23.06.2020, 16:33
Оқылды: 71

«Қырық жыл тапжылмай еңбек еттім»

Ұстаз – ұлы есім. «Ұстаз болу – өз уақытыңды аямау, өзгенің уақытын аялау», – деп француз ойшылы Жан Жак Руссо айтпақшы, ұстаздардың еңбегі ерен. Шәкірт санасына білім нәрін сеуіп, ел болашағының мықтыларын оқытып шығару – кез келгеннің қолынан келе де бермейді. Ұстаз болу – шәкіртке ата-анасындай тәрбие беру. Сол айтқандай, Тасқала ауданы Мереке ауылындағы зейнеткер ұстаз Айша Қиматова бүгінде жетпіс жасқа толып отыр.

0A76B4BA-B84C-46BF-A3A7-580E9951467E

Аудан орталығынан «Nur Otan» партиясының бірінші орынбасары Люция Әсетқызы ардагер ұстазды қолына гүлі мен алғысхатын алып құттықтай барды.

Қазақтан шыққан қоғам қайраткері, ғалым Ахмет Байтұрсынов «мұғалім – мектептің жаны» деп бағалаған. Осыдан-ақ ұстаз деген ұлы есім екенін талассыз аңғаруға болады. Қай заманда болсын, ұстаздарға құрмет жоғары болған. «Тамшысымен тас тесетін бейнебір су тәрізді» (әл-Фараби) жандарға ілтипат таныту – адамгершілігіңнің ілгері басуының бір қадамы.

- Біздің әулетіміздегілердің барлығы да мұғалімдік жолын қуғандар. Әкеміз мектеп директоры болып қызмет атқарды. Кейін зейнеткерлікке шыққаннан кейін ол кісінің орнын ұлы басты. Шыны керек, біз ұстаздар әулетінен болғасын ба, басқа мамандықты таңдауды тіпті ойламаппыз. Мереке жалпы білім беретін орта мектебінде тапжылмай 40 жыл еңбек еттік. Алға да шықпай, артта да қалмай көп ұстазбен бірге иық тіресе жүріп, шәкірт тәрбиелеп шығардық. Оқушыларым кейде алдымнан шыға қалса, амандық, саулық сұрасып, рахметін жаудырып жатады. Біз секілді ардагер ұстазға содан артық не керек?! Шәкірттеріме дән ризамын. Олардың бір шеті Ленинградта, Мәскеуде, Орынборда өмір сүріп жатыр. Осы ауылға келгенде арнайы соғып кететіндері де бар. Екі ұл, бір қызым бар. Немере-жиендерім бар. Аллаға шүкір, үбірлі-шүбірлі болып отырған бақытты әжемін. Менің жолымды қуып, ұстаз боламын деп балаларым айтпағасын, мен де оларды үгіттемедім. Бәрі де өздерінің қалаған мамандықтарын алып, жолдарын тапты. Қиматовтар әулетін барлығы да біледі. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» демей ме, балалармен жұмыс жасағанды жаным қалайтын. Әкемнің директорлық қызметін ағам жалғастырған кезде, мен де жоғары оқу орнын бітіріп, осында мұғалім болып орналастым. Бастауыш сыныптың мұғалімі болдым. Талап Кәрімұлы үйде ағам болғанымен, мектептің ауласына кіргеннен бастап тәртіп басқаша болды. Маған қатты ыссы болды. Басқалары бүлдірсе де, жазалауды менен бастайтын. Бір күні ұжымға қан алуға мамандар келді. Егер қан тапсырсаңыз, жұмыстан екі күнге демалыс береді дегенді естіп алып, жұмыстасым Сәуле екеуміз қан тапсырдық. Сондағы ойымыз екікүндік демалысты пайдаланып, Орал қаласына барып келу еді. Ол кезде жаспыз. Қан тапсырып, рұқсат қағазымызды (справка) алып мектепке келсек, Талап Кәрімұлы «сіздерді мен босатқан жоқпын» деп жібермей тастады. Ағамыз сөйтіп бәріне бірдей тәртіп ұстанатын еді. Ол кезде бала саны көп болатын. Бір сыныпта ең кем дегенде 25-30 оқушы оқитын еді. Менің сыныбыма балалар көп келетін. Ұжымымызбен тату-тәтті араласушы едік. Жұмыс өтілімді толтырып, 56 жасымда зейнетке шықтым. Одан кейін де азын-аулақ қызметтер атқардым. Бір кездері бастауыш сыныпқа математикадан сабақ беруге ұсыныс жасады. Бір ерекшелігі, бастауыш сыныпқа барлық пәннен сабақ беруің керек екен. Тек қана бір пәннен оқытып, кетіп қалған көңіліңнен шықпайды екен. Ал барлық пәннен сабақ берсеңіз, ол ерекше сезім. Біз соған үйреніп қалған едік. Кешікпей математикадан сабақ беруді де доғардым. Жалпы, ұстаздық өміріме ризамын. Шәкірт тәрбиелеп, олардың адам болғанын көру біз үшін үлкен бақыт, – дейді зейнеткер ұстаз Айша Кәрімқызы.

Жарқын естеліктерімен бөліскен ардагер ұстаздың көңілі көтеріңкі көрінді. Әрдайым елдің амандығын тілеп отыратын ақ жаулықты анамызды құттықтап барушылар көп екен. Бірі шәкірті болса, бірі тума-туыс, дос жарандары. Тәуелсіз еліміздің болашақ жастарын оқытып, білім нәрімен сусындатқан Айша Кәрімқызының келген жасы құтты болғай! 

Темірболат Әнуарұлы

Тасқала ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале