13.10.2022, 12:30
Оқылды: 157

Құтты мекен Базаршоланда қос мереке

Ақжайық ауданы Базаршолан ауылдық округінің кеңшар болып құрылғанына 90 жыл және «Тайпақ» асыл тұқымды қаракөл кеңшарын 1952-1982 жылдар аралығында басқарған соғыс және еңбек ардагері Жақия Исатаевтың туғанына 100 жыл толуына орай қос мерейтой лайықты аталып өтті. Осы күннің құрметіне Базаршолан ауылына жиналғандар, алдымен, Ғ.Махамбетов атындағы орта мектептегі «Шежіре» мектеп-мұражайымен танысты.

IMG_7786

Мұнда тарихы терең өңірдің өткенінен, Ғабдолла Махамбетовтың, Ж.Исатаевтың, Ұлы Отан соғысы мен еңбек ардагерлері, спорт саңлақтары жайында мәліметтер мен құнды жәдігердер жинақталған. Осы шараға арнайы келген Роза Исатаева мектеп мұражайы мен ауылдық кітапханаға әкесі Жақия Исатайұлы жайлы жазылған кітаптың бір данасын  тапсырды.

Осыдан соң айтулы күнге орай ұйымдастырылған волейболдан аудандық жарыс өтті.  Оған округтерден алты команда қатысып, бақ сынады.  Әуедоптан өзара мықтылар анықталып, 3-орынды  Алмалы ауылдық округі, 2-орынды Базаршолан ауылдық округі, 1-орынды Көнеккеткен ауылдық округінің командалары иеленді. Жеңімпаз командалар мен үздік ойыншыларға Ж.Исатаевтың ұл-қыздары атынан қаржылай сыйлық пен алғысхаттар табысталды.

Мерекелік концертте алдымен шежірелі өңірдің тарихынан сыр шерткен бейнефильм көрсетілді. Ауылдық округ әкімі Мұрат Жұмашев жерлестерді айтулы датамен құттықтап, Базаршоланның бүгінгі тыныс-тіршілігі жайында баян етті.

– Әр өңірдің тарихы – бүкіл елдің шежіресі. Құрылғанына тоқсан жыл болған ауылымыздың өркендеп-өсуіне талай азаматтар үлес қосты. Бүгінгі шараның мақсаты – сол ардақтыларымыздың есімін ұлықтап, ұрпақ жадында жаңғырту. Елінің өткенін бағалай білген буынның бойында өз Отанына адал болып, оның келешегін кемел етуге талпыныс қалыптасады. Сондықтан бүгінгідей шара елжанды, отансүйгіш ұрпақ үшін қажет. Кезінде кеңшардың атағын республика асып, одаққа танытқан Жақия Исатаев ағамыздың ұл-қыздары да төрімізде. Ұлағатты әкенің өнегесін жалғастырушы олардың да ыстық естеліктері біздерге қымбат, – деді ол.

Аудандық  мәслихат хатшысы Сәлімгерей Сиражов, еңбек ардагерлері Әленғали Кереев, Науқан Есенәлиев, Сарытоғай ауылдық округі әкімі Абзал Әлжан, Тайпақ ауылдық округі әкімі Болат Шаленов, Ғ.Махамбетов атындағы орта мектеп директоры Қанапия Таспаевтар сөз алып, құттықтауларын жеткізді. Бұл кеште әдемі әндер шырқалып, күй шертілді, жергілікті әжелер ансамблі де өнер көрсетті. Ауылдың жұртшылығын бір серпілтіп тастаған осындай шараның соңында Ж.Исатаевтың ұл-қыздары Роза, Әлмұхан, Амантай Исатаевтар өздері өсіп-өніп, мектебінен білім алған ортамен қауышқандарына қуанышты екендерін айтып, ұйымдастырушыларға, шараның шырайын келтіріп, әсем ән-күймен әрлеген ауыл өнерпаздарына ризашылығын білдірді.

Ауылдық округ әкімі М.Жұмашев еңбек ардагерлері Ә.Кереев пен Н.Есенәлиевтың иығына ел атынан шапан жауып, құрмет көрсетті.

Әсет Бисенғалиев,
Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале