28.07.2020, 11:53
Оқылды: 74

Күшейтілген жаза мал ұрлығына тосқауыл бола ала ма?

Ауылда тұрсам да үй жұмыртқасын тауық ұстайтын таныс келіншектен сатып алатынмын. Кезекті тапсырысымды айтайын деп телефон шалғанымда: «Таңертең тұрғанымда тауықтарымды түгел ұрлап әкетіпті» деді көңілсіз дауыс. Кейін көргенде «ұрыдан хабар бар ма?» деп сұрасам, «Полицияға арызданған жоқпын. Ақиқатын бәрібір таба алмайды. Алыстан ешкім келмейді. Біліп-көріп жүрген біреу шығар» деп бір қайырды. Осындай ұсақ қылмыстарға «бастан құлақ садаға», «бұйырған кетпес» деп отырғандар қаншама?!

5CA0DCA7-DAEE-498C-8632-59A17EF91233

Қылмыс адамзат жаралғаннан бастап бірге жасасып келеді. Сол қылмыс атаулының ішінде көш бастап тұрғаны ұрлық екен. Жәнібек ауданында жұрт мал ұрыларынан әбден зәрезап болды. Алақандай Қамысты ауылының өзінде соңғы жылдары малдың өрістен жоғалуы жиілеп кеткен.

Қамысты ауылының тұрғыны Алма Өтебалиева: - Көктемде жауын-шашын салдарынан қора су болады. Сол кезде сиырларымызды өрістен келген соң қамамаймыз. Суын беріп, кері шығарып жібереміз. Оған малымыз әбден үйренген, жақын маңда жайылады да қайтып келеді. Үйірден ешқайда кетпейді. 27 наурыз күні екі сиырым келмей қалды. Екеуі де буаз еді. Дереу учаскелік инспекторға хабарлап, іздедік. Таппадық. Өзімізде көлік болмағандықтан, әркімге жалынып, бензин құямыз. Қарамаған жеріміз қалмады. Сиырларым келмей қалған сәтте ұрланғанын сездім. Өйткені 2019 жылдың аяғында біраз адамның соғымға дайындап қойған малы үйінің іргесіндегі қорадан ұрланды. Ал полиция ұрты майланған барымташыларды таппады.

Алма апайдың сиырлары жоғалған күні сол ауылдың тұрғыны Махамбет Мұқановтың да малы үйіне келмеген.

Махамбет Мұқанов былай дейді: «27 наурыз күні үш сиырым мен бір бұқам жоғалды. Өріске қосылмай қалған. Үш сиырым да буаз еді. Әдетте үйге қайтып келетін. Ұшты-күйлі ғайып болды. Жеңіс Әбдірахманов деген азаматтың бір жылқысы дәл сол күні жоғалған. Құзырлы органдардан бөлек өзіміз екі ай іздедік. Ақыры таппадық. Ешкім көрмеген. Полицейлер іс тергелуде дейді».

Мал ұрлығы бойынша істі қолға алған аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция майоры Айшуақ Сейітқазиев биыл мал ұрлығы бойынша 7 факт тіркелгенін айтты. - Қамыстылық жәбірленушілердің шағымы бойынша жұмыстанудамыз. Тау ауылының тұрғынынан 5 бас ірі қарасын айдап әкеткен барымташылардың қылмысы ашылды. Ұрлықшылар Қамысты ауылының тұрғындары болып шықты. Іс сотқа жолданды. Көбіне мал еркін жайылымнан кетеді. Кейде тобырға қосылмай қалады. Иелері өздері таппаған соң шағымданады. Ал бұл кезде із суып кетіп, тергеуге кесірін тигізеді,-дейді майор.

Жәнібектік жеке шаруа Талап Ғазезов пен Ұзынкөл ауылдық округіне қарасты Ақшкол елді мекенінің тұрғыны Замир Шынақаев та ірі қараларын осыдан екі-үш жыл бұрын жоғалтқан. Ұрылар ақыры табылмағанын айтып қынжылады.

-Ақшкол, Еңбекші елдімекенінде ешбір отбасының тұрақты жұмысы жоқ. Олардың бәрі мал ұстайды. Бізді асырап отырған төрт-түлік. Қанша бағып отырсақ та, өрістен бірен-саран келмей қалатын кездер жиі болады. Осыдан бір-екі жыл турасында екі ірі қарам өрістен келмей қалды. Біраз іздедік. Тоғыз ай өткеннен кейін ауылдағы танысымның малы жоғалып, іздеуге шыққанмын. Осы ауданға қарасты бір қыстақтан жайылымда жүрген малдың арасынан өзімнің екі сиырымды танып қалдым. Содан дауласып, ақиқаты ашылды. Жәнібек ауылынан әлдекім ұрлап, сатқан екен. Біреуін ақыры кері қайтардым. Екіншісі қалды,- дейді ақшколдық Замир.

Аудандық полиция бөлімінің орынбасары Медет Бисақов былай дейді: «Былтыр Ақоба ауылының тұрғынынан 9 бас асылтұқымды қой ұрланды. Қылмыс биыл ашылды. Тергеу барысында қылмыскерлердің бұрын-сонды басқа да ұрлық жасағандары әшкереленді. Қылмыстық іс сотқа жолданғаннан кейін ұрылар жәбірленушімен татуласқан. Талов ауылының тұрғынында осыған ұқсас жәйт орын алды. 2019 жылы жәбірленушінің екі бас ірі қарасын өрістен айдап әкеткен. Жедел іздестіру барысында ұрылар анықталды. Алайда екі тарап татуласты. Байқағаныңыздай, ұрылар жәбірленушімен ымыраға келіп, оларға тигізген материалдық залалды өтеп құтылады. Әрі қарай бостандықта тайраңдап жүре береді».

Ұрыларға кешірім берген ақобалық Абай Жұмақұловтан ұрылармен татуласу себебін сұрадық.

-Негізі мұндай қылмысқа кешірім жоқ. «Адам қолмен істеген ісін мойнымен көтеруі керек» деген ұстанымдағы адаммын. Менің қойларымды өз ауылымдағы көз алдымда өскен балалар ұрлады. Ата-аналарының көз жастары көл болып келгенде шыдамадым. Өзім де бала тәрбиелеп отырмын. Балалардың болашағын былғамайын деп шештім. Осыны түсінсе ештеңе емес. Біреудің ақ адал малын ұрлауға ешкімнің қақысы жоқ. Сол қойларды баптап, асыраудың өзіне қанша еңбек, тер төгілді. Қолын бір былғаған адамның түзу жолға түсіп кететініне ешкім кепілдік бере алмайды.

E15669DA-D800-44E7-A7BE-4A543080F7D1

Аудандық соттың төрағасы Әсел Жамантаева ұрлық жасағандарға жаза қатаңдатылғанын айтады.

-Қылмыстық кодекстің 188-бабы, яғни ұрлыққа қатысты заң биыл қатаңдатылды. Жаңа талап бойынша, үстіміздегі жылдың 11 қаңтарынан бастап біреудің мүлкін жымқырғандар қатаң жазаланады. Күдікті жәбірленушімен тек бір рет татуласып, жауапкершіліктен құтыла алады. Ал екінші рет ұрлық жасаса, үкім бойынша бірнеше рет жасаған ұрлығы үшін 2 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылады. Мал ұрлығы 188-1 бап, яғни жеке бап болып енгізілді. Енді төрт түлікке қырғидай тиетіндер бұрынғыдай жеңіл жазамен құтылмайды. Бұл бап ауыр санатқа жатады. Биыл ұрлық бойынша 4 іс қаралса, соның бірі осы мал ұрлығы болды. Ақоба ауылы тұрғынының қойларын жымқырғандар ұсталды. Қарап отырсам, өрімдей жас балалар. Бар өмірі алда. Олар қойларды 2019 жылы ұрлап, іс 2020 жылы ашылғандықтан бұрынғы заң қолданылды. Былайша айтқанда, жолдары болды. Былтыр мал ұрлығын кәсіпке айналдырған ағайындылардың ісін айта кетуге болады. Олар жәбірленушілерге материалдық өтем жасап, жазадан жеңіл құтылды. Ұрылардан жәбір көрген 4-5 отбасының жәй-күйі айтпаса да түсінікті. Заң қатаңдатылды. Мүмкін ұрылар да азаяр. Облыста жаңа заңмен әзірше Жалпақталдағы сотта үкім шығып, ұры түрмеге түсті. Бүгінде облыс бойынша мал ұрлығы Бөкей орда ауданында өршіп тұр,- дейді судья.

Осы күнге дейін ұрлыққа қатысты заңның солқылдақ болғаны рас. Алдағы уақытта жазасы дәлелденген қылмыскерлер ауыр жазаға кесілер деп үміттенеміз. Сонда оңай жолмен олжа тауып, байимын деушілердің жолы да жабылар.

Ә. Қуанғалиева,

Жәнібек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале