4.08.2020, 11:50
Оқылды: 34

Құтты шаңырақ

«Ауласы бірдің ауасы бір» дегендей, кезінде басшылық қызметтердің тізгінін абыройлы ұстаған елге сыйлы азамат Әбуғали аға Балықов әңгіме барысында бір шатыр астындағы көршілері жайында жылы лебіз білдіріп: «Екеуі де мұғалім. Өте еңбекқор жандар. Солар туралы жазуға болады» деп жөн сілтеген еді. «Түсі игіден түңілме» дегендей, ағамыз мақтаған қос мұғалімнің шаңырағына біраз уақыт ұттырып, жақында ғана жол түскен болатын.

2F6686C4-A6E9-40FA-820B-EBF3BFA4376C

Әбуғали ағай мақтаса мақтағандай, шағын аула көкөніс, жеміс-жидекпен көмкерілген. Рет-ретімен қызанақ, қырыққабат, қияр, сарымсақ, сәбіз сынды көкөністер жайқалып, жемісін бере бастаған. Одан әрі ауладағы саялы терек түбінде тауық, қаз бауырларын салқын топыраққа басып, дамылдап жатыр. Аула ішіндегі жайқалған әдемі гүлдер отанасы Розаның қолтаңбасын байқатады. Үйшіктен басын керенау шығарып, сәл үре түсіп басылған иттер де жайма-шуақ тірліктің қалыпты дағдысынан хабар бергендей.

3B2C16C2-9D65-45CB-A639-0F31EACDE297

Биязы өңді Роза Айсатқызы мен иманжүзді Самат Уәлиұлы Өтешевтер 1996 жылы ауылдан Тасқала ауданы орталығына қоныс аударыпты. Оған да ширек ғасырға жуықтады. Бірі Ы.Алтынсарин, екіншісі Қ.Сәтбаев атындағы мектепте қызмет етеді. Отанасы қазақ тілі пәнінің, ал, азаматы дене шынықтыру пәндерінің мұғалімі. Роза Ресейдің Саратов облысындағы Балаку деген жерде дүниеге келген екен. Бірақ Тасқаладағы Оян ауылында өскен. Нағашылары Ресейде болғандықтан, балалық шағы сол маңда өткен. Сонда олардың үлкен бау-бақшасында еңбек қызып жататын.

95284981-3EB8-46E3-AC38-A576E275D3A3

Кейін бойжетіп, Шежін ауылына қарасты Талдыбұлақ қазіргі Қайрат елді мекеніндегі елге сыйлы Уәли ақсақалдың құтты шаңырағына келін боп түскен. Бұл әулеттің отағасы – марқұм Уәли Мерғалиұлы кезінде ферма меңгерушісі қызметін атқарған азамат-тұғын. Отбасындағы бес баланың бірі – Саматқа тұрмысқа шығып, өнегелі ене тәрбиесін де көрді. Енесі Жұмағалиева Сахила Омарқызы – ардагер ұстаз, еңбегі сіңген мұғалім. Екінші анасы жеміс-жидектің дәнін егіп, содан өнім алатын нағыз бағбан. Бүгінде жасы ұлғайып, бұрынғыдай қарулы күш сарқыла келгенімен, оның өнегесі Роза Айсатқызына өмірлік азық. Оның жеміс дәнін егіп, өз қолымен отырғызған талдары мол өніім беретін алып терекке айналған. Қарапайым, еңбекқор, дәулетті жандар Шежін ауылында тірлік кешкен кездерінде өзен жағасына бау-бақша салатын. Бүгінде өз нағашылары мен қайын жұртынан жұғысқан бағбандық оның да бау-бақшаға ынтызарлығын оятты. Ауладағы мол өнім соның көрінісі. Өзара сыйластықтары көптің ризашылықтарын тудыратын қарапайым еңбекқор жандар құс өсіріп, оның жұмыртқасын сатып игілігін көруде. Бақшада көкөніс, жеміс-жидектер өнімдерін бере бастаған. Алма, өрік, шие, жүзім, қарақат, шабдалы – ас дастарханына түсіп, одан компот, тосап қайнатылса, сәбіз, қияр, қызанақ, қырыққабаттар тұздалып, салат жасалып, қысқыға дайындалуда. Биыл бір-біреуі жұдырықтай сарымсақ жақсы өнім беріпті.

6936794E-EA3B-42D7-9FEB-63B2A1438B48

Өтешевтер жанұясында үш бала өмірге келген. Тұңғыштары Азат Мәскеуде тұрады. Отбасылы. Мамандығы экономист. Ата-анасына Эмилия атты сүйкімді немере сүйгізіп отыр. Азамат 7-ші, ал бұл шаңырақтың кішкентайы – Мәдина 3-сынып оқушысы.  

Қос ұстаз еңбегін аудандық басылым арқылы көрсетіп, өзгелерге үлгі ету – басты ұстаным. Малдары далалық жерлерде жайылыста. Аулада қазы мен тауығы бар, құтты шаңырақ иелері мұның бәрі шынайы еңбек арқылы келгенін жасырмайды.

Гүлнар Тасболатқызы,

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале