10.08.2024, 13:42
Оқылды: 194

Құрылысшы кәсібін мақтан тұтатын жандар

Жыл сайын тамыз айында еліміздің құрылысшылары өздерінің кәсіби мерекелерін атап өтетіні белгілі. Елдегі еңсесі биік алып құрылыстардан бастап, алақандай ауылдағы бірлі-екілі тұрғын үй құрылыстарына дейін осынау шеберлердің қолымен жүзеге асатыны жасырын емес. Өңіріміздің Казталов ауданына қарасты Жалпақтал ауылында ел құрметіне бөленіп жүрген құрылысшылар легі баршылық. Солардың қатарында әкелі-балалы Сәлімгерей Орынбайұлы Шамаяқов пен Манас Сәлімгерейұлы Орынбайды ерекше атауға әбден болады.

құрылыс

Сәлімгерей – өзі тұратын ауылдағы көпшілікке танымал құрылысшылардың бірі. Оның құрылыс саласындағы еңбек өтілі мен іс-тәжірибесі өте мол. Көптен бері ауылдағы түрлі құрылыс жұмыстарымен тұрақты айналысып келеді. Қазір ол өзінің туған ұлы Манасты да осы кәсіпке баулып, өзінің білгенін іс жүзінде үйретуде. Жалпақталдық ағайындар өздеріне қажет құрылыс нысандарын лажы болса Сәлімгерей мен Манасқа салдырғанды жөн көреді. Еселі еңбектерімен еліне таныла білген әкелі-балалы Шамаяқовтар алды 30 жылдан бері құрылыс саласында жұмыс істеп жүрсе, Манастың да бұл жұмысқа төселе бастағанына төрт-бес жылдың жүзі болды.

– Мен жасымнан еңбек етуге құштар болдым. Жұмыссыз жүру мен үшін үлкен қайғы. Кей кездері тапсырыс болмай демалыс күндері бола қалған жағдайда жұмыс жаққа алаңдаумен боламын. Денсаулық барда жұмыс істеген жақсы. Үйде отырсам екі қолым алдыма сыймайды. Еңбек адамының қолымен тұрғызылған нысандар ауылға да керемет көрік береді. Мен соған қуанамын. Сондықтан болар, өзімнің атқарған жұмысыма асқан жауапкершілікпен қараймын. Ұлым Манас та қасымда жүргесін осы тәртіпке үйреніп келеді. Әр жұмысты тапсырыс берушінің талабына сай сапалы түрде жүзеге асыруға тырысамыз. Содан да шығар, ауылда тұрсақ та өтініштер үзілмей, жиі түсіп тұрады, - дейді еліне танымал шебер құрылысшы Сәлімгерей Орынбайұлы.

– Құрылыс жұмысына әкемнің қасында жүріп ерте араластым. Өзіме ұнағаннан кейін осы кәсіптің қыры мен сырына терең бойлап, тәжірибелі құрылысшылардан үлгі алдым. Бүгінде осы саладан нәпақамды тауып жүрген жағдайым бар. Сәулетті құрылыстарға икемі бар шебер жандарды өз басым қатты құрметтеймін. Соларға ұқсауға тырысамын, - дейді жас құрылысшы Манас Сәлімгерейұлы.

Біз бүгінгі таңда ұрпақтар сабақтастығын жалғап, өз әулеттерінің атағын адал еңбектерімен ауылдастарына танытып жүрген әкелі-балалы Шамаяқовтарды көпке үлгі тұтып, оларды кәсіби мерекелері — Құрылысшылар күнімен шын жүректен құттықтауды жөн санадық.

Қыдыр Харесұлы

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале