Қазақта ақыл-парасатымен, тапқырлығы және тәрбиесімен, дуалы сөзі, дара мінезімен әлі күнге дейін ел жадында жатталған аналар аз емес. Сонау сақ дәуіріне көз жүгіртсек, қазақ әйелдерінің ақылымен ел билегенін ғана емес, айбатымен жауға шапқанын да аңғарамыз. Олардың ұрпақ тәрбиелеп, бүтіндей бір әулеттің бейнесін қалыптастыруда алар орны орасан. Абыз аналардың көш басында тұрған – Домалақ ана, Есім ханның жорықтарына қатысып, жау қолынан қаза тапқан – Ақбикеш ару, ел арасында «Күй анасы» атанған – Дина Нұрпейісова, сонымен қатар Бегім, Зере сынды аналар соның дәлелі.
Бүгінгі уақытта да ер-азаматтардан қалыспай, қажырлы жұмыс істеген аналар да, әйелдің үй мен түздің тірлігін қатар алып жүре алатындығын байқатқандай. Иә, қазіргі қоғамда «Ер – түздікі, әйел – үйдікі» деп бір жақты пікір айтып отыра алмаймыз. Өйткені, бүгінгі әйел бейнесі – іскер, басшы, қызметкер сынды лауазыммен толыққан. Олар бала тәрбиелеп қана қоймай, кәсіп ашып, оны дамытуға қабілетті. Бүгінде ақ жаулықты аналардың да жетістікке жетіп, табысқа кенелуіне, сондай-ақ талай-талай асу алып, биік белесті бағындыруға білімі мен білігі жеткілікті. Демек әйелдердің қазіргі қоғамда атқарар рөлі зор.
Бір сөзбен айтқанда, өңірімізде әйелдер арасында кәсіпкерлік дамып келеді. Қаншама аналар заман талабына сай өздерінің сүйікті ісін кәсіпке айналдыруда. Біз отбасы, бала тәрбиесі, сондай-ақ бизнесті қатар алып жүрген жандардың бірі Анар Қайрекеновамен сұхбаттастық.
Ол 1984 жылы Қаратөбе ауданы, Аққозы ауылында дүние есігін ашқан. Мектепті 2000 жылы тәмәмдап, Орал гуманитарлық колледжіне оқуға түскен. 2003 жылы бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша дипломға ие болды. Туған жерінде 2003-2004 жылдар аралығанда еңбек етті. Дәл қазіргі таңда Подстепный ауылының тұрғыны.
-2017 жылы жолдасым о дүниелік болып, балаларымның қамы үшін деп жұмысқа шықтым. Подстепный ауылының кәсіпкері Майра Исенованың «Мерси» деген кафесінде аспаз болдым. «Қосымша табыс көзі болсын» деген оймен, ютуб әлеуметтік желісінен құс өсіру жөнінде мәлімет жинап алып, кейін аталмыш шаруашылықпен шұғылдануды құп көрдім.
Ең алдымен үй жағадайында инкубатор жасап алдым. Кәдуілгі 60 ваттық шамның астына қорап қойып, оған 20 жұмыртқа салдым, содан 18 балапан өсіп шықты. Сөйтіп жүріп, «Мерсидің» иесі Майра Қуанышқызынан «Атамекен» бағдарламасы хақында естідім. «Кәсіпкер болсам» деген мақсатпен «Атамекен» орталығында оқып, қайтарымсыз қаржы мен сертификатқа қол жеткіздім. Қаржыны алғанша босқа отырмайын деп, қолымдағы бар ақшаға 30 үйрек алып бақтым. Содан соң бұлардың қатарына тағы да 30 қаз, тауық қосылды. Одан әрі мемлекет берген қаржыға 300 бройлер балапан алдым, – дейді Анар Қуанышқалиқызы.
Жалпы, құс, соның ішінде тауық атаулыны өсіру қазақ үшін жат дүние емес. Алайда «қандай тауық өсіру керек және оны не үшін өсіреміз?» деген мәселеге келгенде, бұл туралы көп ойланып жатпайтындығымыз рас. Ал, негізінде, осы істі кәсіп ретінде қарастыратын болсақ, тек тауық өсірумен ғана өз жағдайыңызды түзетіп алуға болады екен. Мамандар соның ішінде, әсіресе, бройлер тауығын өсірген пайдалы деп отыр. Өйткені, бройлер – тез өсіп жетілетін, еті жұмсақ та дәмді болып келетін, азықтандыру шығындары оны өсірушіге неғұрлым арзанға түсетін тауық түрі. Әдетте бройлер тауығын 6-9 аптаның ішінде, салмағы 1,5-2 килоға жеткен кезде сойып, пайдаланады. Бройлер еті диеталық тағам түріне жатады. Оның етінің құрамында 22,5 пайызға дейін ақуыз болады. Бұл ақуыздың 92 пайызы адам денсаулығы үшін өте пайдалы амин қышқылдарынан тұрады екен.
Айтпақшы, кейіпкеріміз құсты өсіріп қана қоймай, оған қажетті шаруаларды өзі атқарып жүрген шебер. Мәселен, құстың су ішуіне ыңғайлы ыдыстарды ғаламтордан қарап алып, құрастырып алады. Инкубатордан шыққан балапандарды кептіріп, содан соң брудерге орналастыруды да үйренген. Осы брудер де өзінің туындысы. Қыс мезгілінде құстарға гидропоника тәсілімен көк шөп өсіріп отыр.
-Қай істің де оңайы болмайды. Құс шаруашылығын дамыту үшін де қосымша қаржы қажет, өйткені оның жемі, қажетті дәрумендері бар. Сол себепті дәл қазіргі уақытта үйден бәліш, самса және басқа да түрлі тағамдар пісіріп сатамын. Тамақ демекші, өзім Подстепный ауылындағы Теректі колледжінің аспаз бөлімінде білім алудамын. Бұйырса биыл аяқтаймын,- деген Анарды тыңдап отырып, оның жан-жақтылығына таң қалдым. «Әйел – қырық шырақты» деген осы! Үш балам бар, үлкені Орал қаласындағы «Мақсат» медициналық колледжінің студенті, 3 курсында. Қызым Алматыда, Абай атындағы университетте 1 курс оқып жатыр. Он бір жасар кенже балам денсаулығына байланысты үйден оқиды, – дейді жалғызбасты ана.
Анар Қайрекенова биыл Тәуелсіздіктің 30 жылдығымен қатарлас Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығының құрылғанына 25 жыл толуына орай облыста өткен «Еңбегі жанған арулар» форумында «Қайсар ана» аталымына ие болды. Ол БҚО әкімінің орынбасары Б.Нарымбетов, БҚО іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Ж.Төремұратованың атынан марапат алды.
Мінекей, қолға алған кәсібін одан әрі дамытып, бастаған істің аяқсыз қалмауын қадағалап, әр ісіне тыңғылықты қарап, балаларының жағдайын жасап, кәсібін нәсіп етіп отырған Анар Қуанышқалиқызы осындай жан!
Самал Жамет,
Теректі ауданы
zhaikpress.kz