Күз де келді, міне.
Жаздай суға шомылып, орман-тоғайға барып, жаз қызығын көрдік.
Осындайда орыстың мысалшы ақыны Иван Крыловтың «Шегіртке мен құмырсқа» мысалын тәржімалаған ұлы Абайдың:
«Шырылдауық шегіртке,
Өйткені «қызықпен жүріп жазды алғанда» демалған жерімізді қоқыс-қобырмен «әсемдеп», тал-терекке жалп-жалп еткен полиэтилен «жапырақтар» іліп кетеміз.
Расымен де қазір қай дүкенге барсаңыз да, алған затыңызды әдемілеп тұрып сауда маркасын бастырған қалталарға қаптап береді. Өте ыңғайлы. Азық-түлік дүкендерінде де тамақты кішкентай қалташаға салып тастаған. Ал пластик құтылар жайы айтпай-ақ та белгілі. Қазір онсыз тірлік жоқтай көрінеді.
Су жағасында, терек түбінде үйіліп қалып жатқан сол қаптама-құтылар кезінде адам пайдасына жарасын деп жасалған. Алғашында целлофан қаптамалар құны қымбат болған және оны тек дәрі-дәрмек, парфюмерия немесе сыйлықтарды орау үшін ғана қолданған көрінеді.
Технологиялық жаңалықтың бәрі де ойламаған жерден ашылады емес пе? Бұл жолы да тап солай болды. Франциядағы бір тоқыма фабрикасына химик болып орналасқан Жак Бранденберг деген адам үстелге жабылатын дастарханды ластаудан сақтау жолын іздеп отырып, заттарды қаптауда теңдесіз, нағыз төңкеріс жасаған целлофанды тапты.
1923 жылы Бранденберг целлофан шығару құқығын Америка Құрама Штатындағы DuPont компаниясына сатты. Содан 1960 жылдары әлем өндірісіне полиэтилен енгізілгенге дейін целлофан қаптамалар «көшбасшы» болып келді.
Қазір пайдаланып жүрген қалташалар полиэтилен болғанымен, біз оны үйреншікті «целлофан пакет» дей саламыз.
Сол полиэтилен қаптамаларды күн сайын пайдалансақ да, зияны туралы ойланбайды екенбіз.
Иә, полиэтилен қалталар қоршаған ортаның «жауы» десек, асыра айтқандық болмас.
Біріншіден, полиэтилен пакеттердің негізгі құрамы – мұнай мен табиғи газ. Оларды дайындауға әлемдік қара алтын өндірісінің 4 пайызы жұмсалатын көрінеді. Орташа есеппен әрбір қазақстандық жыл бойына 300-500 дана полиэтилен дорба пайдаланса, ол шамамен 50 литр мұнайды шығындайды екен. Егер Қазақстанда 18-20 миллиондай адам тұрады деп есептесек, мұнайды орасан шығындап жатқанымызға көзіңіз жетеді.
Екіншіден, әлемді құрсаған қоқыстың ең зияндысы осы полиэтилен пакеттер екендігін ғалымдар да, табиғатты қорғаушылар да дәлелдеп шыққан. Мысалы, Жер бетінің ¾ бөлігін алып жатқан тіршілік көзі – су осы полиэтилен кесірінен алып «қоқыс жәшігіне» айналған. Тіптімұхиттарды басқан құты-дорбадан су тіршілігінің тағдыры қыл үстінде тұр.
«Мұхит-теңізден алыс жатырмыз» деп көңілді кеңге салайын десек, полиэтилен қаптамалардың топыраққа да зияны орасан. Ол жер астында 400 жылға дейін бұзылмай-шірімей жата беретін көрінеді. Түскен жерінде топырақтың құнарын жойып, көктің өсуіне мүмкіндік бермейді.
Дала бойлап, ұшып жүрген сол дорбаларды шұқып, азық қылған құстар жемсауында толып қалған, қорытылмайтын полиэтилен зардабынан өліп қалады. Құс өз алдына, сол полиэтиленді жеп қойған ірі қара мен қой-ешкінің асқазаны жасамай немесе уланып өледі. Жер бетіндегі климаттың өзгеруіне де себепші – сол.
Ендеше, оны өртеп жібере салса болмай ма дерсіз?
«Полиэтиленнен жану кезінде ауаға аса улы органикалық қосындылар бөліп шығады. Ал күлінде ауыр металдар қалады», -дейді маман-химиктер. Яғни, оны өртегеннен ауа да, топырақ та уланады.
Қоршаған ортаға, тіршілік атаулыға сонша зиян тартқызатын полиэтилен қапшықтарды, пластик ыдыс-құтыларды өндіру қолдануға әлем елдері тыйым салып жатыр. Ғаламтор мәліметіне сүйенсек, 40-тан астам елде заң жүзінде полиэтилен дорба қолдануға болмайды.
Ең алғаш, 2002 жылы осындай тыйым салған ел – Бангладеш. 1988-1998 жылдары кәріз жүйесіне кептелген полиэтилен қаптамалар кесірінен су басқан кезде елде мыңдаған адам қаза болған. Тап осындай қиындыққа тап болған Гаитиде 2012 жылдан бастап полиэтилен мен пенопластқа тыйым бар. Германияда тұтынушыларға полиэтилен қапшықтар ұсынған дүкендерге сол қаптамаларды қайта өңдеуге жұмсалатын арнайы салық салынады.
Индияда полиэтилен қаптамаларды өндіруге, сатып алуға, жинақтауға және алып-сатуға заң жүзінде тыйым салынған. Осы іспен айналысқан адам сотталып, бес жылға дейін бостандығынан айырылады.
Полиэтилен пакеттерді қолдануға түбегейлі тыйым салған елдердің қатарында Австралия да бар. Жасыл аймақтың Кенгуру аралында орналасқан сауда желілеріне полиэтилен қаптамаға оралған тауар сатуға қатаң тыйым салынған. Бүгінде бұл ел полиэтилен пакеттерден таза әлемдегі алғашқы мемлекет болып отыр.
2012 жылдың науырызында полиэтилен қаптамаларды пайдалануға толық тыйым салған Италияда осы заңды бұзған адамға 2500 евродан 25000 евроға дейін айыппұл салынады.
Ирландиялықтар бір реттік пакеттерді қолданыстан шығарудың жолын ұзақ іздеген. Одан құтылудың жолы ретінде дүкендер полиэтилен орамаларды сатып алушыларға өз құнынан айтарлықтай қымбат бағаға сата бастаған. Қалтаға салмақ салатын пакеттерге ақша шығындағысы келмеген тұрғындар осыдан кейін матадан тігілген дорбаларға көшкен.
Озық ойлы мемлекеттер елінің ертеңін ойлайды. Бұл – дұрыс. Осы бағыттағы шаралар біздің елімізде де қолға алынды.
Қазақстан Республикасының жаңа Экологиялық кодексін дайындау шеңберінде Энергетика министрлігі ел аумағында сауда жасау кезінде шағын сыйымдылықты полиэтилен дорбаларды қолдануға тыйым салуды кезеңмен енгізу мәселесін қарастыруда. Бірінші кезеңде полиэтилен қаптамаларды тегін таратуға тыйым салынады. Осы кезеңде оның адам ағзасы мен табиғатқа келтірер кеселі жайлы халыққа түсіндіру жұмыстары кеңінен жүргізіледі. Ал екінші кезеңде оны қолдануға мүлдем тоқтау салынады. Сонымен Қазақстан полиэтилен қаптамалардан 2025 жылы толық бас тартады депті министрлік.
Ал әзірге қазақстандықтар полиэтилен қаптамалар қолданудан бас тартқан жоқ. Дүкенге бара қалсақ, дүкеншілер сып-сып еткізіп, қалташаға салып береді. Үйге келген соң біз сол қаптаманың бәрін қоқыс жәшігіне тоғытамыз. Оның жартысы сол жәшіктен ұшып шығып, ауыл арасын «гүлдетіп» жібереді. Ауыл-үйді айнала ұшып, әр теректің басында жалбыраған бір целлофан пакет.
Адам аяғы басқан жердің бәрі солай. Жаздай «табиғат аясында демаламыз» деп барғандардың орман-тоғай, өзен-су басына тастаған қапшық-дорбалары, пластик құтылары жатыр-ау жайрап.
Мұнайды өңдеу, пластик өндіру, оны бояу кезінде ауаға зиянды заттар тасталатынын, ол су мен топыраққа еніп, тірі ағзаларға орны толмас залал келтіретінін ескермей келеміз. Біз қазір «шырылдауық шегіртке» күйіндеміз. Байтақ елдің болашағын, ұрпаққа қалдыратын жер-су жайын ойламаймыз. Жердің құтын қашырған қаптамалардан арыла алмай отырмыз...
Бұрындары дүкенге барғанда қолға іле шығатын тор дорбалар мен себеттер болушы еді. Енді соларға көшуді ойластыруымыз керек болып тұр. Алайда оны басы артық жүк көріп, ескіліктің белгісіне балайтындар полиэтилен пакеттен бас тартуға әлі ықылас таныта қоймай отыр. Табиғат зиян тартуда.
Камелия Қарекесова,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz