19.10.2022, 18:32
Оқылды: 22

Құтқарушыларға құрмет көрсетілді

Айтып келмейтін әртүрлі апатта бірінші болып көмекке ұмтылатын – құтқарушылар. Биыл Қазақстан Республикасының төтенше жағдайлар жөніндегі мемлекеттік комитетінің құрылғанына 27 жыл толып отыр. Құтқарушылардың кәсіби мерекесіне орай Қаратөбе ауданының әкімі Қадыржан Сүйеуғалиев құтқарушы мамандарды арнайы қабылдап, олардың ерен еңбегін жоғары бағалап, алғысхатпен марапаттады.

IMG-20221019-WA0120

– Тұрмыста, өндірісте, жалпы қоғам өмірінде адам өмірінің арашасына айналған төтенше жағдайлар қызметкерлерінің ерлікке толы еңбегі қандай да болсын марапатқа лайықты. Ауданымыз үшін көктем мезгілі оңай болған жоқ. Көктемгі су тасқынынан Шалғын елді мекенінің халқын құтқаруда, Қаратөбе ауылының іргесінен ағып өтетін Қалдығайты өзені тасығанда, аудан орталығындағы тұрғын үйлерге қар суының кіру қаупі туындағанда құтқару қызметінің бел ортасында өздеріңіз жүрдіңіздер. Осындай қызығынан қиындығы басым мамандықтың бел ортасында жүріп, кез келгеннің қолынан келмейтін көзсіз батыл қадамдарға барып жүрсіздер. Оған ең әуелі үлкен жүрек, машық, білім мен біліктілік және тәжірибе керек. Сіздерді бүгінгі айтулы күнмен құттықтай отырып, дендеріңізге саулық, бастарыңызға амандық, ел игілігі жолындағы атқарған еңбектеріңізге толайым табыстар тілеймін, - деді Қадыржан Орынбасарұлы.

IMG-20221019-WA0118

Аудан басшысы өз құттықтауынан кейін төтенше жағдайлардың алдын алуға және жоюға атсалысқан Шалғын ауылдық медициналық пунктінің фельдшері Шалқыма Аманжолқызына облыс әкімінің алғысхатын және №18-ші өрт сөндіру бөлімінің қызметкерлері Аслан Амантаев, Нұрлан Бақытжановқа БҚО ТЖД-нің бастығы, полковник Е.Өтегеновтің алғысхатын табыстады. Сондай-ақ кәсіби мерекеге орай бірқатар құтқарушы мамандар аудан әкімінің алғысхатына ие болды.

IMG-20221019-WA0117

Мерекелік жиын соңында аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы Мэлс Искаков:

– Төл мерекемізге орай еңбегімізді бағалап, жеке қабылдап, өз марапатыңызға лайық көргеніңіз біздің бойымызға сенімділік пен жігерлілік сыйлайды. Бірлесіп ауданның, еліміздің қауіпсіздігі үшін қызмет етіп жүрміз. Ақ тілегіңіз бен алғысыңызға өз атымнан, әріптестерім атынан рахметімді айтамын, – деді.

Серікбай Хасанов, 

Қаратөбе ауданы, 

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале