Елімізге жаман індеттің келуімен біраз шектеулердің орын алғандығы белгілі. Шекараның жабылуы азық-түліктің де бағасының өсуіне әкеліп соққаны жасырын емес. «Қызыл аймаққа» енген уақыттардан бастап тамақ төңірегіндегі әркімнің алып-қашпа әңгімесі де жан жақтан әртүрлі пайымдалған болатын. «Астық, секер бағасы 2-3 есе шарықтайды деп жатыр. Мөшегімен алып қою керек. Енді жол жабылса, жейтін нан да табылмайды» деп алаңдаған жұрттың қарасы көбейіп, дүкендерде кезекке тұрудың өзі мұң болған карантиннің алғашқы кезін де бастан өткердік. Содан бастап қымбаттаған азық-түлік бағасына тиын-тебен там-тұмдап қосылып келеді.
Қазағымның «Үш күнде көрге де үйренесің» дейтіні бар емес пе еді, қымбатшылыққа етіміз үйренгені соншалық, іштей сары уайымға салынып жүрсек те, дабыра қылмай, даусымызды бәсеңдетіп, төрт құбыласы сай, көңілі жай адамдай сабырлы қалпымыздан танбаймыз. «Көппен көрген ұлы той» демекші, «Не де болса, халықпен біргеміз» деп жүрген бір-бір адам...
Иә, әлеуметтік маңызы бар тұрмыстық тауарлардың бағасы жылдан-жылға өсіп, киім-кешекті айтпағанның өзінде азық-түліктің бағасы аспандап тұрғаны шындық. Қаймана халық не істерге білмей, айлығын ішер асына әрең жеткізіп, «шықпа, жаным, шықпа» деумен келеді. Қоңды адамдар малына сүйеніп, отбасында асыраушысы бар, ақылы қызмет ететіндер еңбекақыларына қарап отырса, үйінде табыс көзі жоқ, кіріс кірмейтін отбасылар өлместің күнін кешіп, сүйретіліп, жан бағып жүр...
- Мен ақылы қоғамдық қызметте істеймін. Қолыма алатын табысым - 38 мың. Ол ақшадан тек қана газ бен светімнің ақшасын толық төлеймін. Қалған ақша айға алатын астығыма жетсе, тамағыма жетпейді. Дүкендерде тамақ күннен-күнге қымбаттап бара жатыр. Адам болғаннан соң, тамақ ішіп, әл жинау керексің. Менің табысыма қарап отырған балдарым, немерем бар. Керек-жарақтарын алудың өзі мұң болған кездер де бастан өтті ғой. Оларды асырау – парызымыз болғандықтан, қолдан келген нәрсені жасадық. Жолдасым жұмыссыз кезде қатты қиналғанымызды несіне жасырайын?.. Жақында жолдасымды тұрақты жұмысқа қабылдап, жағдайымыз бұрынғыдан шүкір болып келеді. Бірақ бұл жағдай менің ғана басымдағы жағдай емес. Көбінің басында болып жатырған жайт. Бәрі де отбасын асырау үшін тыпырлап еңбек етіп жүр. Қымбатшылықтан қиналып жүрген жандар жетерлік. Ішерге ас, киерге киімі жоқ, тіпті, баспанасы құлайын деп тұрған, үйсіз, пәтер жалдап жүрген, жағдайы өте нашар, балалары көп отбасылардың бар екенін білемін. Менің жағдайым олардың қасында шүкір ғой деп сабыр етемін. Тіпті, ескі Сакко жақта тұратын бір танысым жыртық-жамау үйде жалғыз өзі тұрып жатыр. Ол да еріккеннен жүрген жоқ қой. Жағдайы солай болып тұр. Енді қайтсын, - дейді өз жағдайымен қоса, айналасындағы тұрмысы төмен отбасылардың жағдайынан хабардар еткен Жаңақала ауылының тұрғыны Нұрсұлу Жұмағалиева.
Азық түлік бағасы тұрақтанса екен
Көшедегі қай-қай адаммен тілдессек те, бәрінің айтатыны – бір әуен, елдегі қымбатшылық мәселесі. Осы мақаламызды жазуға кіріспес бұрын дүкендерді аралап, халықтың күнделікті тұтынатын әлеуметтік азық-түліктердің бағаларын салыстыра шолып шыққанымызда азық-түлікке әр дүкенде әртүрлі баға қойылғанын көрдік. Мысалы «Сабен» мини маркетінде жоғары сортты астық бағасы (Белес) – 10 мың болса, «Тілек» дүкенінде – 9900 теңгеден, «Болашақ» дүкені – 9800, «Асланбек» дүкенінде – 10 мың, «Дана» дүкенінде де 10 мыңды ұстап тұрғандықтарын айтты. Ал «Ас атасы – нанның» да бағалары көбінде 160-тан сатылса, «Мәрлен» 180 теңгеден, «Дана» дүкені қаладан келетін нанның бағасы мен қолдың нанына аздап қосып, 160/170/180 теңгеге қоятындықтарын білдік. Картоп бағасы барлық дүкендерде 230 теңгеден болса, сәбіз бағасы «Дана» дүкенінде 190-нан басталып, 210 теңгеге дейін көтерілсе, басқа дүкендердің бәрінде 220-230 дан аспады. Пиязды 110-120 теңгенің аралығында алуға болады. Макарон өнімдері де ең төменгі бағасы 500 теңгеден (2 келі) басталып, 600 теңгеге дейін көтерілсе, 5 келілік рожкилер сұрыпына қарай 1300, 1350, 1480, 1580 ге дейін кете береді. «Дана» дүкені күріш бағасын келісіне 240-250 теңгені ұстап тұрса, қалғандары 280, 290, 300 теңгені қойып қойған. Күнбағыс майы да литрлігіне 750 теңгеден ұстап, 5 литрлігіне 3570, 4050, 4350 теңгеге дейін көтерген. Құмшекер бағасы 315, 320 теңгеден екен. Сүт бағасы «Асланбекте» 220-240 теңге, «Болашақта» 230-240 теңге, «Данада» 3,2 пайыздығы 210-220, 6 пайыздығы 230-250 теңгені көрсетті.
Дүкен иелерімен бағасы жөнінде сұрап, тілдескенімізде бірі қаладан тасыған тауары үшін шыққан шығынын есептеп қойылатынын айтса, бірі қаладағы көтерме сауданың да қымбаттағанын жеткізді, енді бірі дүкенінің жалға беру ақысының қымбат екенін бұлдайтынын, бірі «жеке кәсіпкер ретінде қандай баға қойсам да өз еркім деген» уәжін алға тартты. Ал аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Светлана Сәрсенбайқызына қызметтік хат жолдап, сауал тастағанымызда, мынадай жауап ала алдық:
- Азық-түліктің қымбаттауының себебі – доллар курсының көтерілуі, мемлекеттік қадағалау қызметі бағасының (ГСН) көтерілуі, төлем мақсатының коды логистикасының қымбатсып кетуі. Сонымен бірге өнімдерді тасымалдау қымбатқа шығады. Біздер қазір төлем мақсатының кодына (КНП) ешқандай тексеріс жүргізе алмаймыз. Себебі шағын кәсіпкерлікті дамыту қорында қазір мараторий. Халық бізге келіп, жүгінсе ғана дүкендерден бағаның көтерілу себебін сұраймыз. Қазіргі кезде ауызша ғана мониторинг жасап отырмыз. Бағаны тексеруге біздің құқығымыз жоқ. Себебі шағын кәсіпкерлікті дамытуды, шағын және орта бизнесті қорғайтын Заң күшіне енген. Оларға тексеріс жүргізе алмаймыз. Күні бүгін бағаға мониторинг жасадық, 10 пайыздан жоғары қосылған болса, түсіндірме жұмысын жүргіземіз. Бірақ біздің «қоспа» деп айтуға құқығымыз жоқ. Біздердегі дүкендер тауарды Оралдағы көтерме базардағы бағамен жүк көлігіне тонналап тиеп алады. Бензин де, басқасы да қымбатсыған соң бәрі де пайдасы үшін қосады, сондықтан көтеріліп жатыр. Ол тек қана біздің Жаңақаладағы жағдай емес қой, жалпы Қазақстан бойынша баға осылай. Себебі азық-түлік шетелден келеді. Қазіргі вирусқа байланысты Қытай мен Ресейдің шекарасына кіре алмайды. Сондықтан тапшы тауар болғандықтан бағасы да көтеріледі. Оның себебі біреу емес, көп. Қазір біздер жағдайды өзгертіп отырмыз. Кәсіпкерлік маманға инспекторлық өкілеттік берейін деп жатыр. Бірақ ол аудандарға әлі келген жоқ. Тек облыстағы қалалардан бастап отыр. Себебі кәсіпкерлікті тексеру үшін біздер бас прокуратура жанындағы ЦПСИ басқармасынан рұқсатынсыз ешқандай да субъект, объект тексере алмаймыз. Осы жоба өтетін болса біздер ертең ЦПСИ-ге тіркеліп, жоба тексерісін жасаймыз. Бірақ 2022 жылға дейін мараторий жарияланып тұр.
Біздің берген мәліметіміз «Aqjaiyq» ӘКК» АҚ-нан алынған баға. Онда 19 маңызды тамақ тізімі бар, біздер тек соны ғана қадағалаймыз. Біздегі кәсіпкерлік маманы 9 округ бойынша бағаны жинап, мониторинг жасап отырады. 9 округтан келетін баға 9-ға бөлініп, орташа баға шығады. Біздің аудандағы баға онша жоғары емес. Басқа аудандарға қарағанда ауданымыз жасыл аймақта. Тауарларына дүкендерде бір-бірімен бақталастық бар болғандықтан орташа баға қалыптасқан. Ал қызыл аймақтағылардың тауарлары өте қымбат. Ірі дүкендер ғана қаладан тасымалдайды да, шағын дүкендер ауылдағы көтерме саудадан алып, өздері қосып сатып отыр. Жалпы, ауданымыздағы үлкен екі дүкенге сауал тастағанда олар 10 пайыздан артық қоспайтынын жеткізді, - дейді өзінің жауабында кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы С.Сәрсенбайқызы.
Түйін
Жаңақала ауданындағы азық-түліктің бағасы осылайша өсіп отыр. Азық-түліктің қымбаттауына тағы бір себеп жалақы мен зейнетақының да өсуі де себеп болып отырғандығы жасырын емес. Осы орайда айта кетейік, кәсіпкерлер де қара халықтың жағдайымен санасса деген тілегіміз бар. Жұмыссыз жүрген немесе аз еңбекақы алатын, тіпті тұрмысы өте төмен жанұялардың да бар екендіктерін, қалтасының жұқалығын да ескерген жөн. Дүкендердегі азық-түліктің бағасы бұдан жоғары көрсеткішке жетпей, тұрақтанса деген ниет біздікі. «Бітіспес жауымыз болса да қайта-қайта шауып алуымыз ұят болды-ау!» - деген екен баяғыда өзінің жеңісіне сенімді, қол бастаған бір батыр жауға атттанып бара жатып. Сол айтқандай қымбатшылық туралы жаза беру де ыңғайсыз екен. Жазбайын десек, жұрттың жанайқайы мен олардың алдындағы журналистік парызымыз міндеттейді. Біздің билік бір оң өзгерістер жасамаса, бұл тақырыпты әлі де талай жылдар жазатын шығармыз, басқа амалымыз жоқ...
Құндыз Қадырбаева,
Жаңақала ауданы
zhaikpress.kz