5.09.2022, 17:11
Оқылды: 226

Қырмандағы қызыл бидай

Ауыл шаруашылығы ел экономикасындағы негізгі сала екені белгілі. Соңғы 5 жылда Қазақстандағы ауыл шаруашылығы өнімін өндіру 1,4 есеге ұлғайған, яғни айтқанда ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді. Елімізде биылғы жылғы ауыл шаруашылығы дақылдарының егіс алаңдары 22,9 млн.га астам жерді құрайды екен. Бұл 2021 жылғы деңгейден 13,5 мың га көп.

7

Жерді игеру сияқты игілікті іске біздің Бөрлі ауданы шаруа қожалықтарының қосып отырған үлесі зор. Аудан бойынша 272 ауылшаруашылық құрылымы бар. Оның 100-ден астамы мал шаруашылығымен айналысады. Қалғаны ауыл шаруашылығының үлесінде. Жылдан-жылға жаңа технологияларды меңгеріп, ауыл шаруашылығын заманауи жолмен игеруге талаптанушылардың саны артуда. Солардың бірі де бірегейі - Ақсу ауылдық округінде орналасқан «Достық Қоныс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі.

Серіктестік өз жұмысын 2020 жылы арпа, бидай, мақсары себумен бастаған. Биылғы жылыда 2000 га жуық жерге егін егіп, 27 адамды жұмыспен қамтып отырған серіктестікте қазіргі таңда жұмыс қызып тұр.

«Арпа, бидай ас екен..»

Ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметі бойынша, аталған шаруашылық егілген жаздық арпадан 16,5 центнер өнім жиналған. Қазір диханшылар жаздық бидай мен мақсарыны жинауда. Жақсы өнім аламыз деген жоспарлары да алдамайтын сияқты. «Жаздың әр күні қысқа азық» дегенді ұстанған серіктестік адамдары әр күнді тиімді пайдалануға тырысуда. Қазір дала төсінде сол шаруашылықтың комбайндары мен тракторлары жұмыс істеуде. Еңбек озаттары ретінде комбайнерлер Ермек Ықласов, Азамат Жумиев, трактор тізгініндегілер Сергей Ермолчев пен Қуандық Ниазалиев, Данияр Айсағұловтардың аттары үлкен ризашылықпен аталды.  Әсіресе шаруашылықтың бас агрономы Төлеуғали Мұқановтың еңбегі зор. Егістікте астық жинаумен қатар жер жырту жұмыстары да қатар жүргізілуде екен. Дегенмен қырмандағы қызыл бидай көзіме оттай басылды. Жаздың жарқын күндерінде еңбек көрігін қыздырғандарға қызыға қарап тұрып, Кеңес үкіметі кезінде отанға миллион тонналап астық тапсырған, еңбегі ерен алдыңғы буын ағалар еске түсті. Бүгінде естелік болып қалған егін ору, қызыл қырман ойға оралды да, "Енді бұл өнімдерді қайда апарады, кімге сатады?" деген сұрақ мазалады.  Өнімді сату, өткізу жүйесі әлі қалыптаспағаны белгілі ғой.

6

«Ең бастысы - өнім өндіру» 

«Ең бастысы, ешкімге жалтақтамай, ешкімге тәуелді болмай, өзіміздің өнім өндіру. Өзімізді-өзіміз қамтамасыз етуге тырысу. Мал бағу, егін салу біздің қолымыздан келген. Келеді де» – деді бізбен қырман басындағы әңгімесінде «Достық Қоныс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Ернияз Төлебаев. «Серіктестікте 5 астық қоймасы бар. Біреуінде тұқым сақтаймыз, екіншісі астық қалдықтарына арналған. Қалған үшеуі арпа, бидай, мақсарыға арналған. Дәл бүгінгі күнге 108 тонна арпа тұқымын дайындап қойдық. Әлі де тазарту жұмыстары жалғасуда. Ал өнімді өткізу оңай болмайын деп тұр. Маған салса, өзіміздің ауданнан диірмен ашып, ұнмен өзімізді-өзіміз қамтамасыз етсек дұрыс болатын еді. Бұл менің ғана ойым емес, барлық шаруа қожалықтарының басшыларының ойы. Бастысы, елде бар болсын. Аудандық, облыс әкімдіктері қолдау көрсетіп, әркез жағдайымызды біліп тұрады. Дайын өнімді өткізуге де қол ұшын береді деп сенемін.  Ауыл шаруашылығы бөлімдерімен бірлесе отырып, өнім өткіздің тиімді жолдарын қарастыратын боламыз».

 Келер жыл бұдан да өнімді болмақ

Серіктестік келер жылы қанатын бұдан да кең жаймақшы. Сағымды далада астық орып, сабан жинап жатқан олар, тағы да біршама дәнді дақылдар егеміз деген жоспарын алдымызға жайып салды. Оған мүмкіндіқтері, яғни айтқанда күш-қуаттары мол жеткендей. Мені егілген егіс пен жиналып жатқан өніммен бірге серіктестіктің техникалық жағдайы қуантты. Жоғарыда аталған комбайн, тракторлармен бірге ауыл шаруашылығы техникалары сақадай сай сапта тұр.

Барлық игіліктің иесі адам

Бүгінде ауыл шаруашылығына да, мал шаруашылығына да жұмысшы табу қиын деп жатады. Әсіресе, вахталық әдіспен жұмыс жасайтын кен орындары бар біздің батыс өңірінде. Сондықтан бірінші кезекте жұмысшылар, олардың жай-күйі туралы білгім келген. Қарқынды жүріп жатқан құрылыс жұмыстары да қызықтырып барады. Бұл турасында «Достық Қоныс» ЖШС  директоры Е.Төлебаев былай дейді:

«Жұмысшы табу қиын екені рас. Аудандық жұмыспен қамту бөліміне сұраныс беріп отырамыз. Ол жақтан далаға жұмыс істейтін едім деп сұранып келе қойған ешкім жоқ. Осы  жерде ауыл әкімі Ғарифолла Өтепбергеновтің ұйымдастырушылық жұмыстарының көп көмегі тиіп отырғанын айта кетейін. Жұмысшылар үшін 3 екі пәтерлі тұрғын үй салу жоспарда бар болатын. Соның біреуі бітіп, пайдалануға берілді. Екіншісі салынуда, кеңсе үйі, асхана бар. Одан қалса далалық дәнекерлеу цехы жұмыс жасайды. Комбайн, тракторларға арналған гараж, шеберханалар бар екені онсыз да түсінікті болар. Тракторист, комбайн жүргізушілердің айлық жалақысы 220-350 теңгеден. Жәй жұмысшылардың жалақысы 120-150 мыңнан басталады. Су, жарық бар. Судың бір скважинасы жұмыс жасайды. Негізі тағы 4 су  скважина қазуды жоспарлап отырмыз. Жалпы, жұмысшыларға барлық жағдай жасалған».

Дала төсінде қайнап жатқан жұмыстарды санамалап тауысу мүмкін емес сияқты боп көрінді маған. Айтылғанның бәрі жазғы далалық жұмыстардың бір парасы ғана.

5
Айтпақшы, екі арнайы сиыр қорасын көзім шалды. Менің үнсіз сұрағымды бірден түсінген сол серіктестіктің бірінші орынбасары Брманов Махамбет былай деп жауап берді: «Мал шаруашылығымен де айналысқымыз келеді. Ол үшін жем-шөбіміз дайын екенін көріп тұрсыз. Енді біздің жоспарымыз бойынша жақын арада 250 бас асыл тұқымды қазақтың ақбас сиыры мен 100 бас асыл тұқымды «қазақтың жабы жылқыларын» алмақшымыз. Ол туралы сәл кейінірек», - деді.

Қайнаған қызу жұмысқа қарап тұрып, мен «еңбек деген байлық бар, ерінбеген жететін» деген мақалды іштей қайталап тұрдым.

Дариға Нұрашова,

Бөрлі ауданы

zhaikpress.kz

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале