді. Оның сөзіне сүйенсек, күрделі жөндеу жұмыстары шілде айының 4-і күні басталыпты. Қыркүйек айында аяқталуы тиіс. Құрылыс материалдары уақтылы жеткізіліп тұрған көрінеді. Жөндеу жұмыстарына жергілікті тұрғындардан он бес адам тартылған. Алдағы уақытта олардың қатары тағы да көбеймек.
Аудан басшысы Нұржан Талғатұлымен бірге төменгі және жоғарғы қабаттарды аралап көріп, «келісіп пішкен тон келте болмас» деген, жөндеу жұмыстарына байланысты аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Алтай Бақтығалиев, ауылдық округ әкімі Нұрлан Аюпов, мәдениет үйінің директоры Салтанат Кенжалиеваның ұсыныс-пікірлеріне де құлақ түрді. Мәдениет үйінің жылыту қазандағы ғимараттан бөлек орнатылып, алдындағы әжептәуір алаңқайға өрнектас төселген. Жылу құбыры мәдениет үйіне дейін тартылған, қосуға дайын тұр.
Азамат Сафималиұлы жол-жөнекей сол көшеде орналасқан «Сағнат» шағын маркетіне де кіріп шықты.
Келесі маңдай тіреген мекеніміз - Тау ауылдық округі болды. Мұндағы жазғы саябаққа өрнектас төсеу жұмыстары жүріп жатыр екен. Сондай-ақ осы ауылдан Ұлы Отан соғысына қатысқан майдангерлердің тізімі жазылған тақтайша жаңартылып, субұрқақ жөнделмек, аллея салынып, жазғы сахна қайта жаңғыртылмақ. Бір сөзбен айтқанда, саябақты абаттандыру бағытында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Осы және басқа да мәселелер жөнінде ауыл әкімі Нұрлыбек Төрешов жан-жақты баяндап өтті.
Сондай-ақ аудан басшысы Талов ауылдық округіне қарасты Майтүбек елді мекеніне барды. Елді мекендегі ауыз су құбырының құрылысына келісім шарт бойынша 238 млн. теңге бөлінген. Мердігер Талдықорған қаласынан «КөлсайСтрой» ЖШС болса, тапсырыс беруші аудандық құрылыс бөлімі.
Қазіргі кезде жер асты екі ұңғыма скважинасы қазылды. Бүгінде электробағаналар орнатылып, электросымдары тартылды. Барлық су трубалары қазылып, көмілді. Құрылыс жоспар бойынша қыркүйек айында аяқталу керек. Аудан басшысы мердігер тарапынан атқарылып жатқан жұмыстардың кестеден кешіккенін байқап, оларға жұмыстарды уақтылы, сапалы атқаруды тапсырды.
А. Құсайынов,
Жәнібек ауданы
zhaikpress.kz